Жарнама
Қоғам

Дендертас

12-13 2«Ерте, ерте, ертеде» дейтін бір замандарда қазіргі Индер ауданындағы (жергілікті жұрт «Дендер» дейді, аудандық газеті «Дендер» аталады) Жамантау баурайында қалың ел, мыңғырған мал болады екен. Адамдардың жағасы жайлауда, мамыражай бір кезең. Бұл Жамантау дегеніңіз сонау Ресейдің Орал тауының сілемі, ол бірте-бірте аласара келіп, осы Дендер өңіріне келіп тәмамдалады. Жергілікті халық кейде бұл тауды «Дендертау» деп те атайды. «Дендер» деген атау қалмақтың ба, әлде моңғолдың ба, әйтеуір біреуінің «төбе, биіктік, қарауылтөбе» деген сөзінен шыққан екен дейді. Соған қарағанда, қазағымыздың табаны тигенше бұл аймақ талай құқайды басынан кешірген кейіпте. Содан бақсақ, бұл аңыздың түпкі төркіні атақты батыр Жиембет жыраудың «Жотасы биік, Дендерім» деп жырлаған дәуірінен де әріде жатыр…
Бірде осы елдің атақты бір байының ЖауҺар атты қызының отауының сыртына біреу дүбірлете келіп, атын мама ағашқа асығыс-үсігіс байлай салып, киіз үйге тосыннан кіріп келеді. Ол заманда сырттан келген жолаушының ат үстінде тұрып «ау, хабарласатын кім бар?» дауыстау дәстүрі бар екен. Мына жігіт оны да сақтамайды. Іште қаннен-қаперсіз отырған қыз бала сасқалақтап, киініп те үлгере алмай қалады, әрі үйде жалғыз еді.
Қыздың алғаш аңғарып қалғаны жігіттің көз қаратпастай аса келбетті екені, сонымен бірге бұрыннан таныс емес үйге баса-көктеп келгенін қыз тіпті, батырлыққа да балап қалады. Өйткені, бай әкесінің бұйрығы бойынша жігіт түгілі, оған өзі құралыптас құрбыларының рұқсатсыз қатынасуы да оңай емес-ті. Жігіттің әлде білместігіне, әлде көргенсіздігіне ішінен шамдана тұрса да, шала-пұла қымтанып үлгерген қыз әдеп сақтап:
— Төрлетіңіз, — дейді де шыға жөнеліп, әкесіне жетеді. Әңгімені естіген әкесі бұрқ-сарқ ашуланып, «бұл қай басынғандық?» деп, жандайшаптарын шақырып алып, әлгі жігіт отырған қыз отауының сыртын қыл арқанмен шырматып байлатып, «керегені көтеріп тастай ма?» деп қауіптеніп, қазықпен әбден бекітіп, байлауда тұрған айғырын піштіртіп жібереді. Бұл байдың «қыз үстіне баса-көктеп кіргенді мен саған көрсетейін» деген емеуріні еді.
12-13 3Бір күн өтеді, жігіттен үн шықпайды. Екі күн өтеді. Күн болса ыстық. «Тым болмаса су сұрамай ма бұл міскін» деп енді байдың өзі қобалжи бастайды. Байлаудағы айғыр да ұшты-күйлі жоқ. Бай қыз отауының шырмауын жылдам шештіріп есіктен енгенде үйде ешкім жоқ екеніне таң-тамаша қалады және әлгі жігітпен тым болмаса тілдеспей, біліспей әп дегенде ашуға басқанына да өкінеді. «Жын ба, шайтан ба?» деп көңіліне күдік кіріп, қызынан қайталай сұрап, сенбестік білдіргендей де болады. Олай дейін десе айғырды піштіргенде өзі де жұртпен бірге қарап тұрған.
Осы күннен бастап қыз мінезіне күрт өзгеріс еніп, томаға-тұйық күн кешіп, азып-тоза бастайды. Күндіз-түні көз алдынан көркем жігіттің келбеті бір кетпей қояды. Қыз күрсінісі күшейеді. Бір күні түс көреді. Түсінде әлгі жігіт аян береді:
— Жауһар, сенің әкең жайлап отырған Жамантау жаман тау емес, заманның тауы.
Асты-үсті тұнған байлық. Оны алуға сенің әкеңнің өмірі жетпейді, көңілі тар адам екен. Енді оның бұрынғы бар заманы зар заман болады. Елің алдыңдағы алтын заманға жеткенше талай тайғанақтан өтеді, оған сенің ғана атың жетеді. Мен Мәтен деген әулие едім, саған әулиелік дарытқалы келіп едім, әкең кедергі болды. Бірақ, саған ертелі-кеш бұл қасиет қонады, сен енді әулиелік жолға түсесің. Саған әкеңнің байлығының еш қажеті жоқ, сен еліңе, жеріңе қызмет ет, ауырғанды емде, алдағыны болжа, жеріңнің қадір-қасиетін сақта, қазағыңнан басқаға таптатпа, байлығын тәрк еткізбе. Сенің әр лебізің, әр қимылың, тіпті, көз жасыңа дейін халқыңа пайда әкеледі. Сенің әулиелігіңе жұртты сендіру үшін тау басына түнде жанып, қасына адам жақындағанда қозғалып, қашып жүретін «дендер» атты ғажайып тас қалдырдым. Ол тасты сен әбден қартайғанда барып қолыңа түсіресің. Сол кезден бастап еліңде керемет заман орнайды… Заманның ниеті қарайса, Дендертас тығылып қалады. Заманың бұзылмасын!
Жауһар таңертең тұрған бойында Жамантауға бет алады. Қасына ерген құрбыларына көрген түсін айтып, кері қайырады. Артынан шауып келген әкесіне құстай ұшып жеткізбейді. Бойына бір қасиеттің шындап қонғанын сезген Жауһардың көкейінен баяғы сұлу жігіт кетпей қояды, күндіз күрсінеді, түнде түсіме кірсе екен деп тілейді. Көзіме бір көрінсеңші деп сұрайды. Қызды ғашықтық дерті әбден меңдеген еді. Қыларға амалы жоқ қыз диуаналық күн кешіп, ел ішінде айтқаны айдай келіп, болжағаны болып, қол ұшын тигізген ауру адам құлантаза жазылып, «Қыз әулие» атанып жүре береді. Әулиелігіне сенбегендерге «маған 12-13 4Дендертасты әкеліп беріңдер» дейді. Ел болып, түнде жанып, адам жақындаса қаша жөнелетін жарқырауық тасты ұстай алмай, ақыры өздері шаршап, қыздың кереметіне амалсыз ден қояды екен.
Бай әкесі бір жұтта бар малынан айырылып, байғұс халге түседі. Бұрын бір көлді тауысатын табын-табын жылқыдан тұқымдыққа ғана мал қалды. Бір шүкіршілігі, Қыз әулие өзінің ерекше қасиетімен ел шетіне жау кіргізбейді, бұқараның байлығын тау астына жасырып ұстайды.
Ғашығына көңілі жетсе де, қолы жете алмаған, елі мүлде жүдеген Қыз әулие бір күні бір төбеге шығып алып «мұндай әулиелік маған неге керек?» деп көкірегі шерге толып, еңіреп келіп жылайды. Біраз уақыттан кейін басын көтерсе алдында жарқырап айдын көл жатыр. Бұл Қыз әулиенің өзінің көз жасынан жаралған көл еді. Оның Күркіреуік, Сарқырауық деген бұлақтарынан құйылып жатқан суы мен балшығына Қыз әулие емдік қасиет қосқанда, ауру-сырқаулы жұрт жапырласып келіп, әлгі «Тұзбұлақтарға» шомылып жатты. Мына көрініске көңілі тоғайған Қыз әулие айналасына қараса, маңайы малға толып, елі еңсесін көтеріп қалғандай екен. Алақанында баяғы көркем жігіт Мәтен айтқан «Дендертас» жарқырап тұр! Жарқырауық тасты алақанына салып, жүгіріп келе жатып «Мәтен! Мәтен! Мен Дендертасты ұстадым!» деп қуанғаннан жүрегі жарыла айғайлады.
Жолында томпайып жатқан жатаған төмпешіктен бір қария шыға келіп:
— Мен мұндамын, Жауһар! Дендертасты еліңе шашу етіп шаш! Бұл байлығыңның нұры, бақытыңның жыры! — деді де жоқ болды. Қыз әулие құшағын жайған бойы оған қолы сәл жетпей тұрып қалды.
— Мен қайттім! Мен қайтемін, Мәтен?!
— Біздің өмір бойы бір-бірімізге қолымыз жетпеді, енді сен де менен қол созым жерден алыстама! — деген күңгірлеген дауыс естілді бейіт астынан.
Қыз әулие біраз аңырып тұрғаннан кейін Мәтен сәуегейдің айтқанын қалт еткізбей орындап, еліне дендертастан шашу шаша бастады. Дендертас таусылар емес. Бар жұртқа үлестіріп болдым-ау деген шамада өзі де барып, Мәтен зиратынан онша алыстай алмай, жер астына кіріп жоқ болды…
…Ерте заманда елін елжірей сүйген екі жас Жауһар мен Мәтен әулие атанып, олардың бейіттері қалың жұрт бас иетін қасиетті орынға айналды. Әне, анау көрініп тұрған төбе — баяғыда Қыз әулие тілек тілеген, кейін халқымыздың қадірмені Дінмұхамед Қонаев келіп қонақтаған төр, бүгінде «Димаштөбе» аталады. Анау жарқырап көрініп жатқан Қыз әулиенің көз жасы – атақты Индер көлі, жергілікті жұрттың тілімен айтсақ—«Тұзбұлақ».
Одан кейін Қазақстанда теңдесі жоқ «Мұзқұдық»! Бұл оқпан секілді табиғи құдыққа ешқашан күн түспейді, мұзы ерімейді. Жергілікті халық қай заманнан бері қажетіне жаратып келе жатыр! Аңыздың айтуы бойынша, бұл Мұзқұдық Жауһардың Мәтеннің енді таптырмайтынына көзі жетіп, көңілі мүлде суынғанда пайда болса керек!
Әріректе Мәтен бейіті, одан соң Қыз әулие жатыр мәңгі тыныстап. Содан тауға шығатын жолмен сәл көтерілсең, шығыс бетте мұқым қазақтың қайсар ақыны Махамбет пен саңлақ Сырым батырдың өзі бата алған Малайсары бидің мазары көзге шалынады. Осыдан Жайық бойына бет бұрсаң, алдыңнан қырық шақырымдай жерден арқалы ақын Мұрат Мөңкеұлы шығып қарсы алады!
Ал… Дендертас туралы. Аңыз бойынша Дендертастың көлемі аса үлкен болады екен. Соны тазалай келгенде ішінен қыз-келіншектерге сақиналыққа ғана жарайтындай жарқырауық тас шығады дейді. Сондықтан ел арасында:
«Дендертасты тапқан да бақытты, таққан да бақытты» деген сөз болған. Елдің Жамантауды жағалай қонуы да осы бақытты тасқа бір табан жақын болсам деген ниеттен болар, бәлкім… Бұл таудан Менделеев кестесіндегі кендердің 13 түрі шығады. Елі ешқашан кедейшілікке ұшырап көрген емес. Бұл сол Дендертастың әлі ашылмай жатқан кереметі десем, Тәңірі берген Тәуелсіздіктің алтын заманында Дендертас қайта табылып, еліне сөнбес нұр-сәуле шаша беретініне еш күмәнім жоқ!

Ел аузындағы аңызды
көркемдеп қағазға түсірген:

Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button