Жарнама
Қоғам

ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

Құмар Темірташев 1930 жылдың 10 мамырында  Есбол (бүгінгі Индер) ауданының Бөдене ауылында дүние есігін ашады. Әкесі Теміртас та 1942 жылдың фашист басқыншылары басымдық танытып тұрған қаралы күндері қан майданға аттанып, көз жұмған боздақтың бірі. Жалғыз анасына жәудіреп қарап, жүректері арысын жоқтап боздаған үнінен шайлығып 1 қыз, 4 ұл қалады. Міне, бұлар да үлкендердің қасы мен қабағын аңдап, олар нені меңзесе соны орындауға тырысып, алақандарын күстендіріп, бұғаналарын ерте бекітеді.

Ол сол кездегі іргелі білім ордасы – зоотехникалық малдәрігерлік институтына түсіп, 1952 жылы «жоғары білімді мал дәрігері» мамандығын алып шығады. Туған өңірге оралғандағы алдынан ашылған еңбек әліппесі – Гурьев ауыл шаруашылығы басқармасының сектор меңгерушілігі. Үстел басында қаздиып отырып, басшылардың «үйте сал, бүйте салы» жас маманның көңілін көншітпей, ол еңбектің қайнаған қызу ортасына қыңқылдай сұрануын әсте доғармайды. Ақыры 1953 жылы Есбол МТС-ның аға мал дәрігерлігіне қол жеткізеді.

Көзін ашқаннан ауыл тірлігімен ауызданып өскен Құмар Темірташев осы МТС-та болған екі жылдың өзінде сын көзінен жоғары баға алып үлгереді. «Мына баладан бірдеңе шығадылар» бұл жерде де айтыла бастайды. Содан да ол 1955 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының мал шаруашылығы жұмыстары жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Аталмыш лауазымда отырғанның өзінде ол пысықтығымен, орынды жерінде өткір ұсыныстар айтуымен көзге түседі.

Нәтижесінде 1962 жылдан бастап облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау басқармасының бастығы болған Құмар Темірташев облыстық  атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, хатшысы болған жылдарында да нағыз дер шағын, іскерлігін, алымдылығын танытады. Сол қоғамның қалаулылары мен атпал азаматтары оның жанарынан жалындап ұшқан отты байқамай қоймайды. Оның азаматтық келбеті, жалтақтығы жоқ дара болмысы облыс басшылығының сенімін арттырып, кадрлар тізіміндегі орны бірден жоғарыға шығады. Облыс билігінің тың ұсынысын хош көрген республика басшылығы оны ерекшелігі мол, іргелі аудан – Теңізге жіберу жайында бір тоқтамға келеді.

1973 жылдың шөп басын бозқырау шалған қоңыр күзінде аудандық партия конференциясының делегаттары Құмар Темірташевты аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлайды. Міне, сол күннен бастап 12 жыл үзбестен осы ауданның ыстығына күйіп, суығына төзіп, үлкен біліктілікпен аудан көшін алға жетелейді. Аудан экономикасы шұғыл қарқынмен өркендеу жолына түсіп, облысты былай қойып, атағы республикаға жеткен жұлдызды жылдары Құмардай басшының біліктілігі, алғырлығы арқасында мүмкін болады. Төрт түлігі төлінен өсіп, сан мың центнерлеп балығы ауланып, даласында егіні бітік өсіп, халқының «біз –теңіздіктерміз» деп сөз бастайтын еңселі жылдары Құмардай бірегей басшының арқасында жүзеге асып жатты. Сол өткен ғасырдың 70-ші жылдарының орта тұсында қоғамдық малды өз төлінен өсіріп бағудағы теңіздіктердің мол тәжірибесі республикаға таратылды.

Төрт түліктің қоңдылығын жібермей күйлі болуы, күткендей өнімдер беруі үшін теңіздің сулы да нулы қолтықтарына ондаған мал кешендері тұрғызылды. Сапалы мал азығының дайындалуы алдыңғы кезекке шығарылып, бұрын болмаған түрлі құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылды. Оның көпшілігін дерлік ауданның өз өнертапқыштары өмірге әкелді. Жастайынан қиындықтың шырмауына оралып өскен Құмар басшы осы күнде көп айтыла бермейтін адамдық факторды аузынан тастамай, қарамағындағылардан соны талап етті. Ірі-ірі мал кешендерін былай қойғанның өзінде әр малшының тұрақ орындарында жарығы жарқырап, моншасы істеп тұруы тиіс деп талап қойды.

Сол 70-ші жылдардың екінші жартысында мал, егін шаруашылығын одан әрі өркендету мақсатында «Партияның ХХV съезі атындағы» қой және «Көптоғай» көкөніс-сүт кеңшарлары бой  көтеріп, аудан басшысы Құмекеңнің білікті билігі, табан тоздырып жүруінің арқасында іргелі кеңшарлар сапынан ойып тұрып орын алды. Сол жылдары ауыл шаруашылығы саласында қарбалас тірлік ерекше қарқын алып Семей облысы, Шұбартау ауданы жастарының бастамасын қолдаған аудан жастары Балқұдық, Сүйіндік кеңшарларында «Ақбөкен», «Саралжын», «Нарын», «Ұшқын» және «Жалын» аталатын комсомол-жастар бригадаларын құрды.

Азғыр өңірінде бастауын алған бұл игі іс теңіз өресінде өз қолдауын тауып, «Коммунизм жолы», «Калинин», «Октябрь», «Көптоғай» кеңшарларында жалғасын тапты. Сөйтіп, бас-аяғы үш-төрт жылда сан мың бас қой малын иеленген комсомол-жастар бригадаларының саны 20-ға жетті. Құмекеңнің өзі бас болып жастар орталықтарын аралап, керек-жарақтарын түгендеттіріп, туындаған кейбір мәселелерін шұғыл шештіріп отыруды қаперінен бір сәт те шығармады. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде «Жайдарлы» бригадасы облыс, республикаға танымал болып, қой малын өсірудегі жоғары табыстарына орай республика бойынша тағайындалған Ауыспалы Қызыл Туды бірнеше мәрте жеңіп алды.

Сол кездегі Теңіз (Құрманғазы) ауданының шаруашылығы дәуірлегені соншалықты, 1976-1980 жылдар аралығында қой саны 214 мың басқа жетті. Оныншы бесжылдықтың әр жылында орташа есеппен 95-100 мың центнер ет, 16 мың центнер сүт, 9,5-10 мың центнер жүн өндіріліп, мемлекет қазынасына тапсырылып отырды. Сол сияқты, жыл сайын 500 мың центнерден кем емес балық аулау қамтамасыз етілді. Ауданда балық қорын молайту қамымен республика басшылығы алдына мәселе қойып, нәтижесінде «Ганюшкин», «Кінәша» каналдары тереңдетіп қазылды. Сол жылдары ауданда типтік үлгідегі ондаған балабақшалар, мектептер, спортзалдар, қос қабатты қазіргі агроколледж ғимараты, мәдениет үйлері, ауруханалар іске берілсе, Құмекеңнен қалған құнды көздей өзінің ардақты теңіздіктеріне әлі күнге қапысыз да қалтқысыз қызметін көрсетуде.

Құмекеңнің тұсында Каспийдің кең қолтығынан бұрын жұртшылыққа беймәлім «Көзбол», «Достық», «Коневск», т.б. аралдар ашылып, облыс шаруашылықтарының мал азығын дайындауларына мол мүмкіндіктер туғызылды. Осылардың көбісін жанына нөкерлерін ілестіре жүріп, қалың қамысты атпен жарып аралап Құмекеңнің өзі тапқаны аңызға бергісіз шындық. Осы аралдарға батпаққа  батырмай техника шығару үшін бірнеше шақырымды құрайтын тас бөгет жол салу да мүмкін болмастай жұмыстар еді. Ал, оны да бюджет қаржысынсыз мүмкін болдырған заты асылдан жаралған Құмар Темірташев екенін жұрты біліп жүрсін де…

Ел болған соң жан жадыратар жақсылықтардың да, үрейді алар өкінішті жайттардың да болары белгілі. 1975 жылғы алапат өрт, 1979 жылғы бұрын-соңды кездеспеген су тасқыны небір қиындықтарға душар етті. Бірақ, тәртібі темірдей Темірташев өзіне үміт артқан жұртын уысында ұстап, орынсыз абыржуға алдырмады. Ер етігімен су кешіп, ұйқысыз түндерді, дамылсыз күндерді бастан кешіре жүріп, мал мен жанды шашаусыз аман сақтап қалғаны ерлік пе, ерлік!

Құмар басшының көрегендігімен теңіздіктердің асқаралы асуларды, толымды табыстарды еншілеп, бастарына бақ орнатып, жүректеріне шырақ жаққан сәттері де аз болмады. Атап айта кетсек, 1978 жыл қорытындысымен СОКП, ВЦСПС және БЛКЖО Орталық комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алса, келесі 1979 жылы Республика Туына ие болды.

Өзі «Теңізім» дейтін бұл елден өзі де олжасыз болмады. Балағыздай жарымен аялы алақаннан түспей абыройға кенеліп, қазір өз алдарына бір-бір түтін түтеткен ұрпақтарының кіндік қаны тамды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен бірнеше медальдары, ҚССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасы, Құрманғазы ауданының, Атырау облысының Құрметті азаматы және басқа да марапаттары сол Теңізіне (Құрманғазы) сіңірген жарқын күндерінің куәсіндей-ау!

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button