ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
2015 жылы облыстағы егістік жердің көлемі 6050 гектарға жуықтайды. Мұның үштен бір бөлігінен артығы (2435 гектар) — көкөніс, 874 гектары -бақша, 1238 гектары картоп және қалған 1500 гектары малазықтық дақылдарының еншісіне тиесілі. Аймақ басшылығы тарапынан берілген тапсырмаға орай, биыл облыста тамшылатып суару технологиясымен баптап-күтілетін егіндіктің аумағын 1500 гектарға жеткізу көзделген.
Көктемгі дала жұмыстарына тартылатын техникалардың дайындық деңгейінің де жаман болмағандығын білдік. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмсалған жанар-жағармай, басқа шығындарының құнын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 92,3 млн. теңге қаралып, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерге де тапсырыс беріліп қойылған. Сөйтіп, осы сәуір айының ішінде бір тоннадан артық минералды тыңайтқыш мақсатты жеріне жеткізілмек. Сондай-ақ, екі мың тонна дизель отыны шаруагерлерге жеңілдетілген бағамен босатылады. Айрықшалап айтуға тұрарлық жайт, биыл бір гектар жерге картоп дақылын өсіріп, ойдағыдай өнім жиған диқанға мемлекет есебінен 70 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат (субсидия) беру мәселесі де шешілген.
Дәулетқали АРУЕВ.