ДАЛА ӘУЕНДЕРІ – ПАРИЖДЕ
Дала әуендеріне Манис, Стамбул, Берлин, Мюнхен, Венаның көрермендерінің басын игізген оркестр енді Париж төрінде. 14 желтоқсанда Ренессанс сарайларымен әйгілі, бірнеше ел басшысының резиденциясы болған, ел астанасынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Фонтенебло қаласында үлкен концерт берді.
– Тәуелсіздік күніне орай 15 желтоқсанда Париждегі ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде көрермендерді қазақтың дауылпаз күй өнеріне тәнті етті. Мәдени шараға БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелеріне қатысты мемлекеттер өкілдері арнайы шақырылды. Бұл шара қараша айының соңында жасақталған «Қазақтың ұлттық домбырасында күй орындау өнерінің» және «Қазақ және қырғыз киіз үйлерін (түрік көшпелі халықтарының) дайындаудың дәстүрлі білімі және шеберлігінің» адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезетантивтік тізіміне енгізілуіне арналған,- деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
— Гастрольдік сапардың мақсаты – шетелдік аудиторияны қазақтың халықтық музыкасымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру, — деген еді Парижге аттанарда Дина Нұрпейісова атындағы қазақ ұлттық аспаптар академиялық оркестрінің жетекшісі Қамбар Дүйсембай. – Шетелдік көрермен үшін классикалық туындылар, Құрманғазының, Дина Нұрпейісованың, Ықылас пен Махамбеттің күйлері мен таңдаулы халық әндерін алып бара жатырмыз. Сондай-ақ, аталмыш оркестрдің концерті ҚР Франциядағы елшілігінде 16 желтоқсан күні өтеді.
Өнерпаздардың еуропаға сапары облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асып отырғанын баса айтқанымыз жөн.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.