Әкім есебінен кейін: құрманғазылықтар не дейді?

IMG 7822 Қоғам

Ардагердің аты ұмытылмаса…

Тілек АЙТҚАЛИЕВ, ҰҚК-нің Құрметті ардагері:

– Ұлы Отан соғысының ардагері Жорес Ысқақовтың есімі ауданға жақсы таныс. Өзім сол кісінің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Ардагер спортшының есімі аудандық денешынықтыру-сауықтыру кешеніне берілсе деген ұсынысым бар. Оған ауданның Құрметті азаматы атағы берілсе де артықтық етпес еді.

Бұрынғы шипажай қаңырап тұр

Талғат АМАНҒАЛИЕВ, медицина саласының ардагері:

– Аудан орталығындағы бұрынғы шипажай ғимараты қаңырап, бос тұр. Ауласында 1990 жылдары ашылған минералды су көзі бар. Аталған ғимаратты болашақта қайтадан сауықтыру орнына айналдыру жөнінде ардагер дәрігерлер облыстық денсаулық сақтау басқармасына бірнеше рет жазды. Бірақ, одан нәтиже байқалмайды. Кезінде газбен жылытылып тұрған ғимарат бүгінде аңғал-саңғал, ішінде ештеңе жоқ. Оны осылай қалдырмай, бір пайдаға асыруды сұраймын.

IMG 7822

Монополистке тосқауыл бар ма?

Орақбай МҰРАТОВ, ауыл тұрғыны:

– «ҚазТрансГаз Аймақ» өткен жылдың сәуір айынан бастап төлемге коэффициент қолдануда. Мақсаты – тарифтің сыртында газдың төлемін көбейту. 2012 жылы осындай жағдай орын алғанда халық монополияға қарсы комитетке жазғаннан кейін коэффицентті алып тастады. Бұл экономикалық және физикалық заңдылықтарға сыймағанымен, ауа райының ыссы, салқын мезгілдерінде қолданып жүр. 2018 жылы 3 қазанда Астананың экономикалық соты монополияға қарсы комитеттің талабымен осыны қарап, тарифті қолдану жөніндегі шешімді бұзды. Тұтынушыларға 278 млн. ақшаны қайтаруға шешім шығарып, «ҚазТрансГазАймаққа» 13 млн. теңге айыппұл салды. Сот шешімі 5 желтоқсанда күшіне енді. Ал, бүгінде қараша мен желтоқсан айында 14 пайызға өсіп отыр, соған тиісті шара алуларыңызды сұраймын.

Жөндеу неге созылып барады?

Шайхатолла ЖӘЛЕЛОВ, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы:

 – Жергілікті бюджеттің 100 пайыз орындалғаны айтылды. Дегенмен, ауданда төрт мектепке бөлінген қаражат толығымен игерілмеуде. Мәселен, Нұржау орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары үш-төрт жылға созылып барады. Білгіміз келетіні, оған бөлінген қаржы кері қайтарылса, аяқталу мерзімі ұзарып кетпей ме? Құрылыс жүріп жатса, балалар қайда барып оқиды? Осы жағдай бізді алаңдатады.

Халыққа стадион қажет!

Болатбек ШУРИН, білім саласының ардагері:

– Аудан орталығындағы стадион күтімсіз қалып, азып кетті. Елбасымыз биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады. Сондықтан, осы стадионды жөндеуді немесе жаңасын салуды жоспарға енгізуді өтінеміз. Екіншіден, ауданда балаларға арналған бір тынығу лагерін салуды сұраймыз. Бұл дарынды балаларды даярлауға, қатарын көбейтуге септігін тигізер еді.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев облыс экономикасына қатысты көрсеткіштерге тоқталып, көкейкесті сұрақтарға жауап берді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз