Көкталда көктей солған ГҮЛДЕР-АЙ…
Бұл әрине, сүйіншілейтін жайт емес, өзек өртеген өкініш. Өйткені, бір түнде бір отбасының аялап, әлпештеп отырған бес перзентінен қапыда айырылып, қайғы жұтуы тұтас қоғамның қабырғасын қайыстырды. Үлкені енді он үшке толатын, ең кішісінің дүниеге келгеніне үш-ақ ай болған бес періштенің әке-шешесі Астананың іргесіндегі Көкталда құрқылтайдың ұясындай ғана «времянканы» жалдаған екен. Баспана деуге келмейтін лашық тектес «времянка» пешпен жылытылыпты.
Әр ата-ана қыз баласын жайқалып өскен қырмызы қызғалдақтай мәпелейді ғой. Сол күні түнгі жұмысына аттанған анасы өмірінің жалғасы ретінде келешегінен зор үміт күткен бес гүлінің ғұмыры тым қысқа боларын сезді дейсіз бе? Әкесін де жұмыс беруші түнгі жұмысқа шақырып алыпты. Бес періште мұрындары пысылдап, алаңсыз ұйықтап жатқанда от-жалынға ораныпты. Түн қараңғысында тілсіз жаудың от-жалынына жұтылған жасын-ғұмырдың бұл өмірден көрер қызығы көп еді ғой. Әттең…
«Қара қазан, сары бала» қамымен үлкен қалаларға қоныс аударып, әлгіндей «времянка» жалдап жүрген отбасылар аз ба? Әдетте әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылар басыбайлы баспанасы болмаған соң ғана осындай қадамға баратыны даусыз. Өйткені, шаһар төріндегі көп қабатты үйлерден пәтер алуға қаржының аздығы қолбайлау болады. Сол себептен, қала маңындағы шағын аудандар мен ауылдардағы бір-екі бөлмелік «времянканы» жалға алуға мәжбүр олар. Рас, сондай отбасылар Атырауда да аз емес. Бірақ, оның нақты дерегі түзілді ме? Осындай қанша «времянка» жалға берілген? Ал, қауіпсіздік мәселесі талапқа сай ма?
Астанадағы көктей солған гүл кейпіндегі бейкүнә періштелердің өмірін жалмаған оқыс оқиға –елімізде баспана мәселесінің әлі толық шешімін таппағанының дәлелі. Бәлкім, амалсыздың күнімен «времянка» жалдайтын отбасыларды, олардың қанша баласы барын анықтау тетігін нақтылау керек шығар. Осындай отбасыларға жәрдемақы тағайындағанда қайда тұратыны, баспанасының бар-жоғы есепке алынуы тиіс. Әсіресе, баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылардың жеңілдікпен пәтер алуына қолдау көрсетер жобаны іске қосқан жөн секілді. Осы орайда «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламалары арқылы да баспаналы болуына ықпал етудің жолын қарастыруға болмай ма? Сонда ғана олар өзгенің баспанасына кіріптар болудан құтылар еді. Олардың балалары өз шаңырағында алаңсыз ойнап, балалық дәуреннің бал дәмін татар еді.
«Времянка» өртеніп, бес сәби қайтыс болғаннан соң ғана ата-анасына көмек беріліп жатыр. Бірақ, бұл бес періштенің орнын толтыра ала ма? Бес бала –бес тағдыр! Ерте солған бес тағдыр енді балабақшаға да, мектепке де бара алмайды. Ата-анасына берілген баспанада арсалаңдап ойнай алмайды. Әттең… Тегінде жарық дүниеге келген әр сәбидің ғұмыры ерте үзілмегені жөн ғой. Ата-аналар бауыр еті – баласынан қапыда көз жазбаса, жүрегі қайғы-мұңнан қарс айрылмаса екен…
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ