Жарнама
Қоғам

CЫЛТАУ КӨП, ЗАҢ – БІРЕУ

 

Бірде түнгі екілер шамасында үйлену тойының нағыз қызған уағында мейрамханада шу шықты. Асаба мен жалданған әншілер мектеп оқушысы жасындағы талдырмаш қызды кеудесінен итеріп, «билемейсің дедік қой, билемейсің!» деп өжектейді. Бақсақ, олар қонақтардың бірі ертіп әкелген кішкентай бишіні бәсекелес санап, ортаға шығармауға тырысып жатыр екен. Ата-анасының қолқалауымен, той иесінің өтінішісімен бүлдіршін биін билеп, азын-аулақ ақша қалтасына салып әкетті. Жылы төсекте тәтті ұйқыда жататын баланың ырду-дырдудың ортасында жүргеніне  алаңдағанмен, ересектердің ешқайсысы араша түсе қойған жоқ. Мүмкін, әке-шешесі қастарында жүргесін араласпаған болар.

-Біздің білім ошағында ата-аналармен академияның арасында келісім-шарт жасалады. Ол бойынша ата-аналардың беймезгіл уақытта балаларға жұмыс жасатуға құқы жоқ,-дейді Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының директоры Долорес Тасқарина, — Мұнда өнерлі шәкірттер білім алады. Сол себепті, оларға сұраныс та көп. Кейде біздің өзімізден оқушыларымызды жіберуді сұрап келіп жатады. Әрине, бас тартамыз.

Долорес Сүндетқызының айтуынша, шараларда, той-томалақтарда өнер көрсетуге дағдылану баланың психикасына әсер етеді. Ондайда оқуға деген құлшынысты табыс табуға деген құмарлық басып кетуі мүмкін. Кейде бұл балалар сабақ үстінде де «мені қазір алып кетуі керек, бір жерге баруым керек» деп отырады.

Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2015 жылдың 29 қазанына дейін кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін) заңды өкілдерінің бірге жүруінсіз ойын-сауық мекемесінде болуына жол беруі, яғни ӘҚБтК-нің 132-бабының 1-бөлігімен 39 әкімшілік іс түсіп, 38 ісі қаралып, 37 тұлғаға қатысты әкімшілік айыппұл салынып, 1 тұлғаға қатысты құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты әкімшілік іс қысқартылған.

Биыл 15 қыркүйек күні түнгі сағат 02.44 сағатта полиция қызметкері қала мейрамханаларының бірінен кәмелетке толмаған сегіз баланың даяшы болып жүргенін анықтаған. Мейрамхана басшысына әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 819 бабы 2 бөлігімен 41622 теңге айыппұл салған. Бұл жерде айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының барлығы, отбасының жалғыз асыраушысы екендігі жайлы жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болғанын ескерте кетелік.

Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының директоры Нина Темірбаева кәсіпкерлердің жұмыс барысында заңға қайшы әрекеттердің ұшырасып қалатынынан жақсы хабардар. Кей жағдайда ол жай ғана білместіктен де болуы мүмкін. Сол себепті, іскер жандарға құқықтық ақыл-кеңестер беру қызметі жолға қойылған. Жоғарыда айтылғандай, заң бұзушылық орын алмас үшін кәсіпкерлер құқықтық сауаттылығын арттырып, қай жағдайларда кәмелетке толмаған баланы жұмысқа алуға болатынын білуі тиіс деген пікірде ұйым басшысы.

Енді мәселенің психологиялық қыры. Нарықтық қоғамда оң-солын тани қоймаған жастың да, баласының ақша тапқанын теріс көрмек түгіл қуана қолдайтын әке-шешенің де көлденең табысты теріс көрмейтіні байқалады. Түскі ас мезгілінде 6 сыныпта оқитын қыздарын дүкенде қалдырып кететін көршілер оның «есеп-қисапқа әлден-ақ жүйріктігін» айтып мақтанып мәз. Бұл кісілер үшін жас баланың сауда орнында тұруы заңсыз екенін айтпағанның өзінде, қауіп туғызатыны – екінші кезекте. Көпшілік «әнші балапандар» атап кеткен үлпершектей ұл-қызын той-томалақтарға сүйрелеп жүрген тағы бір таныстар олай етуге «күнкөрістің қиындығы себеп» деп ақталады. «Шашудан», яғни «тойшы қауымның» берген ақшасына балалар өздеріне киім алады-мыс. Сабақ уақытында дәріс тыңдаудың орнына даяшы немесе бала күтуші болып жүрген колледждің кәмелет жасына толмаған оқушылары осылайша оқу ақыларын төлейтін болып шығады.

Алайда, сылтау қанша көп болғанмен, бұлтартпас заң – біреу. Бала балалығын жасайды десек, заңға қайшы әрекетке көпе-көрнеу баратын үлкендердің қылығына не жорық?! Буыны қатып, бұғанасы бекімеген балаға қиянат жасап, еңбегін пайдалану адамгершілік қағидасына да жат екенін ескерсек-етті.

Құралай ҚУАТОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button