Жарнама
Қоғам

Цифрлық телевизия, оған қалай қосыламыз?

 Редакциямызға хабарласқан оқырмандарымыз еркін қолжетімді арналардағы шартты қосылу жүйесін өшіру мәселесін жиі қозғайды. Осыған орай, біз телерадиохабар тарату саласындағы ұлттық операторы «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы, облыстық радиотелехабарларды тарату дирекциясы директоры Дархан Хұсыновқа хабарласқан едік.

— Дархан Шапхатұлы, «Қазтелерадио» АҚ ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап эфирлік телехабарларын тарату желісіндегі кодтау жүйесін өшіру туралы хабарлауда. Осы шешімді қабылдауға негіз болған не? Бұл өзгерістер сіздің абоненттеріңізге қандай әсер береді?

— Бұл шешім эфирлік цифрлық хабарларын тарату желісіне қосылуда халықтың қаржылық ауыртпалығын төмендету мақсатында қабылданды. Шартты қосылу жүйесі өшірілгеннен кейін, қабылдағыштардың барлық түрлері үшін Қазақстан Республикасының нарығы ашық болады және оларға қойылған бағалар барынша төмендетіледі. Сондай-ақ, эфирлік цифрлық хабарларын тарату желісіне қосылу үдерісі жеңілдейді – қабылдағыштарды активтеу қажеттілігі болмайды, яғни бұдан кейін Call-орталығына қоңырау шалу және есеп жүйесіне тіркеу үшін қабылдағыштың мәліметтерін хабарлау қажет болмайды. Әрине, шартты қосылу жүйесін өшіру біздің елдің тұрғындарына – біздің абоненттеріміз үшін отандық контентті анағұрлым қолжетімді етеді.

— Шартты қосылу жүйесі бұрын қандай мақсатпен енгізілген?

— Эфирлік цифрлық телехабарларын тарату желісіне шартты қосылу жүйесін қолдану бірқатар негізгі міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. Бұл, ең алдымен, абоненттердің қосылуын есепке алу. Телехабар таратудың аналогты стандартындағы пайдаланушыларды есепке алу халық санының статистикалық мәліметтері бойынша, хабар таратумен қамту аймағындағы әрбір елді мекенге қатысты шартты түрде өткізіледі. Шартты қосылу жүйесі пайдаланушылардың нақты және дұрыс есебін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Сондай-ақ, цифрлық эфирлік телехабар таратуларын пайдаланушыларының сигналды қабылдау сапасын бақылау да негізгі міндет болып табылады. Өндіруші – зауыт қабылдағыштарға қабылдағыштың техникалық сипаттамаларының телехабарлар тарату желісінің техникалық сипаттамаларына үйлесімді болуына тестілеу өткізді, нәтижесінде телесигналды қабылдаудың қажетті сапасына кепілдік берді. Осылайша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұстанымы қамтамасыз етілді. Бұған қоса, қосымша сервистерді ұйымдастыру мақсатында «Телегазет» қызметі де жұмыс жасады.

  Жоғарыда айтылғандарды жинақтап қорыта келе, шартты қосылу жүйесі техникалық, есепке алу және сервистік мақсаттарда қолданылғанын айтуға болады. Бұл ретте, цифрлық эфирлік телехабарларын тарату арналарын көру пайдаланушылар үшін ақысыз болды. Солай да жалғаса береді және арналардың саны өзгеріссіз қалады.

— Абоненттер сатып алған, шартты қосылу жүйесімен біріктірілген қабылдағыштарының жайы не болмақ?

— Шартты қосылу жүйесімен біріктірлген қабылдағыштарда жалпы есеп бойынша ешқандай өзгеріс болмайды. Олар, сондай-ақ, бұрын кодталған цифрлық эфирлік хабарлар таратудың сигналын қабылдағандай, кодталмаған сигналды да қабылдайтын болады. Оның үстіне, қабылдағыштары бар абоненттер еш ұтылмайды – осы абоненттік қабылдағыштарда қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мәзір, электрондық хабарлар бағдарламасы бар және ең бастысы, оларға «Телегазет» сервисі — «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» республикалық газеттерін теледидар экрандарынан электрондық форматта оқу мүмкіндігі беріледі. Материалдар газет шыққан күні жаңартылып отырады, бұл қызмет баспа басылымдары уақытылы жеткізілмейтін алыстағы елді мекендердің тұрғындары үшін өте тиімді. Бұл сервистер тегін ұсынылады, ұсынылатын цифрлық көрініске және эфирлік хабар таратудың дыбысына қосымша бонус болып табылады десек те болады.

— Қазіргі таңда цифрлық эфирлік хабарларын тарату қызметі қаншалықты деңгейде қолжетімді?

— Цифрлық эфирлік телехабарларын таратудың бірінші кезеңін іске қосу кезінен бастап телебаған деп аталатын, 336 радиотелевизиялық станса құрылған және жаңғыртылған, оның нәтижесінде 72% тұрғындарды немесе 11.5 млн. адамды қамту қамтамасыз етілген. Осындай радиотелевизиялық стансалардың барлығы 827 болады. Жобаны аяқтаудың нәтижелері бойынша цифрлық эфирлік хабар таратумен халықтың 95%-ын қамтуға қолжеткізу жоспарлануда.

— Біздің оқырмандар, олардың өңірінде цифрлық телевизияның бар екендігі, оған қалай қосылуға болатыны, қабылдағыштарды қайдан сатып алу керектігі, оларға қандай телеарналар қолжетімді болатындығы туралы нақты ақпаратты қайдан алады?

— Алдымен, цифрлық эфирлік телевизия өз көрермендеріне бейненің және дыбыстың жоғары сапасын ұсынатындығына назар аударғым келеді. Әрине, егер абонентте кинескобы бар қарапайым теледидар болса, айырмашылық айтарлықтай көрінбейді. Алайда, СК – теледидарлары және плазмалық панельдері бар абоненттерге бұл сапа өте ыңғайлы. Түстері барынша айқын, көріністер анық және кедергісіз. Телекөрермендердің орналасу өңіріне байланысты 15-30 телеарна көрсетілетін болады. Абоненттік қабылдағыштар тұрмыстық техника мен электроника дүкендерінде сатылады. Цифрлық эфирлік хабарларын тарату бойынша толық ақпаратты www.otautv.kz сайтынан табуға болады.

— Аналогты телевизияның жайы не болмақ?

— Хабарларды таратудың цифрлық стандартының пайда болуының арқасында телекөрермендер ескірген аналогты және заманауи цифрлық хабарлар тарату арасындағы көрініс пен дыбыстың сапасындағы айырмашылықты бағалай алды. «Цифрдың» артықшылықтарын түсіну үшін халыққа қандай да бір уақыт керек. Алайда, цифрлық сигналдың болашағы зор екеніне ешкім күмән келтірмейді. Аналогты телехабарлардың тарату желісін өшіру туралы шешім өкілетті органның – Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігінің құзыреттігінде. Ол цифрлық эфирлікке толық өтудің мерзімін анықтайды және «цифрға» толық өтуге дейін алты айдан кем емес мерзімде бұл жөнінде халық хабардар болу керек. Цифрлық эфирлік телехабарларын таратуға толық өту мерзімдері туралы ақпарат бұқаралық ақпараттың ресми құралдарында, өкілетті органның интернет-ресурстарында, біздің корпоративті сайттарымызда www.kazteleradio.kz және www.otautv.kz жарияланатын болады. Телеарналарды қабылдау кезіндегі үзілістің алдын алу үшін цифрлық телевизияға ерте бастан қосылу ұсынылады.

— Біздің әңгімемізге сүйене отырып, цифрлық эфирлік хабарларын тарату барынша қолжетімді болады деуге негіз бар ма?

— Иә, өте орынды айттыңыз, цифрлық эфирлік хабарларын тарату күннен күнге өз мүмкіндігін кеңейтуде. Қосылу үшін тек қабылдағыш (ресивер) және қарапайым дециметрлі антенна ғана қажет болады. Сонымен қатар, егер Т2 форматындағы сигналдың кіріктірме қабылдағышы бар заманауи теледидар бар болса, онда цифрлық сигналды қабылдауға арналған қосымша құрылғылар тіпті қажет болмайды. Цифрлық эфирлік хабарларын таратуда абоненттік төлем жоқ.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button