БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП ДОДАСЫ
Келген қонақтарға «қош келдіңізін» жеткізген аймақ басшысы елде, соның ішінде Атырауда Елбасының қолдауымен спорт саласы қарқынды дамып келе жатқандығын айтты. Әсіресе, елімізде боксқа үлкен көңіл бөлініп жатқандығын жеткізді. «Соңғы жылдардағы әлемдік деңгейдегі бокс бәсекелерінде отандастарымыздың жеңіске жетіп, Туымызды көкке көтеріп жатқаны – соның айғағы. Болашақта ел абыройын асқақтатар, көк Туымызды аспанда қалықтатар спортшыларымыз көбейе берсін!» — деп облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы сөзін қорытындылады.
Бокс бәсекесінің қорытындысы бойынша, Ақмола облысының былғары қолғап шеберлері үздік танылды. Олардың қоржынында – үш алтын, бір күміс медаль. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы екі алтын, үш күміс және үш қола жүлде еншілесе, шығысқазақстандық және атыраулық боксшылар бір алтын және үш қола медальға қол жеткізді.
Ел чемпионатында 56 келі салмақ дәрежесінде ақтық сынға жолдама алған атыраулық боксшы Ержан Ордабаевтың ақтық сайыстағы алматылық Жанболат Тілегенұлымен кездесуі өтпеді. Бұған себеп, алматылық боксшы жарақатына байланысты шаршы алаңға шықпай, жерлесіміз чемпион атанды. Өткен жылы Мәскеуде халықаралық турнир өтіп, финалда да қарсыласы дәл осы алматылық боксшы болған еді. Алайда, Ержан оны 2:1 есебімен жеңген болатын. Сонымен қатар, атыраулық Рашид Салауатов (49 келі), Азамат Досмағамбетов (64 келі) және Нұрлан Нұрсейіт (91 келі) қола жүлдегер атанды. Чемпионатта Атырау облысы командасы құрамында он боксшы бақтарын сынаған еді.
Айта кетсек, өткен жылғы ел чемпионатында бірде-бір атыраулық боксшы жүлдегер қатарынан көрінбеп еді. Ал, осы жолы облыс қоржынына төрт медаль түсті.
Мұндай жарыстар боксшылар шеберлігін шыңдай түсумен қатар, Азия ойындарына ұлттық құрама командасына лайық спортшыларды іріктеуге мүмкіндік берді.
— Шексіз қуаныш үстіндемін, — деп қуанышымен бөлісті жас чемпион Ержан Ордабаев. — Жартылай финалдағы қарсыласым да осал болған жоқ. Ересектер арасындағы ел чемпионатында екінші рет бағымды сынаудамын. Өткен жолы Астанада өткен чемпионатта ширек финалда қарсыласқа жол берген едім. Сол кезде «келесі жолы ел чемпионы боламын» деп алдыма мақсат қойған болатынмын. Мақсатыма жеттім. Жанболат Тілегенұлымен рингте кездесіп, жеңіске жеткен болатынмын. Егер жекпе-жек болған кезде де оның осал тұсын табуға тырысар едім. Енді 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға күшімді аянбаймын.
Он тоғыз жасар жас боксшы Жылыой ауданы Құлсары қаласында дүниеге келіп, Атырау қаласындағы Ж.Қаражігітова атындағы №16 орта мектепті бітірген. Қазір университеттің экономика факультетінің ІІІ курс студенті. Атыраудың намысын қорғап, жеңіске жеткен жас боксшыға «НефтеСтройСервис» ЖШС-нің директоры Ибрагим Ақдрашев «Шевролет» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Чемпионатта жеке есепте Ақмола облысынан Теміртас Жүсіпов, Шығыс Қазақстан облысынан Әділет Құрметов, Оңтүстік Қазақстан облысынан Закир Сафиуллин, Алмас Әлібеков, Жамбыл облысынан Сағадат Рахманқұлов, Алматы қаласынан Сапарбай Айдаров, Ақмола облысынан Нұрдәулет Жарманов және Жан Кособуцкий, Қостанай облысынан Антон Пинчук алтыннан алқа тағынды.
Ел чемпионатын тамашалауға келгендер арасында жуырда Алматыда өткен бокстан әлем чемпионатында Әнұранымызды асқақтатып, Туымызды желбіреткен Жәнібек Әлімханұлы да болды. Осы жылы Жәнібек үшін сәтті кезең болды. Атап айтсақ, жыл басында салмақ жинап, ересектер арасына қосылған ол биылғы жылдың өзінде ел чемпионы, Азия чемпионы және Әлем чемпионы атанды.
Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев бізбен әңгімесінде Атыраудағы барлық спорт кешендерін аралап шыққандығын, бокс спортын дамытуға барлық жағдай жасалғандығына куә екендігін жеткізді.
— Атырау облысының әкімдігі, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық бокс федерациясы бұл чемпионатты өте жоғары деңгейде ұйымдастырған. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Көп жылдан бері Атырау өңірінен чемпион шықпаған еді. Осыған орай Атырау боксы соңғы жылдары қарқын ала бастағанын көріп отырмыз, — дейді Афина және Бейжің олимпиадаларына қатысушы, белгілі боксшы, қазіргі уақытта бапкерлік салада қызмет атқарып жүрген Галиб Джафаров.
Былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңдағы қорғану шебірліктеріне, жеңіске жетуге талпынуларына қарап Қазақстан боксы дамып келе жатқанын аңғардық. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстаннан бокстан алты Олимпиада чемпионы және он Әлем чемпионы шыққан екен.
Чемпионат қорытындысы бойынша келер жылы өтетін Азия ойындарына елдің құрама командасы жасақталды. Жүлдегер атанған боксшылардың жеңісті жолы мұнымен аяқталмайтынына сенім білдіреміз.
Бетті дайындаған Айгүл ЕРТІЛЕУ.