БҰРЫНҒЫ мен БҮГІНГІНІҢ «алтын көпірі»
Латынға көшу, бұл – өркениет пен өсіп-өркендеуге бастайтын игі қадам. Бұл бағытта соңғы екі-үш жылда көптеген мәселе көтеріліп, тақырып жан-жақты талқыланды. Бірақ, нәтижесін көру үшін әлі де уақыт керек. Осы орайда, біз сан түрлі сала өкілдерінің пікірлерін білуге асықтық…
Елбасының жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін ескергені және Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасы уақытында берілді. Латын әліпбиіне көшу үшін білікті оқытушы кадрлар мен әдістемелік база қажет. Осы ретте, бірегей жобаны іске асыру аясында Президент Әкімшілігіне көптеген үндеу мен ұсыныс келіп түсті емес пе? Әлеуметтік желілерде мыңға жуық тақырыптық жазба жарияланды ғой.
Таңдай қақтырған техника тілі
Экономика ғылымдарының докторы, ғалым Әли Әбішевтің ойынша, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – бүгінгі қоғам талабы. Демек, ешкімнің келісімін күтпейтін мәселе деген сөз. Әйтпесе, өз қолымыздағы шешім болса, бәлкім, бұл тақырыпты қозғамас та едік пе, кім біледі? Қалай болғанда да, жаңа әліпби қай саладағы болмасын жұмыс жүйесін түбегейлі өзгертері хақ. Бастысы, өзгерістер оңынан боларына ғалымның еш күмәні жоқ.
– Елбасының әрбір реформасы ел үшін де, өскелең ұрпақ үшін де маңызды болып келген, — дейді ол. – Бұл реттегі көтеріп отырған мәселе біз, ұстаздар үшін өте үлкен жауапкершілік деп білемін. Себебі, жаңа қаріпті тек педагог мамандар ғана емес, оқушылар да жетік меңгеріп алып кетуі қажет. Сондықтан алда жауапты кезең күтіп тұр. Оған біздің өңір толықтай дайын. Бұл жауапты кезеңде педагогтар мен оқушылар еш қиындықсыз игеріп кетеріне кәміл сенемін. Латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасы күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалған. Ұсынылған 32 әріптен тұратын жаңа жоба ұстаздар қауымының көңілінен шығып, қолдау тапты. Өйткені, күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалған.
Міне, бұл – мүйізі қарағайдай ғалымның өз ойы, жеке көзқарасы. Бұған қалай келіспейсіз? Айтуы өте орынды, латын қарпіндегі әліпбиге көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын қарпі ақпарат кеңістігіндегі «алтын көпір» болмақ.
– Тіпті, жаңа конвертер жүйесін компьютерге немесе телефонға қондыру арқылы кез келген мәтінді латын әліпбиіне аударуға болады. Осының өзі неге тұрады? Рас, бірыңғай латын әліпбиіне көшу уақыттың, әрі туған тілімізді түлету талабьынан туындап отыр. Әйтсе де, мен бұдан басқа да аспектілерге тоқталып өткім келеді. Біріншіден, еліміз өсіп-өркендесін десек, білім мен ғылымды, басқа да маңызды салаларды әлемдік қалыпқа, яғни, дүниежүзілік стандартқа икемдеуіміз керек.
Екіншіден, мұнай-газ саласының барлық терминдері ағылшын тілінде. Сондықтан, латын әліпбиіне көшпей, өркениет көшіне ілесу қиын. Ал, өркениетті елдердің бәрі де латын әліпбиін қолданады. Ендеше, біз де сол елдердің даму жолына түсуіміз қажет. Үшіншіден, Елбасының өзі айтып отырған «болашаққа бағдар» мен «рухани жаңғырудың» негізі осы латын әліпбиінде жатыр. Яғни, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру тілімізді түлету талабынан туындап отыр. Сайып келгенде, енді «жаңа әліпби бізге не береді?» деп емес, «біз оны қалай іске асырамыз?» деген бағытта жұмыстанатын кез келді, — дейді Ә.Әжімұлы.
Жазуға жайлы жаңа әліпби
Ал, мемлекеттік қызмет саласына ерен еңбек сіңірген Қилымғали Қайненов латын әліпбиіне тек орфографиялық тұрғыда ғана маңыз беру керектігін айтады. Яғни, латынға көшкеннен ана тіліне келер кесел жоқ. Олай болса, мемлекеттік тілді қолдану аясы бұдан ақсаңдап қалмайды. Майталман мемлекеттік қызметші өз сөзіне кәміл сенімді.
– Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының Ақордада Мемлекет басшысының қабылдауында ұсынған нұсқасы оқуға да жазуға да ыңғайлы. Апострофпен жазу да, оқу да оңай болмақ. Ұлттық, өзімізге тән дыбыстарымыз апостроф арқылы көрсетіледі. Соған орай жаңа нұсқада барлық дыбыстар қамтылды Апостроф арқылы таңбаланған әліпби техникалық тұрғыдан да көп шығынды қажет етпейді.
Әрине, қоғам болғаннан соң, әрбір жаңалық жеңіл қабылдана бермейді. Көпшілігі «мына үтірлер не таңба?» деп түсінбейтін де шығар. Бірақ оған үйрену соншалықты қиын емес. Әріп үстіндегі үтірлер кейде дыбыстардың жіңішкелігін көрсетеді. Мұнда дауыстылар да, дауыссыздар да апостроф арқылы көрсетілді. Біздің ұлттық дыбысымыз деп қабылдауға әбден болады.
Тілшілер диакритикалық әліпбиді қолдайды. Бірақ, қазір интернет, цифрландыру, модернизация заманында өмір сүріп жатырмыз. Болашақ ұрпақ бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Алғаш ұсынылған әліпби бүкіл ғаламтор бағдарламасын өзгертуді талап ететіні белгілі еді. Бұл қып-қызыл шығынға ұшыратар еді. Ал, апостроф клавиатурада бар, — дейді ол.
Жаңа әліпбиде бәрі қамтылған
Қазір де орфографиялық, терминологиялық, ономастикалық және техникалық-сараптамалық жұмыс топтары құрылған. Ортақ емле ережесі әлі де толықтыруды қажет етеді. Содан соң компьютерлік пернетақтаға латын қаріптерін орналастыру керек. Айта кетейік, латынға көшуге қажеттілік ақпараттық-технологиялық заман ағымынан қалмай, ғаламдық мүмкіндіктерге жол ашу мақсатынан туындаған болатын.
Иә, мұндай реформаның қоғам санасын жаңғыртуда маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Бүгінде қоғамның қызу талқынысына түскен қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасында бәрі қамтылған деуге болады. Бұл – Атыраудағы «Foundation» оқу-білім бағдарламасының жетекшісі Алпамыс Ғилымовтың пікірі. «Тек бір ескерер жайт, басқа тілдердің қолданысы мен азаматтардың құқығына еш нұқсан келмесе болғаны. Айтпақшы, кириллицадағы орыс тілінің қолданысы еш өзгеріссіз қалғаны да белгілі. Олай болса, қазақ тілін үйрене алмай жүргендер үшін де жаңа әліпбидің мәні зор. Қалай болғанда да, басты мақсат – мемлекеттік тілді әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару болып табылады. Ендеше, жаңа әліпбидің еліміздің өсіп-өркендеуі мен қоғам дамуына тигізер пайдасы зор болады деген сенімдеміз» дейді ол бізбен әңгімесінде.
Түйін
…Сонымен, айтылған сөздерге сүйенсек, латынға көшуге дайындық жұмыстарын жеделдетіп, енді нақты іске кірісу керек. Осы мақсатта Үкімет жанынан қоғам қайраткерлері мен жауапты сала жетекшілерінен ұлттық комиссия құрылған. Ондағы жұмыстар үш кезеңге бөлінген. Алдымен, нормативтік-құқықтық база жасақталады, кейін мемлекеттік және білім беру қызметкерлері дайындалады және соңында азаматтардың төлқұжаты секілді бірқатар маңызды құжаттар латын әліпбиіне көшіріледі. Қазірдің өзінде нысан маңдайшаларының латынша «сөйлеп» жатқаны мамандарды қуантып отыр. Демек, азаматтардың ынта-ықыласы зор.
Айя Коказова,
журналистика мамандығының 2-курс студенті