БРЕЖНЕВКЕ ТІС САЛҒАН
Институт қабырғасында жүріп өзінің қабілеттілігімен, белсенділігімен көзге түсіп, тікелей министрлікке бағынатын жаңадан ашылған тіс емханасына жұмысқа қалдырылып, үш айдан кейін оның ортопедия бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады және мединститутта ассистент ретінде сабақ беретін болады. Осында ол 16 жыл бойы абыройлы жұмыс атқарған.
Халыққа стоматологиялық көмек көрсетудің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі ретінде танылған ол тіс емдеу саласында министрдің тапсырмасымен барлық облыстарға жіберіліп, жергілікті жерлердегі жаңадан ашылған бөлімшелерге көмек көрсетеді. Жоғары білімді маман ретінде облыстардың есептерін қабылдап, тиісінше қажетті жерлерге арнайы тіс емдеу орындарының ашылуына жәрдемдеседі.
Қазақстан мен Орта Азия бойынша алғашқы болып 1975 жылы фарфор тіс салу әдісін меңгереді. Сол кездің өзінде-ақ, германиялық аппаратқа қол жеткізіп, шетелдік қондырғыны жұмыс барысында пайдаланады.
Задош дәрігерлік қызметімен қоса, ғылымнан да шет қалмады. Отызға тарта ғылыми мақалалар жазып, сертификатталған 25 тиімді ұсынысты жария қылған.
З.Құсайыновтың қол жеткен жетістіктері мен елімізде тіс емханаларын жолға қою жұмыстарына сіңірген еңбектері туралы өзі бұл жұмыстан кеткен соң 15-20 жылдан кейін жазылған профессор Рузуддановтың мақаласынан кейбір деректер келтіргенді жөн көрдік.
Кеңес заманында алтынның грамм, миллиграммына дейін түрлі құқық мекемелерінің жіті бақылауында және есебінде болғаны белгілі. Оның үстіне алтын секілді сирек металдан тіс салдыру адамдар арасында бәсекелестік туғызған. Жоғары жақтан лимитпен келетін алтындар емхана бастығының қолында болуы қажет екеніне қарамастан, ол алтынды жылдар бойы Закеңнің сейфінде сақтауының өзі зор сенімнің белгісі еді. Ол бұл міндетті адалдықпен атқарды.
Задош дәрігер әр адамға жеке үйлестіріліп жасалатын протезді құйып шығаратын арнайы аппаратты Ленинград зауытынан алдыртып, өзі игерген. Ал, маман жетіспеушілігі сол кезде күрделі мәселелердің бірі болды. Өйткені, олар бізде даярланбайтын. Сондықтан тиісті министрліктің келісімін алып, Алматы мектептерін аралайды. Қолының икемі бар оқушыларды іріктеп, күн сайын кешкілік оларға әдіс-тәсілдерін үйреткен.
Бұл жұмысында Зәкең біраз адамдармен етене араласып, талай қызықты сәттерді басынан кешті. Өзінің айтуы бойынша Алматыға келгенінде СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің тіс протезі сынып қалып, таң атқанша соны қайта жасап берген. Д.Қонаев ағамыздың әкесі, қарындасы мен қызына тіс салады, кезінде Талдықорған облысында басшы болған Қ.Бижановқа да дәрігерлік көмек көрсетеді.
Бірақ, бұралаңы көп өмірдің бір тұсында белгілі бір себептермен Задош бар ынтасымен жасап жүрген жұмысын өз еркімен тастап кетуге мәжбүр болады. Осы шақта «бар жағдайыңды жасаймыз» деп жұмысқа шақырып жүрген аты дырдай мекемелер де бұдан сырт айналып, жұмысқа қабылдамай қояды. Тағдырдың жазуымен өмірдің ащысын да, тәттісін де көрген Задош жұмыссыз жүргеніне қоса, абақтыға қамалып, ауытқушылығы бар деген желеумен ауруханаға да жатқызылады. Күнелтіс қамымен Талдықорғанға, Ақтауға, Қарағандыға, Фрунзеге де барып, азын-аулақ жұмыстарға араласады. Сол кездің заңына сәйкес, тұрақты жұмысқа алынбаса, сотқа жеткізілетін болғандықтан, кәсіби дәрігер әп-сәтте гараждың қарауылшығы болып шыға келеді. Бұндай тірлікті көңілі қош көрмегендіктен, қаладағы жайлы пәтерін сатып, ауылға қоныс аударды.
Біз әңгіме қылып отырған Задош Құсайынов 1935 жылы кезіндегі Бақсай ауданының Редут селосында дүниеге келген. Әкесі Қабдығали Иманғалиев обкомда ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісі, кейін тіке Москваға қарайтын жалғыз аудан – Бақсай кеңшарын басқарады. Индер ауданында да еңбек етіп өмірден озған.
Нағашы атасының баласы саналғандықтан, өз әкесі Қабдығали екенін білмей өскен Задош кейінгі бір жылдарда кездейсоқ естіп, біліп, әке зиратының орнын тауып, дұға жасап тұрады.
…Алда Задоштың 80 жылдық мерейлі жасы жақындап келеді. Оны елге келіп осында жерлестерімен атап өтуді ойластыруда. Скрипка, мандалин, гитарада еркін ойнайтын, әрі әнші, тамаша суретші — портретист Зәкеңе жолдастары атынан мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
сыныптасы, Атырау облысының Құрметті азаматы.
Атырау қаласы.