Жарнама
Қоғам

Бозбалалар әскерден әлі де жалтарады

Жалпы, шекарасы шеген­делген, ал, әскери қуаты еселенген елде «Отанды кім қорғай­ды?» деген сұрақ тумауы тиіс. Десек те, қалта телефонына шақырту хабарлама жіберілсе де шақыру пунктіне келмейтін жастар бар көрінеді.  Яғни, бозбалалар әскерден әлі де жалтарады. Бұл туралы  Әскери қызметке шақыру жағдайы талқыланған, күзгі науқанға қойған міндеттемелер сараланған брифинг барысында аян болды.

Жалпы, ер-азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі ­– абыройлы іс. Үлкендердің аузынан «Әскер – өмір мектебі» дегені жиі естиміз.  Бұл қағида қай кезеңде де күшін жоймайтыны анық. Баспасөз конференциясы барысынан ұққанымыз, жастар арасында өз қалауы­мен әскерге сұранып барушылар қата­ры соңғы жылдары сиреп кет­­кен екен. Әсіресе, бұл жағдай жоға­ры және арнаулы оқу орын­дарын бітірген жастардың арасында белең алғанға ұқ­сайды. Негізінен жастардың әскери өмір туралы ақпараты мен түсінігі жет­кі­лікті болғанымен, бес минут­сыз маман атанғалы отыр­ған түлек­тер Отан ал­дын­дағы борышын өтеуге асы­ғар емес. Ал, желкелеп жүріп, учаскелік полицияның көмегімен әскерге мәжбүрлеу әскер жа­сын­дағы жігіттердің бір бөлігі бұл мін­детті атқаруды маңызды деп сана­майтындығының айғағы емес пе?

Елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Ол желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті 18-27 жас аралығындағы 600-700-ге жуық азаматты әскерге шақыруды жоспарлап отыр. Ал, мерзімді әскери қызмет атқару үшін іріктеуден өткен және жарамды болып танылған жиырма атыраулық әскерге шақырылушы өздерінің үйлерінен алыс емес жерде, облыстағы шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтемекші.

Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ардагерлермен жұмыс қызметінің бастығы Жасұлан Сатыбалдиев айтып өткеніндей, биыл күзгі науқанға аттанатын 700 сарбаз Қарулы күштер қатарына, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне шақырылады. Оның 250-і Атырау облысының шекара қызметінде өз борышын өтейді. 

– Шекара қызметін жасақтау үшін әскерге шақырушыларды іріктеу білім деңгейі, денсаулығы мен дене шынықтыру дайындығы бойынша қойылатын талаптарға сәйкес жүргізіледі. Оларды шекара қызметінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлері арнайы тексерістен өткізеді. Бұдан бөлек, ата-анасы, отбасылық жағдайы жөніндегі мәлімет те нақтыланады. Ал, шекара қызметіне борышын өтеуге баратын жастардың басқа сарбаздардан ерекшелігі – психологтың полиграфологиялық сынынан өтеді. Болашақ сарбаздарға екінші дәрежелі құпия құжаттармен жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Сол себепті Ұлттық қауіпсіздік қызметінің де тексерулерінен сүрінбей өтулері қажет болады, — дейді Жасұлан Сатыбалдиев.  Сонымен қатар, мәселен, шақырылушының бойы 185 см-ден кем болмауы керек.

Әскери комиссариатта бірден бәрін таңдап алмайды. Дені сау, психикалық тұрғыда орнықты, орта білім алған жігіттер ірік­те­леді. Жалпы, өзге болашақ сарбаздар дәрігерлік тексерістен бөлек, психологиялық тесттен де өтеді. Әскерге шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырады. Олардың отбасы жағдайы сарапталып, денсаулығының жарамдылығы басты назарға алынады. Сыннан сүрінбеген жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, тепсе темір үзетін жігіттер әскер қатарын толықтырады.

Әскерден қашу, жалтару секілді проблемалардың бары рас. Осындай проблемалардың алдын алу мақсатында түрлі тиімді реформалар қабылданды. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сонымен қатар,  еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, әскерге баруға жағдай жасау, ынталандыру мақсатында жаңа жоба қолға алған болатын. Ондай мүмкіндік әскер қатарынан босатылғаннан кейін екі жыл сақталады. Бүгінде әскери борышын өтеп келген жерлестеріміздің 8-і грантқа, ал 40-қа жуығы тестілеусіз оқуға түсіп үлгеріпті.

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қазіргі уақытта банктен немесе микроқаржылық ұйымдардан несие алған адамдар аз емес.  Оның ішінде әскер жасындағы жастар да бар. Бозбаланың әскерге барудан жалтару себептерінің бірі де осы, мойындарындағы несиенің үстемеақысы көбейіп кетуінен қорқады. Осы бір әскерге шақырылған жастар мен олардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіп, әскердегі қызмет кезінде қазақстандықтардың несиесін кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасап, несиелік каникул жеңілдігі де беріліп отыр. Мұндай реформалар қордаланған мәселелердің алдын алары сөзсіз.  Осы орайда, Жаңа Қазақстанның тыныш­ты­ғын қазақ әскері қас қақпай қор­ғайды деп сенеміз.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button