Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі «Иманғали» орталық мешітінде өтті
Қасиетті жұма күні «Иманғали» орталық мешітінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жұмыссыздық басты проблемаға айналған кезде мұндай маңызы зор шараның Алла үйінің төрінде өтуі екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жамағаттың ризашылығын тудырды.
Жәрмеңкені облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы шеңберінде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен «Жәрдем-Атырау» қоры ұйымдастырды. Артық айтқандық бола қоймас, жұмыссыз жүрген жастардың не істерін білмегендіктен деструктивтік діннің жетегінде кетіп қалады. Теріс идеологияны насихаттаушылардың сөзіне тұрақты жұмысы жоқ жандардың еріп жүре беретіні де рас. Осы себепті де бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін нақ осы ортада өткізудің мәні де, маңызы да ерекше.
Жалпы жұмыс іздеп келушілерге облыстағы 5 мекемеден 140 бос жұмыс орыны ұсынылып, сонымен қатар, балалы отбасыларының ата-аналарына атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңірек түсінік берілді. Бұған қоса қайта даярлау курстары, өз кәсібін ашу, басқа да әлеуметтік түйткілді мәселелер жайында да қажетті кеңестер айтылды.
Лиза СЕЙТІМОВА
Суреттер автордыкі