БОЛАШАҚҚА ЖАСАЛҒАН БАҒДАР
Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы баяндалған келелі кеңестегі Мемлекет басшысының сөзінің мазмұнын болашақ жасалған бағдар ретінде қабылдауға болар еді.
Себебі онда өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, туризм, энергетика, экология, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, жұмыспен қамту және басқа салаларда таяу болашақта жүзеге асырылатын ауқымды жұмыстардың бағыт-бағдары айқындалды. Еліміздің мұнайлы астанасы атанған қазыналы өңіріміздің еліміздің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлесі, алатын орны жайлы байыпты әңгіме қозғап, байсалды бағасын берген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік таңымен бірге қайта оралып, халқымен қауышқан рухани құндылықтарымыз мен мәдени мұраларымызды түгендеуде де атыраулықтар үлесінің аз еместігін атап өтті.
Заманында Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласының Қазақстанның батысында, Атырау облысында орналасуы да төл тарихымыздың тамырының тереңде жатқанын көрсетеді. Осындай қасиетті де киелі мекеннің біздің жерімізде болуы сөз жоқ, келешекте келушілердің қатарын көбейтіп, отандық туризмді дамытуға септігін тигізері кәміл. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, ертеңіміздің саналы білім, сапалы тәрбие алған ұрпақ болып қалыптасуы мектептен бастау алатынын ескерген Президент 2025 жылға дейін облыста жаңадан 23 мың оқушыға арналған 37 мектеп, 25 мың атыраулық отбасын қамтитын жалпы ауданы 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу жоспарланып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады.
Одан бөлек, денсаулық сақтау, коммуналдық қызмет көрсету, ауыз сумен, электр энергиясымен, табиғи газбен қамту, өміршең жобаларды жүзеге асыруға инвестиция тарту бағытында біраз бастамалардың ойластырылғаны да құптарлық жайт. Осының бәріне межелі мерзімінде қол жеткізіліп, белгіленген міндеттер мүлтіксіз орындалғанда ғана бақуатты тұрмыс кешіп, бай-қуатты елге айналарымыз даусыз.
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы