Болашақтың тұғырнамасы

zagruzhennoe Қоғам

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында көтерілген латын әліпбиіне көшу ісі бүгінде ел арасында қызу талқылануда.

Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Рухани жаңғыру – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен    жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы» деген болатын. Мақалада тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­ты ұсынылды. Ал, латын әліпбиіне көшу таяу жылдардың басым міндеттерінің бірі ретінде көрініс тапты.

Мәселен, тәй-тәй басқан сәбидің әр қадамына, сүрінгеніне еш сын айта алмаймыз. Керісінше, қолтығынан демеп, талпынып кеткенше көмектесіп, бар жақсы сөзімізді айтып, қолдап, қолпаштаймыз. Ендеше, сол «сәбидей» жаңалыққа қарай бет бұрған оң идея  қолдауға әбден лайықты. Ұлтымыздың тарихына көз жүгіртсек, 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Ол 1940 жылға дейін қолданылып, кириллицаға көшкен болатынбыз. Демек, біз өткенімізді қайта еске алып, жаңғыруға бет бұрдық.

Бұл жердегі менің айтпағым, кейбір аға буын өкілдері латын әліпбиіне көшуді жа-тырқай қарсы алса, жастардың латын әліпбиіне деген көзқарасы мүлдем бөлек. Осыдан бес-алты жыл бұрын балалардың латын қарпімен жазатынын көріп, алғашында қатты таңғалдым. Біртіндеп мен де солардың легіне ілесіп, олардың жазғанына латынша жауап беруге машықтана    бастадым.

Ал, қазір жастардың ортасына барып, «бізге латын әліпбиінің қажеті бар ма?» деп  сұрап көріңіз, олардың барлығы да сізге «қажет» деп жауап береді. Сабақ үлгерімі төмендеу оқушының өзі құрбыларына хабарламаны латын қаріптерімен жазып отырады. Яғни, жастар жаңалықты тез қабылдайды. Олар латын әліпбиіне көшу идеясын  тез, қуана, құптап отыр. Ендеше, аға буын өкілдерінің қорқуына еш негіз жоқ. Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуінде, дамуында ең бірінші «адами капиталға» мән беретінін ескерсек, балаларымызға жағдай жасайтын реформаның да рөлі зор. Мәселен, Египетте 750 иероглиф болыпты, оны да жатқа білгендер болған.

«Көз – қорқақ, қол – батыр». Тек жаңа әліпбиді үйрететін кадрларымыздың сауаттылығына назар аударуымыз керек-ақ. Алдағы ең басты мәселе де осы болмақ.

 

Орынтай БИМАНОВА,

Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің бас менеджері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз