БӨГЕТТЕР – БАСТЫ НАЗАРДА
Аталған департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімшесінің бастығы Әлібек Жанғалиевтің айтуынша, Жайық, Ойыл, Жем және Сағыз өзендерінде қардың мол болуы өзен суының көбеюіне себеп болып, суды екі есеге молайтады. Бірақ, суы азайған өзендер үшін бұл онша қауіпті емес.
– Су басу қаупін тудыратын негізгі факторлар – қыс-күз мезгіліндегі ауа райының күрт жылуы салдарынан қардың еруі, мол жауын-шашынның түсуі және Каспий теңізінің желкөтерме құбылыстары. Бүгінде «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының болжамына сәйкес, қысқы қар жамылғысы түскенге дейін күзгі ылғалдылық өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе көп. Алайда, су тасқынының көлемі туралы негізгі болжамдар наурыз айының бірінші онкүндігінде айтылады, — деді Әлібек Амангелдіұлы.
Айта кету керек, Қиғаш және Шарон өзендеріндегі су көлемі болжанбайды, себебі бұл өзендердің тасуы тек Волгоград су қоймасының мөлшерден тыс артық суды жіберуі салдарынан туындайды.
«Облыс аумағындағы су тасқыны қауіптілігі бар аймақта елді мекендер өте көп. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ету картасы жасақталды. Су тасқынына қарсы бөгеттерді және жаға бекіту құрылыстарын тексеру, қауіпті тұстарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы су айдындарының бойында 515 шақырым дамбы бар. Мұның бәрі жергілікті бюджет есебінен тұрғызылды. Бұдан басқа төтенше жағдайлар және шұғыл шығындарға арналған резервтері қомақты қаржымен қамтылып отыр», — деді Ә.Жанғалиев.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.