Біздің мндетіміз – қоғамды қалғытпау
Отандық журналистиканы әлі күнге дейін біртұтас кеңістік ретінде қарай алмай келеміз. Оның бірден бір дәлелі – «қазақ тілді журналистика» және «орыс тілді журналистика» ұғымдарының сәнге айналып, осы екі «әлем» арасындағы алшақтықтың әбден санаға сіңіп бара жатқаны. Мұның барлығы мемлекеттік тілдің тиісті тұғырдан көріне алмай отырғанының салдары. Сондықтан, халқымыз «бір Отан, бір Тіл, бір Ту» қағидатына топтасуы керек» дейді республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп. Мереке қарсаңындағы әңгімеміз кәсіби мәселелерге арналды.
Нұртөре ЖҮСІП, республикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері: БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ – ҚОҒАМДЫ ҚАЛҒЫТПАУ
— Қазақ журналистикасының даму барысын қалай бағалайсыз? Ақпарат жеткізудегі жеделдік, елдегі, әлемдегі оқиғаларға дер кезінде үн қатысу деңгейі қалай?
— Тарихы сонау «Дала уәлаятынан» бастау алатын қазақ журналистикасы елмен бірге дамып келе жатыр. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарындағы даму, жаңа белестің жөні бөлек. Жаңаша реңк байқалады. Ақпарат жеткізуде де жеделдік жоқ емес, бар. Бірақ, соңғы кезде «пресс-релиздік журналистика» белең алуда.
— Осы уақытқа дейін қазақ журналистикасы неден ұтты, неден ұтылды деп ойлайсыз?
— Тәуелсіздік бізге көп дүние берді. Еркіндік, елдік, мемлекеттілік деген ұғымдар алдыңғы лекке шықты. Ал, қазақ журналистикасы Тәуелсіздіктің шырақшысы, қорғаушысы, сақшысы, тілекшісі міндетін абыроймен атқарып келеді. Мемлекеттілік, елдік, мәдени және рухани әлемдегі әділеттілік, тазалық пен турашылдық тарапында қаншама мақала жарияланды, керемет тележобалар жарық көрді.
Егер дербес бір сараптамалық орталық ашылып, осы уақытқа дейінгі қазақ тілді басылымдарда шыққан ұлттық «жанайқайларды» бір жерге жинастырып, топтастырып, талдап қарайтын болса, ұлттық идеяға қажетті талай мәселе іріктелген болар еді. Ұтылғандарымыздың ауқымы қандай болғанын сол кезде көрер едік.
— Әлемдік деңгейдегі журналистиканың қандай артықшылықтарын ала алмай келеміз?
— Бүкіл әлем «сөз бостандығы» деген ұғымға бас иеді. Технологиялық жағынан дамуда жаман емеспіз. Бірақ, сөз бостандығы, объективтіліктің сақталуы мен өрістеуі жағынан дамытатын тұстарымыз бар. Біздің, яғни журналистер қауымының басты міндеті – қоғамды қалғытпау. Сол мақсат орындалғанда ғана, қоғамдық ойды тот баспайды.
— «Болашақта дәстүрлі медиа, соның ішінде газеттер жойылып, оның орнын интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер басады» деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
— Осы пікірді естігелі талай жылдың жүзі болды. Газеттер жойылмайды! Өйткені, қазақ та – өзге озық жұрттар секілді оқу мәдениеті қалыптасқан ел. Оқу мәдениеті қалыптасқан елдің дәстүрлі мұрасынан бір күнде қол үзе салуы мүмкін емес.
Оның үстіне, Қазақстан территориясының ауқымдылығын, орталықтан шалғай орналасқан елді мекендердің көптігін есепке алыңыз. Интернет, телефон байланысы тұрмақ, жарығы жоқ алыс ауылдарға ақпарат жеткізіп отырған жалғыз құрал – газет-журналдар ғана. Демек, газеттерді оқу үрдісі сақталады.
Әйтпесе, әлемде технология жағынан алдына қара салдырмай отырған Жапония, Оңтүстік Корея, көршілес Қытай, АҚШ сынды алпауыт мемлекеттер неге өз газеттерін жауып тастамай отыр?! Ойланатын мәселе ме?
Мәселен, Жапонияда «Иоумури» газеті таңертең және кешке миллиондаған таралыммен жарық көреді. Метрода, қоғамдық көліктің басқа да түрлерінде жапатармағай газет оқып отырған адамдарды көру таңсық емес. Бұл жерде мәселе талғам мен таңдауға тіреледі. Сізге қайсысы ыңғайлы, газет пе, сайт па?
Таңдау – азаматтардың еркінде. Қазақ тілді интернет ресурс әлі де күш алуы тиіс деп есептеймін. Қазақ тілі қай салаға болсын жарамды. Демек, тілдің тартымдылығын қалыптастыру – басты назарда болу керек. Әрине, әлеуметтік желілердің дамуы – заман талабы. Бірақ, бар нәрсені құртып, жаңадан велосипед ойлап шығарудың қажеті шамалы деп білемін. Бұл –азаматтардың талғамы мен талабына байланысты, құстың қос қанаты секілді, қатар дамитын сала.
Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.