«БІЗДІҢ ҚАРТАЮҒА УАҚЫТЫМЫЗ ЖОҚ…»

«Әжелер» ансамблінің мүшелерімен сыр-сұхбат

«Сонау 1997-98 жылдары  колхоздар арасында бірінші рет көркемөнерпаздар фестивалі өтетін болды. Ол кездегі халықтың ауызбірлігі, ұйымшылдығы дегендерге ештеңе тең келмейтін еді ғой. Қызу дайындық басталып кетті. Сол кездегі Атырау округіне қарасты Жаңаталап селосының клуб меңгерушісі Рахима Мұқашованың жетекшілігімен осы «Әжелер» ансамблі құрылды. Сөйтіп, біздің ансамбль көптеген өнер ұжымдары арасынан осы сайыста бірінші жүлделі орынды жеңіп алдық.

 Өмір өз дегенімен жүретін нәрсе ғой. Алғашқы қарлығаштары болып, сахна төріне халық әндерін,  қазақтың қара өлеңдерін насихаттап шыққан Мәуазия Долмұқанова, Бибіш Молдаева, Дәлеш Нарымбаева, Зайда Сұлтанова сынды өнерпаз әжелер бұл күнде өмірден өтіп кеткен. Қазір он алты әже бармыз. Негізгі репертуарымызда – қазақтың салт-дәстүрін жырлайтын халық әндері. Мақсатымыз – ұмытылуға қалған әндерді кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру»,– деп әңгімесін бастады 85 жастағы Зәтен Төреғалиева апа.

Зәтен апа дүкеншілік қызметімен бірге отбасылық міндетін де тең алып жүрген, жастайынан еті тірі, өнерлі адам екен. Суырып-салма ақындығы  бар Зәтен, көп ортасында сыйлы, айналасына қадірлі болды. Өмірдің сан тарау соқпақтарымен жүре отырып, бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның  дәмін татқанына ризашылығын білдіреді. Бауырынан тараған алты баладан 23 немере, 10 шөбере сүйіп отырған Зәтен апа бір сәт өткен өмірге көз жүгіртіп, өзінің жас кезіндегі наурыз тойы, оның ерекшеліктері туралы асқан сүйіспеншілікпен сағына әңгімеледі.

Қолынан қоңыр домбырасын тастамаған Зәтен апаның: 

Қарағым айналайын құрдасым-ай,

Мойның бар самауырдың тұрбасындай

Жеріңе сен айтқанда мен барайын

Қарап тұр, қыр басынан бермен қарай» деген және

Біз өскен бір ауылдан екеу едік

Екеуміз қатар өскен көркем едік

Екеуміз қатар тұрып ән салғанда

Талайдың көкірегін өртеп едік», – деген сияқты  суырып салған әндерін замандастары әлі күнге айтып жүреді екен.

Бізбен сұхбаттас болған ансамбльдің тағы бір мүшесі – 75 жастағы Нұрбике Қанатова. Төрт баладан 12 немере, 4 шөбере көріп, бақытқа бөленіп отырған апамыздың сыңғырлаған дауысы жаныңды нұрға бөлейді. Ол да үлкен отбасының ұйытқысы. Екі келін ұстап, шаңырағының әрін кіргізіп отырған асыл ана. «Ансамбльде ән айту – менің негізгі міндеттерімнің бірі сияқты көрінеді. Кейде шөберелерімнен шыға алмай қалып жатамын. Бірақ, ұлттық өнерді біз насихаттамасақ, кімге керек?» деген ой мазалағанда құрбыларымды бетке алып жолға шығамын. Біздің «қыздардың» барлығы да өнерлі». 

Бірін-бірі еркелетіп, жеңіл әзілдесіп отырған осы бір өнерлі әжелермен жақынырақ танысқан сайын, бір-біріне деген ғажайып бір сыйластықты, қамқорлық пен құрметті көрдік, көрдік те ерекше сүйсіндік.

Нұрбике апамен түйдей құрдас, әрі талай жыл іргелес тұратын құдайы көрші, 45 жыл ұстаздық еткен, «Алтын алқа» иегері  Бақытжан Шәукенова да біздің әңгімемізге белсене араласты. «Осы отырған ансамбль мүшелерінің барлығы да – өнерлі шаңырақтың отаналары. Өзіміз сияқты  үрім-бұтағымыз да өнерден өрнек өргендер. Облысқа қарасты мерекелік шаралардың барлығына да қатысып келеміз. Біздің өнеріміз сатулы емес. Біз бұл үшін ақша сұрамаймыз. Көздегеніміз – халқымыздың ән-жырларын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Ал, қазақ әндерінің қайсысына құлақ түрсеңіз де ұлағатқа толы.

Жер аяғы жібіп, ел шетіне Наурыз да келіп жетті. Ол – ұлтымыздың ең бір қадірлі ұлық мерекесі. Өйткені, бұл күні пендешілікпен кеткен кемшіліктер кешіріліп, алыс-жақындағы ағайын көрісіп, арқа-жарқа болып қалатын Ұлы күн. Әрине, қазіргі Наурызды атап өтуде заманға сәйкес, көптеген өзгерістер, кемшіліктер мен жетістіктерде баршылық. Әдеттің тозығын алмай озығын жандандырса, ұйымдастырушылар бұрынғы өткен тойлар туралы деректермен жете танысып, жалпыхалықтық сипатта жаңа үлгі ұсынса деген тілек қой біздегі». Жүзінен игілік пен сыпайылықтың лебі есіп тұрған ақсары жүзді Бақытжан апаға ақ кимешек жарасып-ақ қалған.  Баяғының ақылгөй әжелері сияқты алыстан тербеген ой толғамдары жаныңа жайлы тиеді.

Ел аузында күйші атанған әкесі балаларының барлығына да қасиетті домбыраны үйретіпті.«Домбыраның құлағын аузымызға салып, құлағымызбен тыңдататын. Сондағы күмбір дауыс санаңда ғана емес, көкірек түпкірінде жатталатындай күй кешетінбіз», – деп апамыз еске алып қойды. Осындай мектептен өткен Бақытжан ана да домбыраның құлағында ойнайды. Қызы Айгүл Танова «Атырау аруы» байқауына қатысып, республикадан бірінші орын алып келіпті. Бұл да өнерлі ананың ұрпағына берген өнегесінің жемісі болса керек.

Бақытова Зиба апаны бұл маңда танымайтындар аз шығар.  Ер мінезді, ширақ жүрісті, қашанда халқым деп елжіреп жүретін Зиба апамыз-осы ансамбльдің ұйымдастырушысы, жанашыры. Кезінде жүргізуші болып жұмыс жасаған ол зейнеткерлікке шықса да бос отырмай, осы ансамбль жұмысына белсене араласып келеді. «Бұл ұжымда менің анам Дәлеш Нарымбаева да өлең айтқан.  Жұрты құрмет тұтқан өте өнерлі адам еді. Өзім дайындыққа машинамен алып келіп жүретінмін. Ақындығы да бар болатын. Анам марқұмның: 

«Бір балық су ішінде табан болғай,

Балалар анасымен аман болғай,

Ән салып, өлең айтып, жыр-жырлайық,

Бейбітшіл тек тыныштық заман болғай»-деп шырқаған әні әлі күнге дейін құлағыма келіп тұрады»,-деп толғанған Зиба апамыздың өмірінің өзі бір дастан. Жан жары суға кетіп, қайтыс болғанда үш баламен жесір қалған жас келіншек көп ойланбастан ері айдаған машинаның руліне өзі отырады. Жұмыстың ауырынан қашпай ерлермен үзеңгілес жұмыс жасайды. «Қонар, Әбіл, Серік, Қаби деген жұмыстас құрдастарым болып еді. Бәрі де кетті өмірден» деп мұңаяды апай. «Крокодил» атанып кеткен «ЗИЛ-133» машинасын айдаған кездерін сағына еске алады. Айтқандай-ақ ол кісі әлі де көлік жүргізеді. 

«Былтырғы Наурызда Исатай-Махамбет алаңындағы концертке қатысуымыз керек болатын. Бізге көп көңіл бөліне бермейді ғой, көлік таппай шуластық та қалдық. Содан «жигулиімді» от алдырып, киімдерін киіп, жасанып алған әжелерді мінгізіп алдым да «қала қайдасың» деп зуылдай жөнел-дім. Өзімнің үстімде де сол ұлттық киім. Қаланың ортасында жүйткіп келеміз. Бір кезде МАИ қызметкерлері тоқтатты. Үсті-басым жарқырап, басымдағы ақ кимешегіммен «жай ма, балам» деп көліктен түсе бердім. Әлгі қызметкер көзі бақырайып «жәй-жәй, жолыңыз болсын, апа» деп күлімсірей қолын шекесіне апарып құрмет көрсетті», – деп  бір күліп қойды.

Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көтере жүріп, Зиба апа балаларын жетілдірді. Бүгінгі күні  үш баладан 11 немере, 3 шөбере сүйіп отырған абзал әже. Бірақ, жасым ұлғайды деп қолынан қоңыр домбырасын тастаған емес, шалқытып ән де салады. Бір кездері Мәскеуде өткен өнер фестивалінде халық әнін орындап, лауреат атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталғаны бар. Облыста өткен «Сағым жылдар» фестивалінің де лауреаты. Әңгіме арасында өзінің бала кезіндегі Наурыздың тойлануы, өрмек тоқу, киіз басу, жүн сабау сияқты анасынан көрген ұлттық өнердің қыр-сыры туралы ерекше әңгімелейді.

Бірер сағатқа созылған сырласудан ұққанымыз – әжелердің елін сүйіп, халқын қастерлейтіндігі, халықтық өнерге жаны ашып, жоқтаушы болып жүргендері. Тағы бір пайымдағанымыз – қандай мәдени шара болмасын жалауша желбіретіп, әжелерімізді алға ұстағанымен, оларға көрсетілер құрметтің кемшіндігі. «Біз әжелерімізге көлік мінгізіп, шапан жап деп қолқа салмаймыз. Ең болмаса үлкен бастарымен барғанда қолдарына бір тал гүл ұстатып жіберсе ғой…», – деп ауылдық клубтың меңгерушісі Ғалия Мұқамбетова да базына айтты.

…А-х-ау гүлдер айым, күн мен айым

Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын… – Әжелердің орындауындағы әуелей төгілген ән айналаны ғажайып бір күйге бөлеп,  көгілдір көктемнің жылы шуағымен астасып жатқандай. Ән қанатындағы әдемі ғұмыр ғой бұл!…

Ағиба Қатешова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз