Жарнама
Қоғам

«БІЗ – ЖАУ БАСЫНБАҒАН ЕЛМІЗ…»

Ұлы Жеңістің 70 жылдығын өз дәрежесінде атап өту  үлкен сын. Өйткені, біздер, қайыңның қарсы бұтағындай, қан майданға қарсы туғандармыз. Жөргектер құрғап, аяғымызға тұрмай жатқанда-ақ алдымыздан заман зұлматы қарсы шықты. Бас көтергендер елін қорғауға кірісті.

Оның үстіне, 1942 жылы тамызда Сталинград майданындағы жағдай күн санап ауырлап, Баку мұнайының жолы қиындағасын, еш өңдеусіз танкілерге тікелей құюға жарайтын Ембі мұнайын майданға тез жеткізу қажет болды. Осыған орай, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының құпия қаулысымен елімізде Каспий маңы облыстары «соғыс жағдайында» деп танылды. Сол жылғы 1 қыркүйекте Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мырзахмет Бекжанов бастаған облыстық Қорғаныс Комитеті құрылды. Қаулы құпия болғандықтан бұл туралы арғы-бергі баспасөз ештеңе жазбады. Еліміз егемендік алғаннан соң ғана осынау тарихи шындық дәлелденіп, айтыла бастады.

Міне, осы кезеңде мыңдаған ана-әжелер, жасөспірімдер мен қариялардың күшімен аптап ыстық пен сары аязда күндіз-түні еңбек ету арқылы 200 шақырымдық Гурьев-Астрахан темір жолы төселді.  Ешқандай механизм жоқ, бәрі де қол күшімен жасалған жұмыстың сапасы айтарлықтай болды. Осы «Жол» деп аталатын науқанға қатынасқан мыңдаған адамнан күні бүгін 90 шамалысы бар екен. Біз солардың бәрі де марапатқа әбден лайық деп есептейміз.

Облыстық ардагерлер кеңесі қаладағы орта және жоғары оқу орындарының студенттері арасында конкурс жариялап, үш жыл бойы демеушілер күшімен Халық қаһарманы, ұшқыш жерлесіміз, майдангер Хиуаз Доспанова атындағы шәкіртақы тағайындап, төлеп келеді. Хиуаз атындағы су жаңа ұшақ Атырау-Мәскеу арасына қатынауда. Кеңес Одағының Батыры, еліміздің Халық қаһарманы, алғашқы Қорғаныс министрі, Армия генералы, бірнеше жыл республикалық ардагерлер ұйымын басқарған Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 90 жыл толуына арнап шығарылған медальмен белсенді 25 ардагеріміз ресми жағдайда марапатталды.

Республикалық «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестиваль-байқауы барлық округтерде өтіп, қорытынды шарасы аудан орталықтарында ұйымдастырылды. Шара жеңімпаздарына сый-сияпаттар жасалды. Олардан облыстық деңгейде қатынасатын концерттік нөмірлер, көрме бұйымдары іріктеліп алынды.

Ұлы мерекеге арналған тарихи кітабымыз жарыққа шықты, кейбір аудандар өз «Боздақтарын» даярлау үстінде. Бүгінде ардагерлер үшін құрманғазылық белгілі қаламгер Рахмет Иманғалиевтың «Жаралы жылдар, жаужүрек ұлдар» тарихи эссесі өте құнды туынды болып отыр. Сондай-ақ, ақын, журналист Төлеген Жаңабаевтың «Есте ғой, есте, сұрапыл соғыс» атты үлкен еңбегі,  «Отанға Жеңіспен оралғандар» (Индер), «Жылыой ауданы Отан соғысы жылдарында», «Жеңісті жақындатқандар» (Исатай), «Ерлік –  елге мұра, ұрпаққа ұран» (Мақат) атты құнды кітаптар, облыстық мәдениет және мұрағат басқармасы арқылы Ұлы Отан соғысы ерлерінің елдегі бейбіт замандағы еңбектері топтастырылып, үлкен тиражбен жарыққа шығарылуда.

Облыстық ардагерлер кеңесінің тікелей демеуімен бес-алты бейнебаян шығарылды. Келесісі соғыстан аман оралғандардың бейбіт өмірдегі тіршіліктеріне арналады. «Қазақ елінің зиялы азаматтары» цикліне 54 адамды ұсынған едік (оның жиырмасы келесі томға енеді). Ол кітап Алматыдағы баспадан шықты.

Ғаламторда өзіміздің арнайы бетшемізді аштық. Қазірде оған жақын шетелдерден сұраныстар мен ұсыныстар түсіп жатыр. Сондай-ақ, облыстық ішкі саясат басқармасының мақұлдауымен Ұлы Отан соғысы ардагерлері жөнінде баспасөзде жариялаудың медиа-жоспары бекітіліп, материалдар тұрақты рубрикалармен жарық көруде. Жуырда осы тақырыпты жазған журналистерге байқау-конкурс жарияладық. Қорытындысы Журналистер күнінде шығарылады.

Бізде әрбір ай Кеңес Одағының батырларына бөлінген.  Сол айда ардагер туралы мәдени-көпшілік шаралар өтуі тиіс. Айталық, он батырымызға он ай арналды. Қыркүйек – Боран Нысанбаев айы, қазан – «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері Қайырғали Смағұловқа арналды. Қайырғали ағамыздың ерлік жасаған күнінің 70 жылдығына Керчь қаласына бізден делегация барып келді.

Майданда 720 мыңдай қазақстандық қаза тапты. Біз Кеңес  Одағы Батыры атағын алғандар бойынша алдыңғы орындардамыз. Егер халық санына шақсақ, еліміз бірінші орынға шығуы мүмкін. Соғыстан кейін Ресей жерінде еңбек етіп, «Октябрь революциясы» орденін алған, Атырау облысының тумасы Қызылов Сақап Бәкуұлы деген азамат майданда «Даңқ» орденінің толық иегері болыпты. Осы кісі жақында ғана белгілі болды. Бұл – облыс, республика статистикасына қосылған жағымды жаңалық, оң өзгеріс.

Неміске атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда құйылған. Тізе берсек,  бізде ерекше ерлік үлгілері жетерлік. Белгілі Брест қамалын жаудан қорғағандар, негізінен, қазақстандықтардан құралған 3,5 мыңдай солдат қана.   Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін 201 адам Социалистік Еңбек Ері атанса, соғыс заманындағы табандылықтары  үшін ер атанғандар Исатай, Құрманғазы аудандарында баршылық. Осы Исатай ауданы КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туын үш рет қатарынан жеңіп алып, оны мәңгі ескерткішке қалдырған-ды. Ол Ту қазір облыстық тарихи-өлкетану мұражайы төрінде тұр.

Александр Матросовтың ерлігін жасаған индерлік Боран Нысанбаев, капитан Гастеллоның ерлігін қайталаған жетісулық Бақтыораз Бейсекбаев, Берлинді алғаш бомбалаған ұшқыш, маңғыстаулық Біләл Қалиев және басқаларын мысалға алуымызға болады.

Соғыс жылдары еліміздің батысынан Атырауға бірнеше өндіріс орындары да көшірілді. Мәселен, Петровский атындағы машина жасау зауытының станоктары вагоннан түсірілген бойда ықтасын жоқ үскірік аязды далада тоққа қосылып, күндіз-түні оқ жасаған.

Әйтеке бабамыз:

«Біз – жау басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Достықты сақтай білген елміз,

Дәм-тұзын ақтай білген елміз,» — деп, өте орынды айтқан. Біз қазақтың қасиетті құрсағынан туған бүгінгі балалар бабалар тілегіне лайық ұрпақ болады деген сенімдеміз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы баршамызға құтты болсын!

Қатимолла Ризуанов, Атырау облыстық ардагерлер

кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button