Жарнама
Қоғам

Біз қазақ халқына борыштармыз

Атырауда өзге ұлт өкілдері, әсіресе, корейлердің көп орналасқан жері – Махамбет ауданының Бейбарыс ауылы. Тоғыз ұлттың  өкілі тұратын ауылда қырықтан астам корейлер бар. Олардың Қазақстан жеріне 1937 жылы қоныс аударылғаны бізге тарихтан мәлім. Алақандай ауылдағы ұлттардың тату-тәтті тірлігіне қарап, көзің сүйсінеді. Ал, корейлердің тағдыр тауқыметін тартқан сәтте қамқор болған Қазақ еліне алғыстан басқа айтары жоқ.

kazakhstan_south_korea

Тарих парағына қайғы-қасыретімен жазылып қалған сталиндік қуғын-сүргін оқиғасының орын алғанына сексен жылдан астам уақыт өтті. Одан бері көп нәрсе өзгерді. Еліміз егемендік алып, еңсе түзеді. Жергілікті тұрғындармен қатар жерімізге күштеп қоныс аударылған корейлер де өсіп-өніп, ел үшін, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында еңбек етті. Ауыл тұрғындары тонның ішкі бауындай бауырмал. Әрдайым бір-біріне қол ұшын созуға әзір тұрады. Бейбарыс ауылдық округінің бас маманы Анаргүл Ербөлекованың айтуынша «Ауылда корейлерден бөлек удмурд, беларусь, татар, украин, өзбек, орыс ұлттарының өкілдері бар. Олар өз салт-дәстүрлерін сақ-таумен қатар, қазақ халқының ұлттық құндылықтарына да құрметпен қарайды».  

Өткен жылы ауыл орталығынан ашылған тарихи ескерт-кіштегі корей тіліндегі «Қазақ халқына мың алғыс!» деген сөздің астарында да терең мағына жатыр. Себебі, олар елден шеттетіліп, иен далада қалған сәтте қанатының астына алып, қамқор болған Қазақ еліне дән риза. Ұзақ жыл егін шаруашылығымен айналысып жүрген ауыл тұрғыны Пен Роман мен жолдасы Роза – бала өсіріп, немере сүйіп отырған үлкен шаңырақ. Қызын қазаққа беріп, құда болған бұл отбасының тұрмыс-тіршілігіне қазақы салт-дәстүр еніп кеткен. «Сол бір қуғын-сүргін жылдары аға буын өкілдері үшін ұмытылмастай оқиғаға айналды. Қазір тәубе дейміз. Бейбіт күнде өмірге келген ұрпақтарымыз Қазақстанды туған елі, Отаны санайды. Осы жерде төрт балам өмірге келіп, үлкен шаңыраққа айналдық. Бәріміздің тілегіміз – Қазақ жерінің амандығы, болашағының жарқын болуы. Сондықтан, ауылдағы мемориалды ескерткіштің біз үшін орны бөлек. Бұл бүкіл қазақ халқының жақсылығын көрген корейлердің алғысын білдіретін қасиетті нышанға айналды», дейді Роман Пен.

Иә, шынымен де бұл ескерткіш татулық пен достықты, ынтымақ пен бірлікті бағалайтын, бауырмал да қонақжай қазақтарға арналған ризашылықтың белгісін білдірсе, екінші жағынан, тарихы тереңнен бастау алатын рухани орын-ға айналып отыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button