
Біз – әртүрліміз, бірақ теңбіз!
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында айтқан мазмұнды ойлары – еліміздегі татулық пен бірліктің нақты бағдары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Президенттің «Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да» деген сөздері – біздің қоғамның негізгі ұстанымын айқын көрсетіп отыр. Бұл – тек сөз емес, бұл – күнделікті өмірімізде көрініс тауып жатқан, берік принципке айналған құндылық.
Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан қоғамдық келісім мен этносаралық татулық моделі – тек Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл әлемге үлгі боларлық жол. Біздің еліміз әр азаматтың құқығын, таңдау еркіндігін құрметтейді, бұл – нағыз әділетті қоғамның белгісі.
Расында да біз ешқашан сыртқы әсерлерге еліктеген жоқпыз, керісінше, өз жолымызды тауып, тұрақтылық пен келісімге негізделген тиімді саясатты жүзеге асырып келеміз. Осы жолда Ассамблея сынды институттардың рөлі зор. Олар халықты біріктіретін, ортақ мақсатқа жұмылдыратын көпір іспетті.
Әрбір этнос өкілінің өз тілін, мәдениетін дамытуына жағдай жасау – бұл тек мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндік емес, сонымен қатар ұлттар арасындағы өзара құрметтің нақты көрінісі. Бұл – болашақ ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұра.
«Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген ұстаным қоғамымыздың өзегіне айналып үлгерді. Бұл – күшіміздің бірлікте екенін көрсететін қағида. Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде орнығуы да – ұлттық тұтастықтың берік іргесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл – бірлікке бастайтын, болашақты баянды ететін саясат.
Біз осы бағыттан таймай, ортақ жауапкершілікпен алға жылжи беруіміз керек. Себебі Қазақстанның басты жетістігі – оның халқының тату өмірі мен ортақ құндылықтарға деген берік сенімі.
Бәтима РАХМЕТОВА,
Қамысқала ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы
Исатай ауданы