
Бюджет есебі: Құрылыс пен әлеуметтік жобалар неге кешікті?
Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында 2024 жылғы облыстық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Шынар Елеусінованың мәліметінше, өткен жылы облыс бюджеті 98,8 пайызға орындалған. Жоспарланған 979,9 млрд. теңгенің 967,7 млрд. теңгесі игеріліп, 12,2 млрд. теңге қалдық қалып отыр.

Игерілмеген қаржының басым бөлігі жобаларға түзету енгізілуі, жұмыстардың мерзімінде орындалмауы және тауарлардың жеткізілмеуі сияқты себептермен байланысты болды. Мәселен, Атырау қаласындағы кәріздік тазарту нысаны мен «Нұрсая», «Өркен» шағынаудандарындағы емханалар құрылысы кешіктірілген.
Сонымен қатар республикалық бюджеттен жастар мен ауыл тұрғындарына микронесиелерге арналған 1,47 млрд. теңге қаржының түспеуі салдарынан бірқатар бастамалар іске аспаған.

Жергілікті деңгейдегі игерілмеген қаржы құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау, азаматтық қорғау және басқа да салаларда орын алған. Осыған байланысты бірнеше аудан әкімдерінің орынбасарлары мен бөлім басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Отырыс соңында Экономика және өңірлік даму мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Нәсіп Шалабаева сөз алып, бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесіне назар аударды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ