
Бірлікті бекемдеудің белгісі
Атырау облысында қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында дайындық шаралары атқарылуда. Бұл туралы «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Болатбек Ұласханұлы баяндады.
Айт намазы 6 маусым күні таңғы сағат 06:30-да облыс мешіттерінде оқылады. Осы рәсімнен кейін құрбан шалу басталады. Биыл да құрбан шалуға ниет еткен тұрғындар үшін арнайы мал сою орындары белгіленіп, санитариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.
Құрбан айт – мұсылман баласына сабыр мен шүкіршілікті, бауырмалдық пен қайырымдылықты үйрететін ұлы мейрам. Бұл күн – Жаратушыға жақындаудың, жақсылықта жарысудың, бірлікті бекемдеудің белгісі,-деді бас имам.
Мейрам аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, жалғызбасты қарияларға құрбан еті жеткізіліп, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Құрбандық шалу дәстүрлі түрде онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Онлайн тапсырысты qurban.muftyat.kz сайты арқылы беруге болады. Порталда мал түрі, бағасы мен сипаттамасы толық көрсетілген. Құрбан шалынғаны туралы бейнемәлімет өтініш иесіне жіберіледі.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев қазіргі уақытта қала бойынша мал сойылатын төрт орынның дайындалып жатқандығын жеткізді. Олар: «Тума» мал базары, «Адал» мал сою орны, «Иманғали» және «Құспан молла» мешіттері жанындағы қасапханалар.
– Құрбан айт тек діни рәсім емес, қоғамдағы ізгілік пен татулықты насихаттайтын маңызды рухани мереке. Сондықтан да бұл күнгі іс-шаралар халқымыздың бірлігі мен мәдени құндылықтарын нығайтуға бағытталады, -деді ол.
Құрбандық шалу рәсімдерін арнайы оқудан өткен 14 білікті қасапшы атқарады. Құрбандық етін мұқтаж адамдарға жеткізу ісіне имамдар мен еріктілер жұмылдырылады. Мұқтаждар тізімі арнайы база арқылы анықталады.
Мешіттерде Айт мейрамына орай ұлттық ойындар ұйымдастырылып, балаларға тәттілер үлестіріледі. Сонымен қатар кәсіпкерлерге мал бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде арнайы ескерту де жасалды.
Брифинг соңында спикерлер барша жұртшылықты Құрбан айт мерекесін игі амалдармен қарсы алуға, мейірім мен қайырымдылықты ту етуге шақырды.
Өз тілшіміз