
Бірлік пен татулықтың жаршысы – Студенттік Ассамблея
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 30 жыл ішінде бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасқанын ерекше атап өтті. Президент Ассамблеяның қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, ел ішіндегі тұрақтылық пен ынтымақты нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Ассамблея мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалог орнатуға ықпал етіп отыр.
Осы бағытта үлкен маңызға ие бастамалардың бірі – «Ассамблея жастары» қозғалысы. Оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жасты отансүйгіштікке, ынтымақ пен татулыққа тәрбиелейтін нағыз азаматтық мектепке айналды.
Жуырда осындай ұйымдардың бірі – Студенттік Ассамблея Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде де өз жұмысын бастады. Бұл – тек символикалық қадам емес, шын мәнінде жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, ұлтаралық келісім мен толеранттылықты нығайтатын маңызды алаң.
Студенттік Ассамблеяның басты ұстанымдарының бірі – «Адал азамат» қағидаты. Бұл бастама жастарды туған еліне адал, қоғамға пайдалы, ізгі жүректі азамат болып қалыптасуға жетелейді. Мұндай идеялар тек сөз жүзінде емес, нақты іс-шаралар, кездесулер, еріктілік жобалар арқылы жүзеге асуда.
Атырау мұнай және газ университетінің жастары да бұл бастаманы зор ықыласпен қабылдап, алғашқы күннен-ақ түрлі бағытта жұмысқа кірісіп кетті. Этномәдени кештер, экологиялық акциялар, диалог алаңдары – мұның бәрі бір ғана мақсатқа, яғни бейбітшілік пен бірлік құндылықтарын дәріптеуге бағытталған.
Өскелең ұрпақ – ел ертеңі. Жастарды біріктіретін, олардың дауысын естіртіп, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретін осындай бастамалар – ел болашағының берік іргетасы. Бірлік – біздің басты байлығымыз. Егер жастар бір мақсатқа жұмылып, ортақ іске үлес қосса, алар асуымыз биік, алар белесіміз бекем болмақ.
Гүлзада ШАКУЛИКОВА,
«С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректоры