
Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл
Бүгін Астана қаласында «Тәуелсіздік» сарайында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы XXXIV мерейтойлық сессиясы өтті.

1995 жылы 1 наурызда тарихи жолын бастаған Қазақстан халқы ассамблеясы 30 жылдың ішінде еліміздегі бірегей ерекше қоғамдық институтқа айналды.
Қазақстанның барлық өңірлерінен келген делегаттар, елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері қатысқан салтанатты жиын Отанымыз Қазақстанның бейбітшілік пен достық мекені болғанына шынайы қуанған көңіл күйде өтті.
XXXIV сессиядағы сөзінде Президент «Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты» деп атап өтті
2007 жылы конституциялық мәртебе алған ҚХА еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға, қазақстандықтардың өзара ынтымақтастық пен сыйластығын, мәдениетаралық құрметін дамытуға қызмет етіп келеді.
ҚХА елімізде азаматтық қоғамды дамыту жұмыстарына белсенді араласады. Ұлттық Құрылтай құрамында және басқа да қоғамдық ұйымдар құрамында Ассамблея өкілдерінің болуы елімізде азаматтық институттардың дамуына оң ықпал етеді.
Тәуелсіздік жылдарында ҚХА жаһанданудың сын-қатерлерінен сақтануға және ұлттардың өзара сыйластығына жоғары мән беретін халықтық дипломатия үлгісін жасай алды. Қазіргі жаһандану үрдісі этностар мен мәдениеттердің бір-біріне ықпалын күшейтіп отыр, осындай жағдайда этностардың бір-біріне құрметі маңызды екені сөзсіз.
Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы құрметі арналған 34-ші сессия жұмысы қазақстандық бірлікті нығайту мен еліміздің дамуына серпін беретін жиын болды.
Мен ҚХА Атырау облыстық Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі және жергіліктік университеттің басшысы ретінде қоғамдағы толеранттылықтың маңызын түсінемін. Бүгінгі жиыннан алдағы зерттеулерге және жастармен жұмысқа бағдар боларлық ұсыныстар естідік.
Саламат ИДРИСОВ,
ҚХА ХХХІV сессиясының делегаты,
ҚХА Атырау облыстық Ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры