Жарнама
МәдениетҚоғам

Бірлік бесігінде

«Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнап айтқан «Бірге болсақ – біз күштіміз» деген сөзі баршамызды қанаттандырып, қуат бергендей. Қиналғанға қолұшын беріп көмектесу, мұқтаждарға жәрдемдесу, әлсізге қолдау көрсетіп қолтығынан демеу, қайырым ету тәрізді атадан балаға жалғасқан ұлттық құндылықтарымыздың қадір-қасиетін одан әрі арттыра түскендей. Пандемия бізді бұрынғыдан бетер жақындастырып, топта стырды, татуластырды. Бірге болсақ, алынбайтын қамал жоқтығын айғақтады» дейді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жанар Ілиясова.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен еріктілер тобы атқарып жүрген жарасымды істер де көңілдерге қуаныш ұялатады. Этномәдени бірлестік өкілдері, қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, жалынды жастар ұйытқы болып ұйымдастырған қайырымдылық шараларының нәтижесінде 10000-нан астам адамға 19 577000  теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері «бірлік пен тірліктің арқасында барлығына да қол жеткізуге болады» деген ұстанымда.

«Қашан да, бейбітшілік пен бітімгершілік сынды қасиеттерді бойына сіңірген қазақ халқына айтар алғыс мол. Татулық – тірегіміз, тұтастығымыз – мақтанымыз болып келді. Бірлесе, үндесе, қанаттаса қызмет ету – қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Бірігу арқылы кесірлі кеселді жеңеріміз сөзсіз. Қашан болса да, біз қол ұшын созуға дайынбыз. Қасиетті Құрбан айт қарсаңында «Мың алғыс» республикалық акциясы аясында Атырау қаласындағы перзентханаға барып, сол жердегілерге бірнеше ұлт өкілдерінің арнайы дайындаған ұлттық ас-мәзірлерін тарту ету жоспарлануда. Асқабақ қосылған «Хингалш» күлшелерін дайындаудамыз. Бізден басқа да этномәдени бірлестік өкілдері сол шараға атсалысып, хачапури, кадюри, пигоди, бәліш сынды тағамдарын аса үлкен ықыласпен дайындауға  әзірлік жасауда» дейді «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігінің жетекшісі Зелимхан Зубариев. 

«Алғыс айту да, алғыс алу да – үлкен мәнге ие. Алмағайып заманда жатты жатсынбай, құшағын айқара ашқан дархан пейілді қазақ – алғыс арқалаған халық. Ал, ел ішінде қалыптасқан ахуалға сай, акция аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жалғызбасты қарияларға қаржылай көмек, азық-түлік коржыны, сүт өнімдері, дезинфекциялық құралдар, дәрі-дәрмектер және 10 000-нан астам бетперде тарату арқылы бұл сөздің мағынасын одан да терең түсінгендей болдық. Бір топ өзім секілді жастармен бірге осынау жұмыстарға жұмыла жүріп, көптеген риза көңілді, пейілі кең қазақтардан алғыс алдық. Біз үшін де маңыздысы сол болатын. Тезірек індеттен құтылып, бірлігі жарасқан қазақ еліндегі тату тірлігімізге оралатын күн туса екен» деген шынайы лебізін білдірген Нина Набугорнова – игілікті істің басы-қасында жүрген еріктінің бірі. 

«Қазақтың даласы қандай кең болса, халқының пейілі де сондай. Бүгінгі күні елде  ұлты мен ұлысына, тілі мен дініне қарамастан, өмірден өз орнын табуына барлық жағдай жасалған. Карантин кесірінен ел еңсесін тезірек тіктеуіне біз де ат салысып келеміз. Қандай жақсылық жасалса да, ең алдымен қазақ халқының қамқорлығын еске аламыз. Неліктен дейсіз бе? Себебі, сонау бір сұрапыл шақтарда қазақ халқы депортацияға ұшыраушыларды жатсынбай, дос көңілмен бауырына басты. Осы жерден әр этнос өз үйін, өз Отанын, өз отбасын тапты. Сондықтан, бұл күн біздер үшін өте маңызды. Біздің түріміз бен тіліміз бөлек, дініміз бен діліміз өзге. Десек те, қазір бізде Отан – ортақ, ол – бейбіт Қазақстан. Осы тұста біз бейбіт тірлік моделін қалыптастырған, ұлтымызға қарамастан, бәрімізді бір шаңырақ астына біріктірген Ұлт Көшбасшысына алғысымыз шексіз. Атырау топырағы біз үшін сондай ыстық. Тезірек қалыпты тірлікке оралсақ екен» дейді «Тхоньил» корей орталығының жетекшісі Людмила Ли.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button