БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ЕЛ ОЗАДЫ
Елімізден көп алыс емес Украинада не болып жатқанын теледидар арқылы күнделікті көріп, біліп отырмыз. Мұның мемлекет тұтастығы үшін төнген зор қауіп екендігі айтпаса да түсінікті. Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі тұрақтылықты, ынтымақты сақтаудағы сарабдал саясатын ерекше атап өткім келеді.
Әлем елдері бейбітшілік бастамашысы деп танитын Қазақстан бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерін бір тудың астына біріктірген ынтымақты мемлекетке айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, елдегі бірліктің сақталуына зор ықпалын тигізіп отыр. Бұл –тәуелсіз Қазақ мемлекетін қалыптастырушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талассыз ерен еңбегі. Мен «Алтын алқалы» анамын. Сегіз баламнан өрбіген жиырма бес немерем бар. Алты шөбере сүйіп отырмын. Осының барлығын бейбіт мемлекетіміздің қарапайым халыққа жасаған сыйы деп білемін. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Назымхан АСАНОВА, «Алтын алқалы» ана,
Бірлік ауылы,
Атырау қаласы.