Жарнама
Қоғам

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН БЕРЕКЕЛІ ЕЛМІЗ

Ежелгі достық қатынаста өмір сүріп отырған өңір жұртшылығын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

— Құрметті ағайын, баршаңызды Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтаймын. Таяуда ғана үлкен шараны іске асырдық. Осыдан екі күн бұрын Елбасын қайтадан Президент болып сайлануымен құттықтап, Астанада үлкен іс — шара өтті. Елбасының бұл жолғы сайлаудағы жеңісі біздің елдігіміздің тағы бір көрінісі болды. Атырау облысы да Президент сайлауын аса зор ұйымшылдықпен өткізді.

Біз тағы бір тарихтың жаңа кезеңіне қадам аттадық. Еліміздің жеткен жетістіктері де, болашағы да біздің Қазақстан халқының бірлігіне тікелей байланысты. Бірінші тоқсанның көрсеткіші бойынша облысымыз үздіктер қатарында.

Өңіріміз ағымдағы жылды үлкен жетістіктермен бастады. Үстіміздегі жылы бес ірі жоба жүзеге асатын болады. Ал, бұрынғы жобалар жалғасын таба бермек. Бұл жобалардың барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ұйымдастырылған еді.  Жеткен жетістіктеріміздің барлығы – осы облыста тұратын көптеген ұлттың бірлігінің, ынтымағының арқасында жеткен жетістік.

Облыс басшысы Б.Ізмұхамбетов осынау салтанат үстінде «Құрмет» орденімен соғыс ардагерлері Тайыр Ғұмаров пен Еспол Оңайбаевты, «Ерен еңбегі үшін» медалімен соғыс ардагерлері Әлібек Түсібәлі, Анна Захарова және еңбек ардагері Қайлаш Қажиденоваларды марапаттады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын» соғыс ардагері Николай Пановқа тапсырды. Ал, ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін «Бірлік» алтын медалімен «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенова, «Әлия» еврей этномәдени бірлестігі төрағасы Павель Ткач ұлығыланса, құрметті мұнайшы, еңбек ардагері Болат Өтебаев омырауына «Атырау облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін тақты. 

Мақаттық соғыс ардагері Еспол Оңайбаев облыс басшысына ризашылығын білдірді. Оның тілегіне  барша марапат иелері де қосылды. 

Орталық алаңда өткен мерекелік шарада барлық ұлттың өкілдері өнерлерін ортаға салды. Алдымен, украина ұлттық- мәдени орталығына қарасты ансамбльдің орындауындағы «Япурайы» көптің көңілін бір серпілтіп алса, «Сорэне» тобы «Мой Қазахстан» әнін әуелетті.

 Бұл күні «Исатай-Махамбет» алаңына жиналған халық өте көп болды. Мерекелік бағдарлама арасында тұрғындардың  да  тілегін тыңдадық.

Атыраулықтар осылайша халық бірлігі мерекесі күні елімізді мекендеген халықтардың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, ұлттар татулығын паш етті. «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар өкілдері мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетті. Бұл мерекелік шара кешкісін де жалғасын тапты.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button