Жарнама
Қоғам

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН, ТІРЛІГІ БАҚ АШҚАН ЕЛМІЗ!

9-11 сыныптарда үш жыл қатарынан облыстық деңгейде замандастарымнан оқ бойы озық шығып, республикалық деңгейде өткен олимпиадаларда бақ сынап, жүлделі қайтып жүрдім. Атап айтсам, Павлодар қаласынан «Дарын» марапатымен, Ақтаудан жүлделі ІІ орынмен, 11-сыныпта оқып жүргенде Қызылорда қаласынан тағы да «Дарын» Алғыс хатымен оралдым.
9-сыныпта Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар сайысында қазақ тілінен «Батыс өңірінің ішіндегі Атырау облысының диалект сөздері» атты ғылыми жұмысымды қорғап, мұнайлы өлкенің тіл ғылымына аз да болса өз үлесімді қостым деп есептеймін.
Сондай-ақ, бұдан бес жыл бұрын өңірдегі өзге ұлт өкілдері қатысқан сайыста бас жүлде, яғни «Ассамблея аруы — 2008» атағын жеңіп алып, 2010 жылы бас қаламыз Астанада өткен «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты байқауда І орынды иеленіп, сүйікті Атырауымның мерейі үстем болды. Осы жүлделерім мен марапаттарым, мектепте алған білімім Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне грант негізінде оқуға түсуіме себепші болды.
Алғаш келін боп түскен күннен бастап қайын атам мен енем мені өте жылы қабылдады. Бүгінде әке-шешеміз, қайынағам, қайынінім, жолдасым – бәріміз бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Мен ешқашан отбасымнан да, достарымнан да кемсітушілік, бөлінушілік көрген де, естіген де емеспін.
Ассамблея жиындарында көркемсөз оқып, өз ортамда белсенділік танытып келемін. Сайып келгенде, мұның бәрі екі ел ортасындағы достық пен қазақ тілін ана тілімнен артық көріп, білгенімнің жетістігі деп білемін.

Полина КОМАНДИКОВА.
Атырау университетінің студенті.

ТІЛІ БАСҚА — ТІЛЕГІ БІР, ЖҮЗІ БАСҚА — ЖҮРЕГІ БІР
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсетіп отыр. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілдері тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға атсалысып келеді. Облысымыз бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жұмысын Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ассамблеяның ХVІІ сессиясы мен биылғы Жолдауында белгіленген міндеттермен тығыз байланыстыра жүзеге асыруда.
Нақты деректерге сүйенсек, бүгінде облыстағы 80-нен астам этникалық топ өкілдерінің қатарында 33,6 мың орыс, 2,9 мың кәріс, 2,3 мың татар мен 1,1 мың өзбек бар. Қалған ұлт өкілдерінің саны мыңнан төмен. Сондай-ақ, мұнайлы мекенде 17 этномәдени бірлестік Ассамблея құрамында қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуда. Бүгін біз «Ватан-Гурьев» ЖШС директоры, өңірдегі «Салам» дағыстан этномәдени орталығының төрағасы Мұса АЛИШАЕВПЕН әңгімелесіп, елдегі бірлік, тыныштық турасындағы ойларымен бөлісіп, бірлестіктің атқарып отырған жұмысынан да хабардар болдық.

— Мұса Абакарұлы, Қазақстанға қай жылдары келіп едіңіз?
— ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанға ұйғырлар мен дүнгендер, Столыпин реформасы кезінде орыс пересе¬лен¬дері, отызыншы жылдары кәрістер, Ұлы Отан соғысы жылдары Сол¬түстік Кавказ халықтары, қалмақтар, Ресей немістері қоныс аударды. Олар Қа¬зақ¬станды екінші Отаным деп бі¬леді. Менің ата-анам Қазақстанға 1963 жылдары келген. «Жер ауып келгендерді әр елді мекенге бөлген еді, мүлкіміз де, азық-түліктеріміз де мүлде болмаған. Осындай кезде елде өздері әзер күн көріп отырса да, көшіп келгендерге қазақтар қолынан келген барлық көмегін аямады» деп үлкендер айтып отырушы еді. Бүгінде Елбасының сали¬қалы саясатының арқасында, жергілікті ұлт өкілдерінің қонақжайлығының, табиғи болмысының, даласы қандай кең болса, жүрегінің де сондай кең болуының, бітімгершілік қасиеттерінің молдығының арқасында ұлтаралық келісім, татулықта өмір сүруде. Түрлі тағдырмен келген өзге ұлт өкілдері Қазақстаннан тұрақты мекен тапты, өзінің Отаны есеп¬теді.
Келген адамға ықылас танытпасаң, жеп отыр¬ған наныңнан бір үзім бөліп берме¬сең, ол адам бір-екі күннен артық тұра алмас еді. Қазақта ондай болған жоқ. Бар¬лы¬ғын бауырына баса білді, көмек¬тесті. Мен өзімді Қазақстанның байырғы тұрғынымын деп есептеймін. Қазақтар бір атаның баласындай бауырмал. Қазақ еліне мен екі жасымда келдім. Яғни, 1961 жылы Дағыстанда, Лак ауданының Кумух ауылында дүниеге келдім. Бұрындары атамекенінен жер аударылғандардың көпшілігі суық климаттық жағдайларға, аштыққа шыдай алмағанын анам жиі еске алатын. Сол қиын кезеңдерде қазақ даласынан пана тауып, ұрпағын өсіргендердің жергілікті халыққа алғысы шексіз. Бүгінде тұрақтылық пен тыныштық орнаған елдің азаматы болғаныма шүкіршілік етемін.
— Тыныштық демекші, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жылда халыққа жолдаған Жолдауында елдегі бірлікті назардан тыс қалдырмай келеді. Мемлекет басшысының мемлекетте тұрақтылықты қалыптастырудағы рөлі туралы ойыңызбен бөліссеңіз?
— Өз елдерінен өзге елге келген ұлт өкілдерінің өңменінен қақпай, елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қа¬рас¬тырып, тең мүмкіндіктер бере білді. Этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды. Қазақ, орыс театрларымен қатар, кәріс, неміс, ұйғыр, өзбек театрлары қызмет етуде. Этностық топтардың газет-журналдары жарық көруде. Сондықтан да, олар Қа¬зақ¬станды екінші Отаным деп бі¬леді.
Елді жұмылдырушы маңызды фактордың бірі — дәстүрлік, тілдік және мәдени құндылықтар. Кез келген мемлекеттің бірігуінің, ортақ мақсатқа ұйысуының негізі мемлекеттік тілді қолдануына байланысты. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Бізді, біздің болашақ балаларымызды барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтай отырып, ортақ тіл топтастырғанын қалаймын» деуі орынды айтылған. Мемлекеттік тіл мен қазақ ұлты – біздің бәрімізді жұмылдырушы басты күш. Қазақстан халқының тұрақтылығы мен еліміздегі бейбітшіліктің кепілі. Қазақстан халқы Ассамблеясының да мәртебесі өсіп, Ассамблея атынан Парламентке тоғыз депутат сайлануы да оның рөлінің артқанын көрсетеді. Бұны да атап өткен жөн болар.
— Өзіңіз жетекшілік ететін «Салам» дағыстан этномәдени бірлестігінің атқарып отырған жұмысына да тоқталып өтсеңіз…
— Орталық 2002 жылы құрылды. Бүгінде облыста лакцалар, даргинистер, аварцалар мен құмықтар, лезгиндер, ноғайлармен қатар, табарацандарды қосқанда 400-дей адам бар, міне, біздің этномәдени орталық осы ұлыстардың басын қосады. Олардың бәрі облыс экономикасын арттыруға өзіндік үлесін қосып келе жатыр.
Ассамблеяның бастамаларымен өткізі-летін әр шараға біз белсене қатысып отырамыз. Халықтар достығы, ел бірлігі, ынтымақтастықты нығайту, көпшілік мәдени шараларды өткізуге ерекше көңіл бөліп келеміз.
Этносаралық қатынастар саласындағы маңызды бағыт – тіл саясатын жүргізу. Осы ретте бірлестік те мемлекеттік тіл тынысын кеңейтуге өзінің үлесін қосып келеді. Біздің дағыстан ұйымының көпшілік адамдары қазақ тілінде еркін сөйлейді. Оны өз тілімен бірдей сезінеді десем, артық айтқандығым емес.
Бұрын этномәдени орталықтар тіл, салт-дәстүрге қатысты мәдени шаралармен ғана шектелетін. Бүгінгі күні бағыт түбірімен өзгерді. Орталық мүшелері кәсіпкерлік саласында да айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бастысы, елдегі бейбіт бірлік пен мамыражай тірлік – рухани байлығымыз.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ.

ҚАЗАҚТЫҢ ЫСТЫҚ ҚҰШАҒЫ-АЙ!..
Тәуелсіз Қазақстанның әлемнің озық елдерімен терезесі тең, керегесі кең болып, экономикалық қуатының артуы, әлеуметтік, рухани дамуының жетілуі үшін еңбектеніп жатқандардың ішінде көптеген ұлттардың өкілдері бар екені белгілі. Олар үлкен шаңырақты көтеріп тұрған сансыз уықтар сияқты. Ал, кереге деп республиканың барлық халқын атаған дұрыс. Сол көп уықтардың бірі – кәріс халқы болса, олардың да осы республикаға табан тіреп, тұрақтағанына да 76 жылдан асты. Біздің қияндағы Каспий теңізінің терістігін екінші Отанымыз деп тұрақтап, мекен етуіміз еріккеннен болған іс емес, тағдыр тәлкегі, уақыттың теперіші.
Біз 1937 жылға дейін Қиыр Шығысты мекендеп, балығымызды аулап, күрішімізді баулап күн кештік. Кеңес Одағы мен Жапония арасындағы қырғи-қабақ сол елге іргелес жатқан кәріс ұлты өкілдеріне сенімсіздік тудырды да, бір тәуліктің ішінде туған топырағымызды тастап, от-суы бөлек өзге жұртқа қоныс аударуымызға себеп болды. Қолына бар-жоғы 8-10 келідей түйіншек ұстап шыққан адамдар сақылдаған сары аязда ырық-жырық қызыл вагонмен бір ай бойы Уссури өлкесінің қалың орманын қақ жарып, Байкал бойы, Орал тауларын аттап өтіп, Қазақстанға жеттік. Жолайғы көрген азапты айтып болмайды. Суық вагон, аштық. Адамдар араға он күн түскенде-ақ ісіп, өле бастады. Жаңа жерде біразымыз Талдықорғанның Үштөбесінде, тағы бір бөлегіміз Өзбекстанда, аз-мұзымыз Қызылорда, қалғанымыз қарт Каспийдің жағасына кеп жайғастық.
Құрманғазы ауданының Қиғаш бойына, Гурьев іргесіндегі Кондоурово ауылына қоныс тепкен депортациялық топтан екі колхоз құрылды. Оның бірі — Лазо деп аталса, екіншісі Авангард деген еді. Екеуі де күріш өсіру, көкөніс-бақшамен айналысты. Әрине, алғашында қиын болды. Өйткені, жері тұзды, жазы ыссы, көбіне-көп ысқырған жел жаңа ғана бой көтерген егісіңді күйдіріп-ақ жібереді. Бірақ, қазақ халқының ыстық құшағы, өзі отырған төсектің шетіне бізді отырғызып, солған гүлге жан бітіргендей әсер қалдырды.
1956 жылға дейін біздерге Кеңес өкіметі облыс аумағынан шығуға рұқсат берілмеді. Міне, қазақ елінің тәуелсіздік алуымен, оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында біз сияқты жер аударылған ұлттарға да теңдік туды. Бүгінде біздер түрлі қалаларда оқып, білім алуға, қоныс аударуға мүмкіндік алып отырмыз. Қазір атыраулық кәрістерді тек өздері туып-өскен өңірден ғана емес, Қазақстанның кез-келген өңірінен көруге болар еді. Олардың бәрі Қазақстанның гүлденуі мен көркеюі жолында бойларындағы қуаты мен жігерін жұмсауда. Бұл ретте өзінің шаңырақ көтергеніне 18 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі мол. Олар елде бірліктің нығаюы, тәуелсіздікті баянды етудегі достықтың берік қалыптасуы жолында жұмыстанып келеді.

Вячеслав КИМ,
еңбек ардагері, Атырау қаласы.

ОТАН – ОТТАН ДА ЫСТЫҚ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін бір мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтарлықтай үлес қосып келеді. Он сегіз жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан өткерді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті артып, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.
Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны да өсіп келеді. Олар ел экономикасымен қатар, мәдениетінің де дамуына елеулі үлес қосуда. Мәселен, мен басшылық етіп отырған «Татар-башқұрт» этномәдени бірлестігі бүкіл дүниежүзі халықтарының алдында көпұлтты Қазақстандай елдің барын танытып жүр. Әсіресе, «Байкеновтер» балет студиясы мен «Татулық» ансамблінің халықаралық сайыстарда көрсетіп жүрген өнерлеріне бүкіл ел тәнті. Бұған дейін Болгария, Түркия, Ресей, Венгрия, Қытай тағы басқа, алыс шет елдерде болсақ, жақында қаңтар айында Қазақстанның атынан Германия мен Польшада өткен сайыста қазақтың «Шашу», «Тойбастар» және татар, башқұрт билерін орындап, бірінші орын иеленіп қайттық. Мұның өзі 2400-дей татар, башқұрт ұлт өкілдері орналасқан Атырау облысының ынтымақтастығы мен бірлігі бүтіндігін, барша ұлт мәдениетінің мұнда жақсы дамып келе жатқанын айқын аңғартады.
Татар, башқұрт өкілдері облысымыздың Жылыой, Индер аудандарында көптеп шоғырланған. Қазақ халқының төл мерекесі Наурыз секілді татар, башқұрттардың кең көлемде атап өтетін мейрамы Сабантой деп аталады.
Сабантой – егін егу маусымы аяқталған сәтте тойланады. Ол кезде адамдар егіннің әрі қарай бітік шығуы мақсатында тілек тілейді, әртүрлі концерттік шаралар ұйымдастырады. Мемлекетімізде әр ұлттың өз мерекесін тойлап, өз тілінде сөйлеуіне тең мүмкіндік берілгендіктен, барлық ұлт өкілдері бүгінде бауырластықпен өмір сүруде. Сондай-ақ, көпұлтты Қазақстан халқы қай ұлттың қандай дәстүрі барын жетік меңгеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарын да асқан сыйластықпен құрметтей біледі.

Гүлсина БАЙКЕНОВА,
«Татар-башқұрт» этномәдени бірлестігінің төрайымы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button