БІРЛЕСКЕН БЕРІК БАЙЛАНЫС

Ел Президенті Н.Назарбаев өңірлер арасындағы экономикалық және мәдени жетістіктермен алмасуды нығайту, өзара мәдениет күндерін тұрақты түрде өткізу жөнінде міндеттер қойғаны баршаға белгілі. Республика бойынша кең қолдауға ие болып отырған бұл бастама біздің өңірімізде де жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

 

Еліміздің рухани дамуын, сонымен бірге, өңірлердің экономикалық қарым-қатынасын, мәдени және шығармашылық әлеуетін жаңа деңгейге көтеру мақсатындағы облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтің қаулысына сәйкес көршілес Құрманғазы мен Исатай аудандары басшылары өзара іскерлік байланыс жасау жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Былтырдан бастау алған бұл шара биыл да жалғасын тауып, өткен аптада күй атасы Құрманғазы баба атымен аталатын аудан өкілдері өңірімізге ат басын тіреді.

«Жалын» мәдениет үйінде Құрманғазы аудандық мұражайының жәдігерлері мен күй атасы Құрманғазы, Мақаш әкім, Әнұран авторларының бірі, ақын Жұмекен Нәжімеденов сынды елге еңбегі сіңген тұлғалардан топтастырылған және мәдени жетістіктер мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік қарқын алған аудандағы салалар бойынша атқарылған жұмыстар легі тізілген көшпелі көрнекіліктерден көрме қойылған. Ондағы фотосуреттерден байқағанымыз, көрші аудандағы мәдениет саласының, оның ішінде театр өнерінің дамуы, сондай-ақ, кәсіпкерліктің, ауыл шаруашылығының алға басуы, жергілікті өнеркәсіп өнімдерінің оң бағаға ие болуы мен қолданысқа берілген қызмет көрсету нысандарының көбеюі болды.

Түске дейін өнерсүйер тұрғындарға Киров халық театры Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» атты драмасын ұсынды. Көптен бері театр өнеріне шөлдеген көрерменге бұл да бір ерекше сый болды десек, артық айтқандық емес.

Аудан әкімдігі ғимаратында Исатай ауданы әкімі Т.Сұлтанбеков А.Барақатов бастаған Құрманғазы ауданының өкілдерін қабылдады. Қонақтарға құрмет білдірген аудан басшысы кездесуден соң оларға С.Балғымбаев кен орнын аралатты. №1 мұнай-газ өндіру цехы бастығының орынбасары К.Сағынғалиев пен мұнай дайындау және айдау цехының мұнайды дайындау және тасымалдау жөніндегі шебері Б.Бекешев көрші аудан өкілдерін өндірістің тыныс-тіршілігімен, қызметкерлердің демалыс орындарымен таныстырды. Сондай-ақ, олар мұнайшылар мұражайында болды.

Одан соң «Жалын» мәдениет үйіндегі қалың көрерменге қос аудан өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Алғашқы сөз кезегін алғанаудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков іргелес аудан өкілдеріне жылы лебізін білдірді.

 – Екі ауданның бір-біріне жақындасуы, жаңалықтар іздеуі тегін емес деп ойлаймын. Өйткені біз тарихы тамырлас, іргелес өңірміз. Бір кезеңде екі ауданның аумағын қоса Мақаш әкім басшылық жасады. Сондықтан, тығыз байланыс орнату екі аудан үшін де қажетті шара деп ойлаймын. Соның ішінде Құрманғазы – ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған, жаңашыл бастамалары бар аудан. Жергілікті құрылыс материалдарын шығаруға, балық өнімдерін өндіруге кәсіпкерлердің ден қойғаны қуантады, – деген аудан әкімі ауданымызда атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталды. Алдағы жылы да жоспарлы жұмыстар кезегі күтіп тұрғанын айтқан аудан әкімі Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге айрықша дайындық жүруде екенін жеткізді.

– Көршілес Құрманғазы ауданының даму қарқыны исатайлықтарды әрдайым қуантады. Бай тарихы бар Құрманғазы ауданының халқы алда да өнер мен спортты, мәдениетті дамыта отырып, ел қазынасын байытуда еселі еңбек ете береді, Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруда айрықша рөл атқарады, – деп сөзін қорытындылаған аудан басшысы қонақтарға Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Бұдан кейін құттықтау сөз Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді  Барақатовқа ұсынылды.

– Қасиетті Исатай бабамыз бен күй атасы Құрманғазы елі – қатар қоныстанған, бір атаның баласындай тарихы да, тағдыры да ұқсас қос аудан, – деген А.Барақатов бұл шараның ұлт өнерін дамыту мен экономикалық қарым-қатынасты нығайтуда маңызы зор екенін атап өтті.

Осылайша ауданымызда өткен мәдениет күні тұрғындарға тамаша кеш сыйлап, қонақтарды зор ықыласқа бөледі.

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.

Исатай ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз