Жарнама
Қоғам

БІРЛЕСІП ЖАСАҒАН ІСТІҢ БЕРЕКЕСІ МОЛ

Кеше Атырауға жұмыс сапарымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев келді. Оның төрағалығымен Атырау қаласындағы Салтанат сарайында «Атырау облысында кәсіпкерлікті қолдаудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында палатаның өңірлік кеңесі өтті. Кеңес жұмысына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.

Басқосуды ашқан кіріспе сөзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев алдымен облыс әкімі Нұрлан Асқарұлын аймақтағы жаңа қызметімен құттықтады. Облыс басшысы ретінде кәсіпкерлікке қатысты көп мәселені бірлесіп шешуге атсалысатындығына, сөйтіп бизнес қауымдастығы мен атқарушы биліктің арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетіндігіне сенімділігін білдірді.

Одан әрі Тимур Асқарұлы өзі басшылық жасайтын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлерде құрылған өкілдіктерімен бірге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамындағы компаниялармен, басқа да отандық және жергілікті өнім өндіруші, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындармен, бизнес құрылымдармен берік байланыс орнатқанын атап өтті. Қай жерде болмасын кәсіпкерліктің жан-жақты қолдаумен ғана дамитынын алға тартқан ол, бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шаралардың, сонымен қатар, бірлесіп шешер проблемалардың да аз еместігіне тоқталды.

Осы тұрғыда алдымен, мемлекеттік сатып алу мен жергілікті (қазақстандық) мазмұн  жүйесін дамыту қажеттігін атады. Мұнда, индустриалды сертификат беру жолымен отандық тауар өндірушілердің ұлттық тізілімін, жергілікті мемлекеттік сатып алулар саласында тауар өндірушілерді қолдау шеңберінде өңірлік жұмысшы комиссияларын,  Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның еншілес кәсіпорындары арасында  жасалған ұзақ мерзімді келісім-шарттар негізінде жергілікті мазмұнның үлес салмағын ұлғайту жөнінде комиссия құру мәселелері қамтылған. Соған байланысты «тәуелсіз салалық сарапшылар институтын» енгізу, өзге де өзекті мәселелер алға қойылды.

Екіншіден, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қолдау көрсетудің кезек күттірмейтін міндет екендігі мәлімделді. Бұнда  демеушілер мен жергілікті атқарушы органдардың қосымша қаржыландыруы есебінен кіші бизнес субъектілерін шағын несиелеу жүйесін қалыптастыруға, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жұмыс берушілердің мамандар даярлауға қажеттілік деңгейін анықтау, кәсіпкерлік негіздері мен бизнес жобаларды оқыту мәселелеріне назар аударылған.

Үшіншіден, жекешелендіру үрдісінде отандық бизнестің мүддесін қамтамасыз ету керектігіне көңіл бөлінді. Бұнда,  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен сенімді басқаруға беру мүмкіндіктерін пайдалана отырып, меншіктің барлық түрі бойынша аудит өткізу, осы салада республикалық және аймақтық деңгейдегі қанатқақты жобаларды жүзеге асыру, жеке әлеуетті серіктестердің тізілімін  құру, озат тәжірибені тарату мен қолдану жайы қозғалған.

Осыларды әңгімесіне арқау еткен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев ауыл бизнесін дамыту перспективаларына, соның ішінде, мемлекеттік қолдаудың төрт түрі бойынша жергілікті кәсіпкерлерді субсидиялау мен операторлық қызмет жүйесін жетілдіру, бастамашыл ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жобасын көтермелеу, «Агробизнес – 2020» бағдарламасын өзектілендіру, басқа да агроөнеркәсіпті кешенді өркендетуге мүмкіндік беретін аспектілерді қамтуға назар аударды. Контрафакт пен коррупцияның, өзге де келеңсіздіктердің жолын кесу үшін экспорт-импорт алмасу операцияларын жеңілдету, дауларды сотқа дейін шешу механизмін дамыту, т.б. келелі міндеттерді орындау атап көрсетілді. Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталған Ұлттық палата спикері оларды жүзеге асыру жолдарын да нақтылады. Сайып келгенде, қай елде, өңірде болмасын кәсіпкерліктің жан-жақты қолдаудың арқасында ғана тиісті дәрежесінде дамып, өрісі кеңейе түсетіндігін баса айтты. Жоғарыда келтірілген міндеттерді орындауда атыраулық әріптестерінің алдында тұрған тапсырмаларды нақтылап берді.

Кеңес отырысында Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жакиев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады. Соңынан, аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев сөз алды.

Мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде, аймақтарды дамытуға арналған бағдарламаның, бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі бағдарламаның маңыздылығын атап өткен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бизнес секторының «бас ауруына» айналған жер мәселесіне тоқталды.

«Бұл ретте кәсіпкерлер тарапынан заңды талап бар. Оларға қажетті бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін, атқарушы билік, яғни біз жер ұсынуымыз қажет.  Бірақ, дәл осы мәселеде жердің сауда көзіне айналып кету фактілерінің тіркелуі – өкінішті жағдай. Кезінде бірнеше гектар  жерлер беріліп кеткен. Соның салдарынан кейде тіпті, атқарушы биліктің өзі, қаланы дамыту, баспана, әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу сынды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қажетті жер учаскесін таба алмай жатады.

Қысқа мерзім ішінде, менің әріптестерімнің, қала және аудан әкімдері тарапынан үй тұрғызу үшін, жерлерді сатып алу туралы ұсыныс келіп түсуде. Өз басым мұны негізсіз, мәнсіз деп ойлаймын. Өйткені, жер сауданың фрагментіне айналмауы тиіс. Ол – мақсатты бағытта пайдаланылуы керек.

Осы ретте, Жер кодексіне енгізілген өзгерістерді еске салғым келеді. Егер, жер учаскесі мақсатсыз пайдаланылып отырса, онда жерді қайтарып алуға толық мүмкіндік бар. Кейде, кәсіпкердің жобасын уақытылы жүзеге асыруға мүмкіндігі болмайтын субъективті жағдайлар да кездесіп жатады. Осы орайда біз, Президенттің барлық тапсырмаларын, осы бағытта ұстанып отырған саясатын қолдап, басшылыққа аламыз. Бұл жерде жұмыспен қамту мәселесі де бар» деген аймақ басшысы,   Атырау облысы бойынша  кәсіпкерлер палатасының жеткілікті деңгейде креативті, өзіндік ұстанымдары, қалыптасқан көзқарастары бар ұжым екендігін атап өтіп, атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау болатынын мәлімдеді.

Дәулетқали АРУЕВ, Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.  

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button