Жарнама
Қоғам

БІРГЕ АСЫП КЕЛЕДІ МЫҢ БЕЛЕСТЕН…

 

Құрекең сонау 1928 жылы Қызылорда облысының Арал ауданында, Сырдария өзенінің теңізге құяр жерінде өмірге келген. Әкесі Нұрмағанбет Аязбайұлы асқан бай болмаса да, қолындағы бір жылқы, бір түйесін күштеп колхозға өткізуден, яғни жаппай коллективтендіруден бас тартып, Аралдың оңтүстік шығыс жағасымен Қарақалпақстанға өткен. «Пәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл түк те жоқ» демекші, ол жақта да күткендегідей күй болмайды. Жағдай жақсы болмағасын олар кері елге көшіп келеді. Бірер жылдан кейін әкелері науқастанып, қайтыс болады. Жарты жетім боп қалған бала Құрымбай отызыншы жылдардағы ашаршылықты да басынан өткізеді. Ал, Ұлы Отан соғысы басталғанда ол бар болғаны бесінші сыныпты бітірген еді. Балалық шақтың ешқандай қызығын көрмей, қаршадайларынан бейнет пен қиындық көріп өскен сол кездің ұлдары мен қыздары өз жастарынан әлдеқайда ересек көрінетін.
Жасынан оқысам, көп білсем деген қиялдағы Құрекең сол Сыр өңіріндегі педагогикалық училищені, кейін педагогикалық институтты бітіреді. Диплом алғасын институт жолдамасымен бұрынғы Гурьевке келеді. Мұнда қызылордалық жас кадр – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімін білім бөліміндегі басшылар жылы қабылдайды. Атырау топырағына келген тіл маманының бар өмірі қалаға таяу жатқан Балықшы кентінде өтті деуге болады. Ол сол жердегі білім беру ошақтарында мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры, Балықшы аудандық оқу бөлімінің бастығы, №2 Балықшы оқу-өндірістік комбинатының директоры қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарады.
Адал да абыройлы қызметінің арқасында Құрекең бірнеше рет аудандық кеңес депутаты, аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болады. Өзінің ісіне, қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігінің жоғарылығынан ол партия, кеңес органдарының қызметіне де шақырылды. Оны да асқан білімдарлықпен атқарды. Алпысыншы жылдарға дейін Балықшы ауданындағы білім мекемелерінің 85 пайызы бастауыш, жетіжылдық мектептер болған. Өзі аудандық білім бөлімін басқарған кезде білікті басшы орта білім беретін мектептер санын көбейтуді қолға алды. Қай кезде де мол қаражат талап ететін істің бірден шешіле қоймайтыны белгілі. Ал, Құрекең болса осының бәріне байыптылықпен қарап, өзі бастаған істі ақыр аяғына дейін жеткізу үшін көп күш салды. Қаражат жағынан көмектесе алады-ау деген өндіріс орындарын аралап, солардың басшыларымен сөйлесіп, олардың да, колхоз-совхоз басшыларының да осынау игілікті іске қаржы бөлулеріне ұйытқы болды. Осындай еңбегінің арқасында ол КСРО және Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі төсбелгісі мен бірнеше медальға ие болды.
Тумысынан қарапайым да кішіпейіл, сергек те ізденімпаз Құрымбай Нұрмағанбетұлы түздің жұмысын ғана ойдағыдай атқарып қойған жоқ, сонымен бірге ол отбасының асқар тауы, тірегі бола білді. Құдай қосқан өмірлік қосағы, адал жары Ұлмерек Есмағанбетқызы екеуі түтін түтетіп, ұл мен қыз өсірді. Айтқандай, Ұлмерек апай да ағай секілді педагог, тіл маманы болды. Ол кісінің сабақ беру әдіс-тәсілі турасында оның шәкірті болған Хамза Мұхамедьярұлы: «Апамыз Тасқала селосының қызы, өте білімді. Институтта оқып жүргенімде сол кісінің алдынан тәжірибеден өткенім бар. Апай үшін сабақтың көрнекілігі маңызды болатын. Бізге ол «мектеп оқулығынан басқа қосымша әдебиеттерді пайдаланбаған ұстаздың балаға берері аз. Сондықтан қосымша ізденіңдер, көп біліңдер. Сонда сендер оқытқан бала да білімді болып шығады!» деп үйрететін. Тәжірибесі мол ұстаз білім беру ісінің үздігі болумен қатар, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері атанды. Апай Құрымбай ағамызға 1952 жылы тұрмысқа шыққан екен. Содан бері есептеңіз, бақандай 61 жыл өткен! Осынша жылдан бері бірге қол ұстасып келе жатқан оларға қызыға қарамайтын адам кемде-кем. Бастысы – ел баласын оқытып, оларды адами қасиеттерге баулыды, тәрбиеледі, үлгілі азамат болуларына септігін тигізді», — дейді.
«Жақсыда жаттық жоқ» демекші, Құрекең өз тұстастарымен әңгіме үстінде: «Менің сүйегім Қызылорданікі болғанымен, етім осы Атыраудікі, соның ішінде Балықшыныкі ғой!» — деп әзілдейтін көрінеді. Шынында да солай. Жастай келіп, осы ортаға сіңісіп, тіпті өмірден өткен туған анасының сүйегін де мәңгілікке Балықшы топырағына тапсырса, Құрекеңнің бізге, біздің ол кісіге жаттығымыз қайсы?! Оның үстіне ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, құдандалы болып, олардан немере-шөбере, жиен-жиеншар сүйіп отырса, жапырағының жайылып, тамырының тереңге кеткені емей немене! Бүгінде сексеннің бесеуіне толып, бар атақ-абырой мен мемлекет наградаларын өңірлеріне жарқырата таққан қос ұстаз: «Осының бәрі бір біздің еңбегіміз емес, қаумалаған жанашырларымыз бен достарымыздың, бірге еңбек еткен ұстаздардың еңбегі!» — дейді.
Халқымызда «Екі жақсы қосылса, бірін-бірі қимайды» деген сөз бар. Қандай отырыстарда да бірін-бірі жетектей жүретін қос ұстаз – қос шынар өз әулеттерінің ғана емес, бүкіл аймақтың, барша тума-туыстың беткеұстар айнасына айналған. Сексен беске жеткен қос бәйтеректің осындай ырғақпен тоқсан мен жүзге жетуіне тілектеспіз.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button