Жарнама
Қоғам

«БІРДЕ-БІР АРДАГЕР ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ»

 

Мұны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі де атап айтып, бұл бағытта ел Үкіметіне, аймақ басшыларына, барлық деңгейдегі әкімдерге, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Өткен бейсенбіде Тұрғын үй қалашығы мөлтекауданындағы саябақта атыраулық ардагерлер  бас  қосып, осындай бір тағылымға толы, тамаша сәттің куәсі болды. Кейінгі кездері қайтадан жөнделіп, қалпына келтіріліп, жаңарып, жасанған демалыс орны бұл күні думанға бөленді. Күшейткіштің көмегімен әскери жылдардың әуендері төгіліп, сол бір кезеңді, майдан мен сарбаздар өмірін, Жеңіс күнін жақындатуға сүбелі үлес қосқан тыл тірлігін, соғыстың бітіп, бейбіт күннің басталғанын жеткізген шаттықты шақты бейнелейтін көріністер, театрландырылған қойылымдар, Атырау селолық округінен келген «Әжелер» ансамблі шырқаған халық әндері, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы жанындағы көркемөнерпаздар ұжымдары орындаған шығармалар – бәрі-бәрі өскелең ұрпақтың өткен күннің куәгерлеріне деген ізгі ниеті мен риясыз құрметін паш еткендей. Және бір атап өтер жайт, осында қарттардың дойбы, шахмат ойнап, газет-журналдар оқуына жағдай жасау, өткен күнді еске алып солдат ботқасы мен басқа да тағамдарынан дәм татқызу жағы ойластырылған.

Жиналғандарды алдымен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдағы жылы атап өтілетін Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығымен және соған орайластырылған шаралардың басталуымен құттықтады. Бұдан былай, мұндай басқосулардың әр айдың соңғы сәрсенбісінде ұйымдастырылып, олардың түрлі тақырып пен форматта өткізіліп тұратынын  айтты. Одан әрі ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың мұнымен шектелмейтінін, олардың баспана мен денсаулық жағдайларын жақсартуына, тарихи қалалар мен орындарда болуына, әлеуметтік көмектермен қамтылуына мүмкіндіктер туғызылатынын, бұған демеушілер тартылатынын мәлімдеді. Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев та айтылғандарды толығымен қостап, ай сайынғы шараларға жауапты мекемелер мен қаржылай демеушілік көрсететін ұйымдардың да тізімі нақтыланып қойылғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов та басқосуға қатысушыларға жылы лебізді сөздерін арнап, ізгілікті істердің өрісін табуына қолдау көрсетіп отырған аймақ пен шаһар басшылығына ризашылығын білдірді. Сонан соң ол ардагерлердің бір тобына Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы, Кеңестер Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мерейтойлық медальды табыстады. Марапатталғандардың қатарында ұзақ жылдар бойына басшылық қызметтерді атқарып, елге аға болған өлкеміздің ардақты перзенттері, Атырау облысы мен қаласының Құрметті азаматтары Есен Тасқынбаев, Айдын Айбаров, Орынғали Қарасаев, біраз уақыт Атырау қалалық ардагерлер ұйымына жетекшілік еткен Тайыр Ғұмаров, сондай-ақ жас та болса соғыс салған ізбен жүріп, жауынгерлік жорық жолдарын замандастарының жадында жаңғыртып, көптеген белгісіз болып қалған деректердің табылуына атсалысып жүрген Талғат Ілиясов есімді жас жігіт те бар еді.

Соңынан жиналған қауым үрмелі аспаптар оркестрі мен жергілікті өнерпаздардың концертін тамашалады. Шараға арнайы шақырылған демеуші компания-кәсіпорындардың, соның ішінде медициналық қызмет көрсету ұйымдарының   өкілдері ардагерлердің бір тобына тегін дәрігерлік қызмет көрсету сертификаттарын тапсырды. Атырау облысы бойынша салық департаменті басшылығы да қонақтарға өз сыйын ұсынды.

Дәулетқали АРУЕВ,

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button