Жарнама
Қоғам

Бір мектептің бітпейтін «жыры»

Атырау қаласындағы №30 мектеп ғимаратының жай-күйі 2002 жылы пайдалануға берілгеннен-ақ қиындау болғанын көзіқарақты жан жақсы біледі. Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия ғимаратының Нұрғиса Тілендиев көшесіндегі 21 мекен-жайда орналасуының өзі әу баста біршама әңгімеге арқау болған-тұғын. Содан бері осы мекеменің төңірегіндегі дау-дамай әлі басылған жоқ.

Қалалық білім бөліміне қарасты «Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған №30 мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты 2002 жылы 1200 орынға лайықтап салынған. Ол кезде мұндай атшаптырым ғимарат облыста некен-саяқ. Содан болар, мекеменің ашылуына келген сол кездегі облыс әкімі Серікбек Дәукеев бұл жерде оқу-ағарту саласындағы ең соңғы үлгідегі әдістемелер қолданылатынын, мұғалімдер әбден іріктеліп алынғандықтан оқушылардың үлгерім сапасы республикалық деңгейден еш кем болмайтынын айтқаны есте қалыпты.

Әйтсе де, мектеп ғимаратындағы құрылыс барысында жол берілген кемшіліктер мен ақаулардың салдарынан оқу-тәрбие процесіне түрлі кедергілер болғаны жергілікті мерзімді басылымдарда әр кезеңде жазылып отырды. Содан бері басынан дау-дамай арылмаған ғимараттың жазда жаңбыр, қыста қар жауса төбесінен тамшы ағатынын да ұжым жаһанға жар салмағанмен, «сыбыр-күбірмен» айтып жүрді. Біздің білуімізше, ғимарат шатыры битумды жабындымен тегіс жасалғандықтан, бұл жағдай 2007 жылдан бастап үнемі қайталанған. Тіпті, тамшы аққаннан оқу кабинеттерінің төбедегі гипс жабындары үгітіліп түсіп, мекеме қызметіне зиянын тигізген кездер де болды.

Ақыры, «осылар тыныш болсыншы» деген болуы керек, 2018 жылы демеушілердің көмегімен шатыр жөнделді. Бірақ оқушылар мен ұжымның қуанышы ұзаққа барған жоқ. 2022 жылы шатырдан қар мен жаңбыр суының кетуі қайта туындап, 2023 жылы ақпан-наурыз айларында толыққанды зерттеу жүргізген облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті «мектеп ғимараты пайдалануға жарамсыз» деген ресми қорытындыға келді. Сол оқу жылынан бастап оқушылар жақын маңдағы мектептерге бөліп орналастырылды.

Бұл мектептің «жыры» тек қалалық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасын ғана емес, облыс басшылығының да бас ауыртар проблемасына айналды. Тұрған жері жақсы болғанмен, бір мектептің төңірегіндегі дау-дамай таусылмай, талай лауазым иесіне соққы болғаны рас. Өйткені, мемлекеттік стандартқа сай келмейтін ғимараттың проблемасы әбден ушығып, ақыры облыс әкімдігі оны түгелдей қиратып орнына жаңасын салу туралы шешімге бекінгенмен әлі күнге дейін соңғы нүктесі қойылмай отыр.

Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметіне қарағанда, техникалық зерттеу жасау бойынша ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып «Zigmund» ЖШС анықталған. Қорытынды құжаттар ресімделген соң 2023 жылғы 12 желтоқсанда №53 келісім-шарт жасақталды. Серіктестіктің №30 мектеп-гимназия ғимаратына жүргізілген техникалық сараптаманың қорытындысы негізінде оның тозу деңгейі 70% болғандықтан, «апатты жағдайда» деп танылды.

Осыдан кейін мектеп-гимназияның 1200-ден астам оқушысы бірнеше мектепке бөлінді. Атап айтқанда, 493 оқушы – Қ.Сәтбаев атындағы №19 орта мектебіне, 263 оқушы – Атырау энергетика және құрылыс колледжі және 447 оқушы «СМП-136» шағынауданындағы «Алаш» мектебіне үзіліссіз білім алу үшін уақытша көшірілген. Оқу процесі әзірге солай жалғасатын түрі бар.

Әрине, мәселенің түйіні шешілмеген соң ата-аналар тарапынан да, педагогикалық ұжым тарапынан да талай мәрте наразылықтар болғанын да атап өткен жөн. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, облысқа келген Парламент депутаттарына да шағым айтылды. Соның негізінде Премьер-Министрдің салалық орынбасары Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал да жолданды.

2022 жылы жабылған мектеп ғимаратының жалпы жай-күйі жақсы көрінгенімен, төбесін жөндеу шығынды көп қажет етеді екен. Сондықтан, оған басшылық босқа шығын жұмсауды артық көріп, қазіргі ғимаратты бұзып, орнына жаңасын салуды ұйғарыпты. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова мектеп уақытша жабылғанымен, ұжымға еш нұқсан келмейтінін айтып отыр. Биыл желтоқсанда «Ақ шағала» шағынауданындағы 2000 орындық BINOM мектебінің құрылысын аяқтап, қолданысқа беру көзделген. Шамамен бір шақырымдай жердегі осы білім беру мекемесіне №30 мектеп-гимназиясының оқушыларын көшіру жоспарланған.

Енді мектеп-гимназияның апатты ғимаратын бұзып, орнына демеушілер қаржысы есебінен 600 орындық жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр. Бұрынғысын бұзып, жаңасын салу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы да демеушілік есебінен жасалатын болыпты. Бұл жұмыс биыл басталып кетсе, 2027 жылы аяқталуы тиіс.

Бір мектептің сан құбылған сипатына енді Атырау облысының Қоғамдық кеңесі де назар аударыпты. Жуырда кеңес мүшелері жабық тұрған ғимаратты аралап көріп, толыққанды шешім қабылдауға кеңес қылуда. Қалай десек те, осы мектептің «жыры» әзірге аяқталар түрі жоқ.

Анықтай кетер жайт, республика бойынша бүгінде 7 мыңнан астам білім беру мекемесі тұрақты күтім мен жөндеуді қажет етеді екен. Оның бәріне қашан қаржы табылары беймәлім. Тек соған тезірек жетсек жақсы болар еді…

Қуандық ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button