Білімді бала – ел ертеңі

orlrlrlrollrr Қоғам

ҚАЗІР ЕРЕКШЕ БАЛА ТӘРБИЕЛЕЙ ОТЫРЫП, КӘСІП ИГЕРІП, ӨЗ ІСІН БАСТАҒАН АНАЛАР АЗ ЕМЕС. АЙРЫҚША КҮТІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БӨБЕГІНЕ ҚАРАЙЛАП, ЖҰМЫСҚА ДА ШЫҒА АЛМАЙ ЖҮРГЕН ЖАНДАР ҮШІН МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН БІРҚАТАР ІС-ШАРАЛАР ДА ҚАРАСТЫРЫЛҒАН. АЛАЙДА, ЖҰРТТЫҢ БӘРІ БҰЛ МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНУ ТҰРМАҚ, БІЛМЕЙДІ ДЕ. ДЕСЕК ТЕ, КӘСІП БАСТАП, ҚОЛЫНАН КЕЛЕТІН ІСТІ ДӨҢГЕЛЕНТІП, СОНЫСЫМЕН ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛЫП ОТЫРҒАНДАР БАР. СОЛАРДЫҢ БІРІ – КӨП БАЛАЛЫ АНА ЭЛЬВИРА НҰРСҰЛТАНОВА.

Бірнеше жылдық еңбек өтілі бар ұстаздың өмірі 2013 жылы күрт өзгерді. Туабітті құлақ мүкістігімен дүниеге келген баласына қарайлаған ана мектептегі жұмысын тастауға да мəжбүр болды.

– Мұғалімнің қызметі де оңай емес. Қағаз толтыру, басқа да жауапкершілігі мол міндеттері бар. Жұмысты ойдағыдай атқара алмасымды білген соң, өз еркіммен бас тартуыма тура келді. Уақытымды толықтай баламды күтуге арнадым. Алайда, табыссыз тағы отыра алмайыз. Күнделікті ішіп-жем, балалардың киімі бар, – дейді Эльвира Нұрсұлтанқызы.

Бастапқыда макияж курсын меңгеріп, сол салада еңбек етуді ұйғарған екен. Жұмыс режиміне бола қызыққанмен, бұл кəсіп өзіне қол еместігін бірден түсінеді. Сөйтіп жүріп, оқу орталығын ашуға бекінеді. Өзі сол салада еңбек еткен, балалармен жұмыс жасау тəжірибесі бар, ақыры тəуекелге бел буады. Аққыстау селосындағы «Парасат» оқу орталығының ашылғанына 5-6 жыл болған.

– Əуелі сол кездегі басшысы Əсемгүл Темірболатқызымен бірге жұмыс жасадым. Содан кейін өзіме аударуға оңтайлы мүмкіндікті пайдаланып, оқу орталығының директоры атандым, – дейді ол.

Былтырғы мамырда «Бастау бизнес» оқу курсын оқып, нəтижелі жұмыспен қамтудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңберінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға берген өтініші де мақұлданады.

– 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 583400 теңгеге оқу орталығына қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Мектепке дайындық, ментальды арифметика, тілді дамыту үшін жылдамдыққа оқу, жазу каллиграфиясын қалыптастыру сынды машықтарға баулимын. Алдағы уақытта кəсібімді кеңейтіп, қосымша маман алу, облыс орталығынан ашу туралы жоспарларым бар, – дейді Эльвира Нұрсұлтанқызы.

Қазір оқу орталығы ғимаратты жалға алып, жұмыс жүргізуде. 30-ға жуық бала келіп, оқиды. Мектепке баратын сəт жақындаған сайын, келушілер де саны артатыны белгілі. Өз ісін жан-тəнімен сүйетін Эльвира қарбалас жұмыстан қашпайтынын да айтады. Алдына келген əр баланың білімді, дəрістерден мол мағлұмат алып, кəдесіне жаратуын ол өз жұмысының ең басты көрсеткіші деп біледі. Өйткені, білімді, жан[1]жақты болу бала ертеңіне үлкен əсерін тигізері рас. Сондықтан, Эльвира шəкірт санасына сəуле түсіру үшін үнемі оқу курстарына барып, өзін жетілдіру бағытында да жұмыстанып жүргенін жасырмады.

– Бұл – кəсіби жетістігіме қатысты жоспарларым. Ал, аналық арманым – баламның ауруынан айығуы. Алайда, туабітті ауруды жеңу оңай емес. Үндістанда күрделі ота жасап, оң көрсеткішке ие болғандарды естіп, біліп отырмыз. Бірақ, қолымыздың қысқалығы себепті, əзірге ол жаққа бара алмаймыз, – деді ана мұңды кейіппен.

Ерекше балаға ерекше көзқарас пен күтім қажет екені анық. Тек олардың өздерімен жұмыс жүргізу емес, аналарына психологиялық қолдау қажеттігі де аз айтылмайды. Сондықтан, өзі сүйген мамандықтан алшақтамай, өз кəсібін ашып, мемлекеттік қолдауды пайдаланып отырған Эльвира Нұрсұлтанова сынды жандар мақтауға да, мақтануға да тұрарлық.

Гүлжан ƏМІРОВА

Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз