Жарнама
Қоғам

БІЛІМ НӘРІН ҚҰЙҒАН…

Әулетте анасы Әсия Кәрімқызынан бастап, ағалары Латиф, Сәбит Сейфолла, апасы Мағия мен қарындастары Гүлфарида мен Шолпан да – ұстаздық кәсіпті өміріне нәсіп еткен өз ісінің нағыз майталмандары. Сағдат болса 1986 жылы Гурьев педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, еңбек жолын Ақтау қаласындағы мектепте бастады. 1987-1995 жылдар аралығында Атырау облысына қайта оралып, Геолог поселкесіндегі Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектебінде ұстаздық етеді.
Жігерлі де жалынды жас теориялық білімі мен әдістемелік шеберлігін ұштастыра білді. Жаңалыққа жаны құмар маман әріптестері арасында іскерлігімен, ізденімпаздығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленіп, 1995-1997 жылдары Балықшы ауданындағы Абай орта мектебінде директор қызметін атқарды. 1997 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектебінің басшысы қызметіне тағайындалған С.Жұмабайұлы өзін жаңа қырынан таныта білді. Ол басшылық қызметпен қатар, шығармашылық жұмысты тастаған емес. Республикалық, облыстық семинарларда ашық сабақтар өткізіп, баяндамалар оқып, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бүгінде білім берудің тиімді жолын іздестіріп, инновациялық идеяларды енгізуде Сағдат Жұмабайұлының есімі Атырау өңірінде «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту (СТО)» бағдарламасын насихаттап жүрген белгілі бапкер ретінде де таныс. Ол 2001 жылы IREX халықаралық ғылыми-зерттеу «Қоғамдық байланыстар» бағдарламасы бойынша білім беру саласындағы тәжірибе алмасу мақсатында Америка елінде өз білімін жетілдіріп қайтты. Математика пәнінің білгірі атанған ұстаздың бірқатар шәкірттері білім бәйгесінде көрініп жүр. Соның бірі – Карина Қабиболла. Ол республикалық «Зерде» ғылыми жобалар сайысына «Сандар теориясы» зерттеу жұмысымен қатысып, үлкен жетістікпен оралды.
Тәжірибелі де, білікті ұстаздың еңбегі елеусіз қалмады. 1997 жылы ҚР Білім беру ісінің үздігі төсбелгісімен, 2001 жылы ҚР Білім беру ісінің «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. 2006 жылы Атырау облыстық мәслихатының «Құрмет» грамотасы мен Атырау қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Ал, 2011 жылы Елбасы Жарлығымен «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» мерекелік медалімен ұлығыланды. Сондай-ақ, С.Сапанов «Қазақстан даңқы» – «Слава Казахстана» орденінің де иегері.
Тәжірибелі ұстаз дәстүрлі өткізіліп келе жатқан республикалық тамыз кеңесіне де жыл сайын қатысып, өз ойы мен пікірін қосып жүргенін ерекше айтқанымыз жөн. Бүгінде Сағдат Жұмабайұлы басқарып отырған Қ.И.Сәтбаев атындағы орта мектебі (облыстағы екі мектептің бірі-ред.) 12 жылдық білім беру моделін апробациялау жөніндегі эксперимент алаңы болып бекітілді.
Ойшыл Жүсіп Баласағұнның «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген сөзі бар. Тәжірибелі басшы, ұжым мақтанышы, терең білімді де білікті ұстаз Сағдат Жұмабайұлы парасат биігінен көрініп қоймай, жыл сайын өзі басқаратын ұжымды да биік белестерге жетелеп келетінін айтқанымыз жөн.
Бүгінде мерейлі 50 жасқа толып отырған Сағдат Жұмабайұлы – жұбайы Жанат екеуі төрт ұл тәрбиелеп отырған ұлағатты әке мен ардақты ана. Әулеттің келіні Жанат та мұғалімдік мамандықты таңдаған. Білім саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан шығармашыл ұстаздардың бірі. Білім мен ғылыми ортаның дамуына, оқушының танымы мен зердесінің қалыптасуына үнемі үлес қосып, қажымай-талмай еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың ұстазы Сағдат Жұмабайұлы өз тұғырынан түспей, қайнаған өмірдің бел-белесінен әлі талай көріне беретініне сеніміміз мол.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button