БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚАДАМДАР

Жыл сайынғы білім саласы қызметкерлерінің қалалық тамыз мәслихаты биыл Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ерекше жағдайда өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев, Атырау қалалық білім беру мекемелерінің басшылары, мұғалімдер қатысты.

«Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» тақырыбында өткізілген кеңес облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның кіріспе сөзімен басталды.
– Биыл жаңа оқу жылында білім беру саласының барлық қызметкерлерін үлкен жұмыс күтіп тұр. Облыста соңғы екі жылда 67 мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары ашылды. Дегенмен, әлі де демографиялық өсу үдесіне жете қойған жоқпыз. Бүгінде он сегіз мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұрса, соның 89 пайызы қалада екен. Бұл – алда атқарылар жұмыстың бірі. Сондай-ақ, облыста он бір апатты мектеп болса, үшеуі қалада орналасқан. Оның екеуінің жаңа ғимараты биыл жыл басында, соңғысы келесі жылы іске қосылады. Сөйтіп, қаладағы апатты мектептер толығымен жойылады. Биыл облыста оқу жылы үш ауысымдық мектепсіз басталады. Білім саласындағы тағы үлкен мәселе – қосымша біліммен қамтамасыз ету. Сараптап қарағанда, Атырау облысының көрсеткіші бұл жағдайда төмен. Соның ішінде қала көрсеткіші 10 пайыз көлемінде қалып келеді, ең болмағанда 25 пайызға жетуі керек, – деген Шыңғыс Жұмабекұлы ұстаздар еңбегінің көрсеткіші ылғи да Ұлттық бірыңғай тестілеумен өлшенетіндігіне тоқталды. Атырау қаласы бойынша өткен оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу былтырғы есептен 19 баллға төмен түсіп кеткендігі, облыста 42 мың бастауыш сынып және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар ыстық тамақпен қамтылып келе жатқандығы да ерекше айтылды. Алайда, тамақтың құнарлылығы, сапасы да мектеп басшылары мен білім бөлімі қызметкерлерінің басты назарында болуы қажеттігін тапсырды.
Одан әрі барша ұстаздар қауымын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан алдағы жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған Шыңғыс Жұмабекұлы Атырау қаласында оқушылар және жастар сарайы құрылысының іргетасы 7 қазаннан бастап қаланатындығы жайлы қуанышты хабармен бөлісті. «Аталған оқушылар сарайы Елордадағы жастар сарайынан бағдарламалық жағынан кем түспейтін болады» деді.
Салтанатты жиында өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өнегелі жұмыстарымен ерекшеленген бір топ ұстаз, ардагер-ұстаздар облыс әкімінің Алғыс хатына және «Қазақстан геологі» шипажайына жолдамаға ие болды. Ал, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісімен №31 мектеп директоры Ғаділжан Кереев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрметті қызметкері» төсбелгісімен №3 мектеп директоры Жанар Сәрсенғалиева және қаладағы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық мектеп-гимназиясының мұғалімі Айтолқын Қалиева марапатталды.
Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев өз баяндамасында педагог қызметкерлердің негізгі міндеті – қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу, толыққанды тұлға қалыптастыру екендігіне тоқталды. «Нақтырақ айтқанда, білім саласына соңғы үш жылда бөлінген қаржы 18 пайызға өсіп, 11 млрд. 417 мыңды құрап отыр. 2013-2014 оқу жылында 21 мектепке 62 млн. 320 мың теңгеге химия кабинеттерінің кешені және «E-Learning» электрондық оқыту жүйесімен оқытуға 240 интерактивті тақта орнатылды. Қала мектептері 100 пайыз интернет желісіне қосылған. Апаттық жағдайда тұрған мектептердің мәселесі оңтайлы шешілген. Қазіргі кезде сәбилерді мектепке дейінгі білім беру және тәрбие мекемелерімен қамтамасыз ету 61 пайызды құрап отыр. Ал, қалада 16 мың 300 сәби балабақша кезегінде тұр. Осы мәселелердің шешімін табу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Осы мақсатта биылғы жаңа оқу жылында Көкарна ауылында, Жұмыскер кенттік округінде, Бірлік ауылында және Нұрсая мөлтекауданында 280 орынға арналған балабақшаның құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Апаттық жағдайда болған №18 және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қабырғасы қайта қаланып, 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі. Мектепке дейінгі 100 баланы балабақшалармен қамтамасыз ету мақсатында осы мектептердің жанынан шағын орталықтардың ашылуы жоспарлануда», – деді Нұрлыбек Жұмахметұлы.
Шаһар басшысы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен 1-4 сынып оқушыларын және аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету қалада 100 пайыз қолға алынғанын атады. Ыстық тамақпен қамту үшін өткен жылы – 377 млн. 878,0 мың теңге, ағымдағы жылы 590 млн. 088,0 мың теңге бөлінді. Биылғы оқу жылында мектеп оқушыларын тамақтандыруды ұйымдастыруды мектеп басшылары жаңа талапқа сай таңдайды. Ас мәзіріне жергілікті жердегі қожалықтардың құнарлы тағамдарын, бал, сүт, жеміс-жидектерді пайдаланатын болады.
Баяндамадан соң ұрпақ тәрбиесінде ұлан-ғайыр еңбек еткен ардагер ұстаздар мен тәжірибелі мұғалімдер марапатталды. Білім саласында 50 жыл еңбек етіп, білікті шәкірт тәрбиелеген ұстаз Қадим Оңғарсыновқа «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ, 2013-2014 оқу жылында білім саласына сүбелі үлестерін қосқан Атырау қаласының мақтанышпен айтатын білім беру мекемелері де марапатсыз қалмады. «Үздік мектеп – 2014» номинациясына ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық мектеп гимназиясы лайық деп танылды. «Жоғары сапа – 2014» номинациясымен 2013-2014 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуден Атырау қаласы бойынша жоғары балл жинаған №17 мектеп-лицейі марапатталды. «Үздік балабақша – 2014» номинациясы №6, №30 балабақшалары атанды. «Жаңашылдық – 2014» аталымына «Тағылым» жекеменшік мектебі, «Таза бұлақ Атырау» жекеменшік мектептері, №16 мектеп, №31 мектеп-гимназиясы, №22 балабақша ие болды. «Ілгері қадам – 2014» номинациясына «Рауан» балабақшасы, №18, №15 мектептері, «Дарынды бастау – 2014» номинациясына Қайыршақты саз мектебі, «Жылы жүрек, жомарт қол – 2014» номинациясына Бесікті мектеп-интернаты лайық деп танылды.
Қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауованың баяндамасынан мәлім болғандай, қалалық білім бөліміне қарасты 56 жалпы білім беретін мектептің ішінде Қ.Сәтбаев атындағы мектеп «12 жылдық білім беру бағдарламасына», М.Ломоносов атындағы мектеп «ағылшын тілін ерте 5 жастан оқыту», №30 мектеп-гимназиясы «үш тілде оқыту» сынақ алаңдары болып белгіленіп, жұмыс жасауда.
Жиын соңында ардагер-ұстаз Хамза Ғабдолла, №3 мектептің мұғалімі Светлана Ким, №6 балабақша директоры Жұмагүл Бектабанова, №31 мектеп-гимназия директоры Ғаділжан Кереев баяндама жасап, тәжірибелерімен бөліссе, күні бүгін ұстаздар қатарына қабылданған жас мамандардың атынан Уәсила Арманқызы сөз алып, ұстаздар қауымына жүктелер міндетті мінсіз атқаратындығын жеткізді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз