Жарнама
Қоғам

БІЛІКТІ МАМАН – ЕЛ ЕРТЕҢІ

 

Расында да, бүгінде жұмысшы мамандығы – жай ғана кәсіп емес. Қазіргі заманғы дамыған технология терең білімді де, жан-жақты білікті де қажет етеді. Ал, оқу орны мен өндіріс ошағын байланыстыру – теория мен тәжірибені ұштастыруға бағытталған оң қадам. Шындығында, дипломды кадр қаншалықты білімді болғанымен, қолмен іс істеп көрмесе, түкке де татымайды.

Міне, осы жайды ескерген колледж басшылығы дуальды оқыту жүйесін ерте енгізді. Бүгінде «Атырау-Жарық», «АтырауПолимерСтрой», Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Альянс СК» тәрізді барлығы 22 кәсіпорынмен жасалған келісім бар. Соның нәтижесінде оқушыларымызды өндірістік тәжірибеден өткізуде аса қиындық туындап отырған жоқ.

Өзге оқу орындарымен байланыс орнатып, қарым-қатынаста болған да дұрыс. Мәселен, біз біраз жылдан бері Оралдағы политехникалық колледжбен, Астрахандағы инженерлік-құрылыс институтымен, құрылыс және экономика колледжімен, т.б. әріптестігімізді арттырып келеміз. Тіпті Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі Буденновск қаласының аймақтық политехника колледжімен жасалған шартымыз бар.

Осындай әріптестік нәтижесінде оқушыларымыз түрлі жарыстарға қатысып, шеберліктерін шыңдап келеді. Мәселен, биылғы 13-15 мамырда Астраханда жас ғалымдардың, студенттер мен оқушылардың төртінші халықаралық ғылыми форумы өтті. Соған қатысқан оқушыларымыз А.Жұмаханов, А.Құрманиязов және Н.Тасмағамбетов ғылыми жобаларын сәтті қорғап, жүлделі орындарды иеленді. Орал қаласында ұйымдастырылған «Кәсіби маман — 2015» байқауына қатысқан 3 курс студенті А.Нығметов Алғыс хатпен марапатталды. Ал, С.Жұмағалиев Астанада өткен республикалық конкурста бірінші орынды жеңіп алды.

Әрине, шәкірттерге жан-жақты білім беретін ұстаздардың еңбегі зор. Оларға А.Елеусінова, Н.Мусалимов, М.Зайруллина, Б.Жаулы, Г.Бощиева тәрізді оқытушылар тәлім береді. «Үздік педагог — 2015» облыстық байқауында тарих пәнінің мұғалімі Б.Көшербаева үздік шығып, А.Бағытова үшінші орынды иеленді. Ақырында, осындай ұйымшыл ұжымға тәжірибелі ұстаз, білікті басшы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Нұрғали Темірташев жетекшілік етіп келеді.

Елбасы еліміздің ілгері қарышты дамуын, халықтың әл-ауқатының одан әрі көтерілуін қамтамасыз ететін бес реформа мен 100 нақты қадамды белгілеп берді. Соның ішінде кәсіби білім беру саласына жүктеліп отырған жауапкершілік те жоғары. Ендеше, міндет – сол үдеден көріну.

Г.БАЙДӘУЛЕТОВА,

Атырау энергетика және құрылыс колледжінің әдіскері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button