«БЕСІГІН ТҮЗЕГЕН ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ ТАСИДЫ»
— Жалпы, батыс аймақтардағы, соның ішінде Атыраудағы діни ахуалды қалай бағалайсыз? Алғашқы қадамдарды неден бастағалы отырсыз?
— Дана халқымызда «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Рас, қазіргі таңда күрделенген дін тақырыбы қай ортада болмасын ең көп талқыланатын өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы уақытқа дейін жанашыр тұлғалардың діни экстремизмнің алдын алу туралы пікірлері бұқаралық ақпарат құралдарынан аз көрініс таппаса да, дін тақырыбында көтерілген мәселелердің өзектілігі қазіргі уақытта қалың жұртшылықтың назарын аударуда. Ең сорақысы, бұғанасы беки қоймаған теріс бағыттағы жастарымыз қазақтың сан ғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін және ата-бабамыздың ұстанып келе жатқан исламдағы Ханафи бағыты мен озық салт-дәстүрлерімізді теріске шығарып, мұсылман жамағатының арасына іріткі салып жүр. Біз жұмысымызды осындай келеңсіз үрдістермен күрестен бастап отырмыз.
— Жат ағымның жетегінде кеткендерді асыл дінімізге, қоғамға қайтаруда нендей қадамдар жасалуы керек?
— «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп бұға берсек, құнарлы топыраққа түскен арам шөптей қаулап, белең алып, жуас түйені жүндегісі келетін арам пиғылды ағымдардың қатары көбейеді. Сондықтан, теріс ағымның жетегінде кеткендерді қайта ортамызға қосуда діни кадрлардың орны ерекше. Себебі, білікті, тәжірибелі дін маманы ғана жат ағымның жетегінде кеткендерді райынан қайтаруға қабілетті. Жалпы, өңірдегі имамдардың бірқатары — жоғары діни оқу орындарын тәмамдап келген білікті тәжірибелі мамандар. Десек те, білікті дін мамандарының жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан, ең алдымен діни кадр мәселесін жолға қоюымыз қажет.
— Шыны керек, адасқандардың арасында бүгінде некенің қадірі кете бастады. «Талақ» деп бірі әйелінен, бірі ерінен ажырасқандардың нәтижесінде уыздай қыздарымыз аузынан ана сүті кеппей жатып, төрт-бес рет тұрмыс құрып үлгеретін болды. Некеге осынша жеңіл қарау шариғатымызда қалай бағаланады?
— Үйленіп, үй болу — әр адамның басына түсетін жағдай. Сонымен қатар, шаңырақ көтеру — өмірдегі ең маңызды қадам. Әрбір мұсылман Аллаға ізгі құл, пайғамбарға (с.ғ.с) үлгілі үмбет болатын иманды, ибалы ұрпақ сүюді көздеп, жарасымды жанұя құруды қалайды. Алайда, кейде отбасылық өмір жайлы ешбір мағлұматы жоқ жастар нәпсіқұмарлыққа беріліп қосылғанымен, артынша көп ұзамай ажырасып жатады. Мұның бірден-бір себебі — шариғат пен бабаларымыздың кеңесіне құлақ аспау болып отыр. Мұндай жат қылық, әсіресе жат ағымның жетегінде кеткен жастардың арасында жиі көрініс табуда. Осыған орай, әрбір ата-ана өздерінің ұл-қыздарының тәрбиесіне бейжай қарамауы тиіс. Әсіресе, аталмыш мәселеде қыз баланың тәрбиесі мен жүріс-тұрысын қадағалау — ата-ананың міндеті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Алланың құзырында рұқсат етілген, алайда ең ұнамсыз амал — талақ» деп ескерткен. Жоғарыдағы мәселе діни ілімсіздік пен надандықтың салдарынан туындап отыр.
— Әруақ, бейіт мәселесі де адасқандар тарапынан көп шу туғызып келеді. Сиыну мен сыйлаудың ара жігін қалай ажырату керек?
— Асыл дініміз ислам мен бабаларымыздың озық салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы біздерді о дүниелік болған марқұмдарды құрметтеуге үндейді. Әсіресе, әмбие-әулиелердің дәрежесі ерекше бір төбе. Соның ішінде еліміздің батыс топырағында небір батырлар мен әулиелер, тақуа данышпан, күйші, ақындардың бейіттері жетерлік. Мәселен, Бекет ата, Қожа Ахмет Яссауи секілді бабаларымыз Хақтың да, халықтың да құрметі мен ыстық ықыласына бөленген тақуа жандар еді. Олар аузында Алласы, жүрегінде тәубасы, қолында қасиетті Құраны бар, бес уақыт намазы мен оразасын қаза жібермеуімен қатар, халыққа пайдалы қызмет қылған жаны жайсаң, көңілі дархан, үлгілі әулие жандар болатын. Біздер марқұмдарды құрметтеп, силаймыз. Олар үшін Құран бағыштап, Жаратқаннан жарылқауын тілейміз. Бірақ, оларға құлшылық қылмаймыз, тікелей олардан қажетімізді сұрамаймыз. Өйткені, құлшылық-ғибадат тек бір Аллаға ғана тән. Ежелден «Алладан сұрағанның екі бүйірі, адамнан сұрағанның екі көзі шығады», «Құдай деген құр қалмайды» дегенді жақсы білетін қазақ халқы мұндай мақалдың мыңын мұра етіп қалдырған. Біз осыны түсінуіміз керек.
— Адасқандар бүгінде намаз оқымағандардың барлығын «кәпір» деп шулап жүр. Бұған не дейсіз?
— Көзді жұмып қойып, «Құранда былай, хадисте солай» деп, оңды-солды пікірлерімен өзгелерді «кәпір» деп өз ойларынша пәтуа бере салу сәнге айналып бара жатыр. Егер осылай әркім өз көзқарасымен немесе пір тұтқан бір ғана кісінің пайымдауымен пәтуа тарата беретін болса, еліміздің, дініміздің ертеңі не болмақ? Абай атамыздың «Бас басына би болған өңкей қиқым. Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын» деген өлең жолдары арамыздағы пәтуа бергіштерге қарата айтылғанын ескерсек игі болар еді. Адамға «кәпір» деп айту – өте ауыр үкім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Бір адам екінші бір адамды пасықтықта, күпірлікте айыптамасын! Егер жолдасы олай болмай шықса, айтқан сөзі өзіне қайтады» деп айтушы адамның өзі кәпір болып кетуі әбден мүмкін екендігін ескертті. Осы орайда, Алланы бір, пайғамбарды (с.ғ.с.) хақ, Құранды шын деп құбыласын тани білген исі мұсылман қазақ халқын «кәпір» деудің өзі надандық екендігі айдан анық.
— Бізге берген бір сұхбатында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының аппарат басшысы Балғабек Мырзаев «…Сегізінші, оныншы ғасырларда мұсылман ғалымдар әлемге, күллі Еуропаға өркениетті алып барған кезде оларда тіпті бір ғылым жоқ еді. Осы сегізінші, тоғызыншы, оныншы ғасырда Еуропадан шыққан бір ғалымды айтып беріңіздерші десем, ешкімді айта алмайды» деген еді. Шынында да, сегізінші ғасырда біз «жер дөңгелек, ол айналады» деген кезімізде, Еуропада XVI ғасырда Галилей мен Бруноны «жер дөңгелек» дегені үшін шіркеулер отқа жақты. Бірақ, қазір керісінше, ислам елдері осының бәрін Еуропадан, Америкадан үйренуге мәжбүр болып отыр. Бабалардың қоғамдық үрдісін қалай қайта жаңғыртамыз?
— Иә, шын мәнінде кезінде мұсылман елдері білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің ошағына айналып, күллі әлемге жарық сәулесін шашқан еді. Бұл талассыз ақиқат. Өйткені, сол кездегі мұсылман бабаларымыз Құран аяттары мен пайғамбар (с.ғ.с) өсиеттеріне құлақ асып, көздері ашық, көкірегі ояу, білім-ғылымға аса құштар, ауызбіршілікте болатын. «Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деп, күн сайын білімге білім жамап отырудың қажеттігін ескерткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің де (с.ғ.с) оқуға, ілім үйренуге шақыратын хадистері көп. «Аллаһ ілім арқылы бірқатар ұлттардың абыройын биіктетеді, жақсылықта басқаларға жолбасшы етеді, ел солардың ізіне еретін болатын» деген хадистерін осылардың қатарында атап өтуге болады. Кез-келген елдің елдігінің кепілдігі мен ұлт болашағы тәрбиелі, көргенді жастарға байланысты. Еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды, білімді, жігерлі иманды ұрпақтардың орны бөлек қой.
— «Дінтану» курсы жас буынның жат ағымдарға еріп кетпеуіне кепіл бола алмайды. Өйткені, балаларға діндердің пайда болу хронологиясы ғана оқытылып жатыр. Оның үстіне мамандар сабақ бермейді» деп бірқатар теологтар мәселе көтеріп жүр. «Дінтану» курсын оқытуға имамдарды қатыстыруға бола ма?
— Мектептердегі «дінтану» пәніне білікті имамдар мен дінтанушы мамандарды қатыстыру құптарлық іс болғанымен, бұл мәселе діни кадрға келіп тіреледі. Өйткені, қазіргі таңда мұндай мамандар мешіттердің өзінде тапшы болып отыр.
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.