
Берекенің бастауы, ұлтымыздың ұйытқысы
«Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» дейді біздің қазақ. Халық айтса, қалт айтпайды. Келін – шаңырақтың ажары ғана емес, әулеттің ұрпағын жалғастырушысы, ырысы мен құт-берекесі. Мақат ауданында тұратын Саида әлиева – үйдің де берекесін еселеп, шаттығын арттырып, түздің де жұмысына үлгеріп жүрген үлгілі келіншек. Тал бойында тоқсан түрлі өнері бар. Ендеше, бірге білейік.

Ағы бардың – бағы бар
Отбасындағы жеті перзенттің үлкені Саида жастайынан әке-шешесінің тәлім-тәрбиесімен еңбекке құштар болып бой жетеді. Артындағы бауырларына қамқорлығын аямай, ата-анасына қолғанат атанып, жұмысын жеңілдетуге бар күшін салады. Мектеп бітірген соң, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығына оқуға түседі. Он сегіз жасында Айдос екеуі отау құрса да оқуынан шет қалмай, үздік тәмамдайды. Бүгінде жасы отыздан енді асқан Саида ата-енесінің алдын қарға адым кесіп өтпей, алғыс-батасына бөленіп жүрген ибалы келін.
– Қай істі бастағым келсе де, әуелі ата-енемнің, сосын отағасының рұқсатын сұраймын. Құдайға шүкір, осы күнге дейін алдыма қандай мақсат қойсам да, ешкім бетімнен қаққан емес. Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны белгілі. Бар ісімді қолдап, көмектерін аямайтын отбасымның барына қуанамын, — дейді ол.
«Келін ененің топырағынан жаралады» дейді халық. Саида енесі Алтынайдың ғибратты жолын жалғап, босаға аттаған сәтінен бастап, оның ақыл-өсиетіне қанығып, білмегенін үйреніп жүрген жайы бар. Айдос екеуі екі ұл, екі қызын қатарынан қалдырмай, мейірімге бөлеп өсіріп келеді.
Ұлттық тағамдардың ішінде ежелгі және көпшілікке ортақ тағамның бірі ақ екені бәрімізге белгілі. «Ағы бардың бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт, несібе деп білген. «Қалауын тапсаң, қар жанады» демекші, Саида үйдегі жалғыз сиырдың сүтінен түрлі өнім дайындауды қолға алған. Құрт, ірімшік, қатық, айран, уыз, май, сүзбе, басқа да тағамдар жасап, дастарқанның сәнін кіргізіп келді. Қазір бір сиырдың басын көбейтіп, сүт өнімдерінің де көлемі ұлғайып, тұрақты тұтынушыларының да көңілінен шығып үлгерген. Еңбекқор жанның ақты қадір тұтатыны соншалық, сүзбеден қалған сарысуды да ысырап қылмайтынын байқадық. Оның айтуынша, сарысу көптеген ауруға ем екен. Оны күнделікті тұтыну арқылы артық салмақтан арылып, қан қысымын ретке келтіріп, жүйке жүйесін қалыпқа келтіруге болатыны медицинада да дәлелденген көрінеді. Саида ата-бабаның үрдісін бұзбай, нағыз денсаулыққа пайдалы өнімдерді кеңінен насихаттап жүр.

Ұлыстың ұлы күнінің тағы бір ерекше белгісіндей болған наурыз көжені ерекше әзірлегенді ұнатады.
– Наурыз – көктем мен жаңарудың мейрамы, табиғаттың оянып, айнала жаңарып, дүниеге жан бітетін мезгіл. Осы кезеңде адамның бойындағы қуаты азайып, әлсірейді. Соны білген дана халқымыз наурыз көжеге құнарлы, нәрлі тағамдар салып, дайындаған. Мен де үлкендерден көргенімді қайталап, сүр ет, кейін оның сорпасына бөлек суға қайнатылған бидайды салып, ақ (сүт немесе айран) құйып, тұз, мейіз, басқа да түрлі тағамдар қосып әзірлеймін, — дейді ол.
Шыны керек, шырайы келіскен шаңыраққа Ұлыстың ұлы күнінде арнайы Саиданың қолынан дәмді наурыз көжені ішуге асығатындар көп екен.
Бөдене өсіріп, алғыс алады
«Береке – адал маңдай терде» деп білетін жан құс шаруашылығымен де айналысады. Әңгімелесе отырып, осыдан бірнеше жыл бұрын жолдасының ұйқы безі ауырып, ешбір емге көнбегенін білдік. Содан олар жақын-жуықтан ол дертке бөдене жұмыртқасының пайдасы тиетінін естиді. Алайда, ауданда ондай құс өсіретін адам таппай, әуреге түскен. Отағасы Шымкент қаласынан бірнеше бөдене құсын алдырып, ерекше күтіп-баптайды. Осылайша, оның жұмыртқасын күн сайын ашқарынға ішіп, ауруынан құлан-таза айығады.

Ерлі-зайыптылар құс жұмыртқасының пайдасын өздері көріп қоймай, айналасына да бөліседі. Қазір бөдене құсын өсіруді тұрақты жолға қойып, өнімдерімен аудан халқын жеткілікті деңгейде қамтып отыр. Олар бұл құсты баптау да оңай емес екенін айтады. Бөденеге күніне үш рет азық береді, жылы жерде болуын қадағалайды. Таза құрама жемді табу да қиын. Құсты соятын да өз кезеңі бар.
– Бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Ал, дәмі тіл үйіреді, әрі тойымды. Жұмыртқаларындағы ақуыз тауық жұмыртқасына қарағанда әлдеқайда көп. Оның құрамы басқа да майлар мен көмірсулар, сондай-ақ адам ағзасы үшін құнарлы дәруменге толы. Біз тіпті жұмыртқаның қабығына дейін тастамай пайдаланамыз. Ол неше түрлі тері, басқа да ауруларға таптырмас ем, — дейді Саида.

Бүгінде олар бөдененің еті және жұмыртқасымен ауданда 6 дүкенді қамтамасыз етіп отыр. Үйге арнайы іздеп келіп, алатындар да аз емес. Саида әрбір адамның көңілін бағып, қалай тұтынатынын түсіндіруден бір тынбайды. Нәтижесінде табиғи әрі таза ет пен жұмыртқаны тұтынушылар арасында әлдебір ауруынан арылып, алғысын жаудыратындардың саны көбейе түскен.
Кәсібінен нәсіп тапқан
Қандай да істің қиюын тауып, жоқтан бар жасауды үйренген келіншек мейрамхана ісін де шырқ үйіреді. Сондай-ақ отбасылық азық-түлік дүкенінде халыққа қолжетімді бағада қызмет көрсетеді. Жиырма адамды жұмыспен қамтып отырған ол ұжымды ұйыстыруда адамгершілік қасиеттің ерекше маңызға ие екенін айтады. Саида кәсіпте «басшымын» деп кеуде соғып көрген емес. Қажет болса еден жуып, тамақ әзірлеуге де білек сыбанып кірісіп кетеді. Себебі кәсіпті зор құлшыныспен жасап, қиындығына төзе білсе ғана нәсібін көруге болатынын ол түйсігімен сезінеді.
Біз Саидадан үйдің де, түздің де жұмысына қатар үлгерудің өзіндік «құпиясын» сұрадық.
– Шын ниет болса адамның қолынан бәрі де келеді. Жалқаулық – жанның соры. Бала-шағамның жарқын болашағы үшін жолдасым екеуміз қандай істен де қашпаймыз. Күн-түн демей шаруамызды жасап, адал ас ішуге ұмтыламыз. Бала-шағамды сылтауратып, кейбір аналар секілді үкіметке алақан жайып отырғым келмейді. Аяқ-қолы сау, еңгезердей жігіттердің уақыт өткізіп, масыл болып жүргеніне іштей қынжыламын. Ниеттенген адамға екі қолға бір күрек табылады. Ешқашан еңбек етуден шаршаған емеспін, қайта тірліктің көшіне ілесуге мүмкіндігім барына, күш-қайратымның жететініне қуанамын, — дейді Саида ағынан жарылып.

Ағайын-туыстың арасында алтын көпір болған ол қонақжайлылық қасиетті де ұмыт қалдырмаған. Оның ойынша, қонақты күтудің өз әдебі бар. Тіпті, үйге арнайы келген қонақтардың қас-қабағына қараудан бөлек, есік алдына шешкен аяқ киіміне дейін тазалап қоюды бұлжымас қағидаға айналдырған. Бұл сыйластықтың белгісін балаларына да үйретіп қойыпты. Төрінен қонақ арылмайтын әулеттің бүгінде құт-қуанышы толығып отырғаны рас.
Әлеуметтік желіде белсенді
Ауылдың өмірі қалада тұратын кейбір замандастар үшін тек әлеуметтік желіден немесе теледидардан көретін құбылыс болып бара жатқаны жасырын емес. Саида әлеуметтік желіде белсенді болуға да уақыт табады. Осылайша ол ауылдың қарапайым тыныс-тіршілігін көрсетіп, қала тұрғындарының ауылдан алшақтап бара жатқанын, әсіресе жастардың ауыл өміріне деген қызығушылығы аз екенін айтып қынжылады. Мал жаю, сиыр сауу, май-құрт дайындау, құс өсіру секілді ауыл келіндерінің күнделікті жұмысы телефонның арғы жағында отырған қаладағы қыз-келіншектерге қиын әрі қызықты көрінеді екен.
– Қазір байқасаңыз түрлі курстар көп. Қарапайым іс-әрекетті үйретіп ақша табатын заман болды ғой. Желіде маған «қамыр жайып, май шайқаудың әдістерін, ауыл өмірінің заңдылықтарын үйрететін курс неге жүргізбейсіз?» деген ұсыныстар көп айтылады. Шынымды айтсам біліп тұрған дүниемді үйрету үшін ақша алуға ұяламын. Қазақ әйелдерінің қанына сіңген жұмыс болғандықтан май, құрт істеуді тегін-ақ көрсете беремін. Шыны керек, әлеуметтік желі кәдімгідей уақытты алады. Тұрақты оқырмандарым болғаннан кейін «оларға не көрсетемін, қандай пайдалы ақпарат беруге болады?» деп үнемі ойланып жүремін. Көңіл бөліп қарағаннан кейін пайдалы дүние алса екен деймін. Оның өзі үлкен ізденіс. Қазіргі жасап жүрген контентім күнделікті жұмысыма еш кедергі келтірмейді, — деді пысық келіншек.
Түйін
Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев: «Әйел затын, жалпы, нәзік деп атайды ғой. Бос сөз. Мықтының ең мықтысы, көнбістің ең көнбісі әйелдер екеніне мен кіммен де дауласуға бармын», — деген екен. Үлкеннің батасын, жарының разылығын алып, бала-шағасына тағылымды жол көрсетіп, сырттағы шаруасын да шатқаяқтатпай жүрген Саидадай келіншектер қазіргі әйел затының шынайы бет-бейнесі емес пе?!
Ендеше, берекенің бастауына, ұлттың ұйытқысына айналған осындай салиқалы жандардың саны көбейіп, Отанымыздың бір бөлшегі – әр отбасының түтіні түзу ұшуын тілейміз!
Еркеназ ҚАЛИЖАН