БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – БҮГІННЕН
ӨНІМ БАР, ТҰТЫНУ ШЕ?
Баяндамашының айтуынша, өткен 2013 жылы облыс бойынша игерілген егістік жердің көлемі 6000 гектарға (5978 га) жуықтап, алынған өнім көлемі көкөністен 51581 тоннаны немесе 100,6 пайызды, бақшадан 16993 тоннаны (101 %), картоптан 13459 тоннаны (103,2 %) және жеміс-жидектен 367 тоннаны (114,6 %) құраған. Соған сәйкес, жекелей алғанда дақылдардың шығымдылығы да артқан.
Осыған қарамастан, облыста егін өнімдерінің халықтың жан басына шаққандағы тұтыну қажеттілігін қамтамасыз ету көрсеткіші төменгі деңгейде қалып отырғандығын да баяндамашы жасырмады. Нақтылай кетсек, бұл көрсеткіш картоптан-25,3, жеміс-жидектен-2,6, көкөніс пен бақшадан, ең жоғарысы-74,5 (сәбіз) және ең төменгісі 26,3 (қырыққабат) пайыз шамасында болып шықты. Осыған байланысты биыл аталған дақыл түрлері өсірілетін егіндіктің де, алынатын өнімнің де көлемін көбейту міндеті қойылған. Израильдік тамшылатып суару технологиясымен баптап-күтілетін егіс алқабының ауданы бұған дейінгі 653-тен 1000 гектарға дейін ұлғайтылуы тиіс. Ол үшін егін шаруашылығында тиімділігі жоғары заманауи озық технологиялардың қолданысқа кеңінен енгізілуіне, өнімділігі де, сапалылығы да жоғары дақыл сұрыптарын өсіруге, тыңайтқыштар мен интекцидтердің жаңа түрлерін ұтымды пайдалануға, бір сөзбен түйіндегенде, саланы интенсивтендіру жолымен өнім молшылығын жасауға бағыт ұсталынуы қажет.
СУБСИДИЯ СҰРАУСЫЗ БЕРІЛМЕЙДІ
Осыларды алға тартқан салалық басқарма басшысы қазірдің өзінде тамшылатып суару тәсілімен бітік егін өсіріп, картоптың әр гектарынан – 300-350, сол сияқты көкөніс пен бақшадан 600-1000 центнер аралығында өнім алуға қол жеткізіп жүрген шаруашылық құрылымдарының барын айтты.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын арзандатуға 90,0 млн. теңге; жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық екпелерін отырғызу мен өсіруге кететін шығындардың құнын ішінара өтеуге 38,4 млн. теңге; тыңайтқыштардың (органикалықтарды қоспағанда) құнын арзандатуға 35,1 млн. теңге; ауыл шаруашылығы дақылдарын арамшөптерден қорғау мақсатында қолданылатын гербицидтер бәсін төмендетуге 6,0 млн. теңге, оған қоса Үкіметтің қаулысымен (№106. 9 ақпан, 2011 ж.) бекітілген «Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу құнын субсидиялау қағидасы» бойынша, осы сала субъектілерін 84,2 млн. теңге көлемінде қаражатпен қамтамасыз ету жоспарланған. Мұның өзі пайдаланылған су шығындарының 80 пайызына дейінгі көлемі мемлекет есебінен өтеледі деген сөз.
Бұдан бөлек, соңғы екі жылдан бері аймақта мал азығы қорын жасақтап, базасын дайындау мақсатында екпелі шөптер егістігін субсидиялауға белгілі бір сомада қаржы бөліне бастаған. Соның нәтижесінде, бірнеше мыңдаған гектар аумақтағы малазықтық дақылдар мен көлтабанды алқаптарды қалпына келтірудің мүмкін-діктері туғызылған.
ҚОЛДАУҒА ҚАЙТАРЫМ ҚАНДАЙ?
Сайып келгенде, осындай жан-жақты қолдау барда егіншілікті кәсіп еткен шаруагерлерге қалатыны – берілген мүмкіндіктерді қалт жібермей, ұтымды пайдалану, жылға азық болар көктемнің әр күнінде бір іс тындыруға талпынып, бірлесе әрекет қылуға жұмылу.
Осы тұрғыда сөз сөйлеген «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы Абат Тасымов, 2013 жылдың қорытындысымен облыстың үздік шаруашылық құрылымы танылған Махамбет ауданындағы «Феликс» шаруа қожалығының жетекшісі Енисей Юн және басқалары да жасалып жатқан іске қолдау білдірді.
Басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың сөзіне де осы жайлар арқау болды. Қалай дегенде де, көрсетілген қолдаудың нақты жауабы бөлінген қаражаттың мақсатты да мерзімді игерілуі, игілікке жұмсалынуы жолында қарекеттену екендігі тағы бір мәрте қаперленді.
Дәулетқали АРУЕВ.