Бейнеу ауданына 18519 құлсарылық эвакуацияланды
Бүгінге дейін Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына 18519 құлсарылық азамат эвакуацияланды. Соның ішінде 633-і балалар. Олардың басым бөлігі, яғни 8 мыңнан астамы аудан орталығы – Бейнеуге, 694-і Боранқұл ауылына қоныстанды.
Сонымен қатар, Сарға, Есет ауылдарына бірнеше адам орналастырылды. Мектеп пен колледждер, өнер мектебімен қатар, жеке меншік дүкендерден де жатын орындар дайындалды.
Бұл туралы Бейнеу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Назарбек Қадір хабарлады.
Оның айтуынша, сын сағатта эвакуацияланғандарды қарсы алып, қабылдап, белгіленген орындарға орналастыруда құзырлы орган өкілдерімен қатар, еріктілер де тынымсыз еңбек етіп жатыр. Кәсіпкерлер де қол ұшын созып, қажетті құрал-жабдық, азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтудан кенде емес.
Көшірілген тұрғындарды сабырға шақырып көпті көрген ақсақалдар да кеңес беруде. Психологтармен жұмыс та ұйымдастырылды. Медициналық көмек көрсету басты назарға алынған.
– Маңғыстау облыстық әкімдігі тарапынан төсек жабдығымен бірге 300 кереует жеткізілді.
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен және республикалық «Біз біргеміз» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен 22 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Қазір эвакуацияланған тұрғындар үшін келіп жатқан көмектер толассыз, — дейді Н.Қадір.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА