Жарнама
Қоғам

БЕЙБІТШІЛІК АСПАНЫ: Рухани түлеуді қалай түсініп жүрміз?

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақ елінің ең басты жетістігі – бейбітшілік аспаны.

Әлем алмағайып заманды бастан өткеріп, бауырлас елдер өз-өзді жауласып жатқанда, біздің халқымыз бірлігінен ажырамады, ынтымақпен бірге келген берекені сақтай білді. Мұның жай ғана әдемі сөздер еместігі келесі жолдардан да айқын көрінеді.

Алыс-жақындағы аласапыран

Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабах үшін шайқасты мысалға алыңыз. Немесе Ресей мен Украина, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы қырғи-қабақ қатынастың жаһандық геосаяси картаға қаншама өзгеріс, аласапыран әкеліп жатқаны белгілі. Шүкіршілік. Тәубе дейміз. Осындай күрделі кезеңдерде біз бүгінгідей табысты мемлекеттің келбетін қалыптастыра алдық. ​ Тарих табыстырған жүз отыздан астам ұлт осылайша, жаңа Қазақстанның бүгіні мен ертеңін бірге жасауда.

Болашаққа инвестиция

Болашаққа салынуы тиіс ең маңызды инвестиция, ол – білім және ғылым. Ғылымды дамыту үшін жастарымыз, тіпті, тұтас ұлт білімді болуы тиіс. ​ Тәуелсіздік елең-алаңындағы қиындықтарға қарамастан, біздің еліміз «Болашақ» бағдарламасын іске қосты. Тұңғыш Президенттің тікелей араласуымен жүзеге асқан жоба талай жастың әлемнің ең таңдаулы оқу орындарында білім алып, тың тәжірибе жинақтауына, сол ілімді елдің дамуы жолында жұмсауға мүмкіндік туғызды. Бағдарлама әлі де жұмыс істеп келеді. Оның жалғасы ретінде Назарбаев университетінің ашылуы да үлкен жаңалық болды. Бірақ, халық санын, қала мен қала арасындағы географиялық ара қашықтықты ескерсек, Назарбаев университетінің жастардың бәрін бірдей қабылдай алмайтыны түсінікті. Демек, еліміздің әр өңіріндегі жоғарғы оқу орындарын Назарбаев университеті деңгейіне көтеруді және зияткерлік мектептер санын ұлғайтуды ойластыратын кез келгенін де ұғынуымыз керек. Себебі, елдің болашағын білімді ұрпақ қана жасай алады.

Билл Гейтстей бола аламыз ба?

Әдетте, бәленің барлығын Батыстан көретін біздің қоғамға кейде сол баяғы Американы немесе Еуропа елдерін үлгі етуге тура келеді. Өйткені, бұл елдерде қайырымдылық ​ жоғары деңгейде дамып кеткен. Өркениет атты ұлы күштің кереметі де осында болса керек.

Қараңыз, әлемдегі ең ірі қайырымдылық ұйымдар ұзақ жылдардан бері Америкада сақталып келеді екен. Ғаламтордағы түрлі дереккөздерден алынған мәліметтерге қарағанда, американдық қорлар қайырымдылыққа жылына 30 миллиард долларға дейін ақша жұмсайды. Еуропада 110 мыңнан астам халықаралық ұйым бар. Онда бір миллионға жуық адам қызмет етеді.

P.S.

Қайырымдылық бағытқа кәрі құрлық жылына 100 миллиард еуроны жұмсап отыр. Әлемдегі ең әйгілі меценаттардың бірегейі ретінде Билл Гейтстің есімі аталып жүр.​ Меценаттың өзі ашқан «Билл мен Мелинда Гейтс атындағы қордың» активтері 33 миллиард долларды құрайды. 1994 жылы құрылған қор аз уақыт ішінде әріптестерін басып озды.

Әйгілі Microsoft компаниясының иегері Билл Гейтс аз қамтылған отбасыларға, ауыр дертпен күрес жолындағы зерттеулерге, денсаулық сақтау және білім беру саласындағы бағдарламаларға қолдау көрсетіп келеді. Аталған қор қайырымдылық бағытқа жылына екі миллиард доллар жұмсайды екен. Міне, осындай атымтай жомарттыққа біздің еліміздің миллиардер, миллионерлері қаншалықты дайын? Қоғамдық сананы өзгерту, рухани жаңғыру мәселесінде осы тақырыптар да қозғаусыз қалмауы тиіс …

Ысқақ Егембердиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button