«БЕЙБАРЫС» – ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛДА
Айта кетсек, ширек финалда «Бейбарыс» қарағандылық «Бүркіт» командасымен бақ сынасқан еді. Төрт жеңіске дейін сараланатын серия қорытындысымен есеп атыраулық ойыншылардың еншісіне 4:1 болды.
Алғашқы екі ойынды өз айдынында өткізген атыраулықтар қарсыластан басым түсті. Алғашқы күнгі ойын 5:3 есебімен аяқталса, екінші күнгі ойынның тағдыры овертайм кезеңінде шешілді. Есеп — 1:0. Бұл матчта жалғыз голдың авторы атанған — Павел Акользин.
Чемпионат ережесіне сай келесі кездесулер Қарағандыда өткен болатын. «Бүркіттіктер» қарсыластар айдынында кеткен есені қайтаруға бар күшін салды. Көздегендеріне жетті де. Бірінші ойын айдын иелерінің үлесіне 4:1 есебімен аяқталды. Екінші күні Александр Истоминнің жігіттері жеңісті жібермеді. Матч шектен тыс тартысты өтті. Ойынның бірінші кезеңінде айдын иелері 2:0 есебімен алға шықты. Кейін Павел Акользин «дубль» орнатып, таразы басын теңестірсе, араға сегіз минут салып, Владимир Мамонов командасын алға шығарды.
Үшінші кезеңнің алғашқы минутында-ақ «Бүркіттің» шабуылшысы Даниил Лысый қақпамызға үшінші шайбаны енгізіп үлгерді. Осы сәтте ойын одан әрі қыза түсті. Кейін «бейбарыстық» Александр Зубков екі рет «Бүркіттің» қақпасын бағындырып, командасына үшінші жеңісті сыйлады. Есеп – 3:5.
Атыраудағы мұз айдынында өткен бесінші ойында мұнайлы өлкенің хоккейшілері төрт рет Максим Грязнов қорғап тұрған қақпаны бағындырды, ал, қарағандылықтар тек Максим Богатыренконың шайбасымен ғана жауап қайтара алды.
Сөйтіп, «Бейбарыс» жартылай финалға жолдама алды. Бұл додағы қарсыласымыз – Көкшетау қаласының «Арлан» командасы. Ойын үш жеңіске дейін жалғасады. Алғашқы матчтар қарсыластар айдынында 16-17 наурыз күндері өтеді.
Жеңісті сәттерің көп болсын, «Бейбарыс»!