БЕДЕЛ БИІГІНДЕ
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өзіндік із қалдырған Әнес Бисеновке «Облыстың Құрметті азаматы» атағын табыстап, кеудесіне төсбелгісін қадаған аймақ басшысы оны атаулы оқиғамен құттықтады. «Облысымыздың дамуы үшін өз заманыңызда уақытпен санаспай еңбек ете жүріп, бітірген істеріңізді халық жақсы біледі. Комсомол және партия, атқарушы органдар мен мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызметтер атқара жүріп, сіз іскерліктің ерен үлгісін көрсете білдіңіз» деп атап өтті. Ардагерлердің қашан да қандайма болсын құрметке лайық тұлғалар екендігін айрықша атаған облыс басшысы одан әрі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын насихаттауда және жүзеге асыруда ақсақалдар қауымының қоғамды қозғаушы күш болып табылатындығын жеткізді.
Осынау құрметі үшін облыс басшысына ризашылығын жеткізген еңбек ардагері Әнес Бисенов әркез сапта екендігін, өңірдің болашағы үшін қашан да өз үлесін қосуға дайын екендігін айтты.
Осы жерде айта кеткен жөн, әр жылдары түрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған Әнес Бисенов КОКП ХХVІІ, Қазақстан Компартиясы ХІІІ, ХІV, ХV және ХVІ съездерінің бірнеше рет делегаты болып сайланды. Облыстық, қалалық және аудандық комсомол мен партия конференцияларының делегаты, атқару кеңестерінің депутаты болды. «Құрмет белгісі» орденімен, өзге де ондаған медальдармен наградталды.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ,
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.