БАТЫРЖАН МАНСҰРОВ, ҚМДБ-НЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ӨКІЛІ, «ИМАНҒАЛИ» ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰРПАҚҚА АМАНАТЫ
«Көшпенді қазақ өркениетіміздің ұлттық нышандарының бірі – Наурыз мерекесі. «Наурыз» сөзі – зороастризм сенімінде болған парсы елінің тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның шығу тарихын кейбір ғалымдар зороастризммен, отқа табынумен, ал кейбір тарихшылар Парсы патшалығының жорықтарымен байланыстырады. Зороастризм сенімі бойынша жақсылықтар жарықтан, жамандықтар қараңғылықтан бастау алады.
Біздің ұлтымыз Наурыз мерекесінде отты алаулатып жағу үрдісін үзген. Себебі, отқа табыну Ислам сенімі бойынша Аллаға серік қосу болып табылады. Қазіргі таңда Наурыз мейрамы – діни мереке емес, ұлттық мереке ретінде тойланады. Ал, Ислам дінінде негізгі мейрам Ораза айт пен Құрбан айт болып саналады.
«Әдет-ғұрып» фиқһ қағидасы бойынша, елдің бұрынғы салт-дәстүрлері Ислам негіздеріне қайшы келмей, қоғамдық қатынасты оң реттеген болса, бұл салт-дәстүрлер сақталады. Бүгінгі дәстүріміздегі Наурыз мерекесінің Исламға ешқандай алабөтендігі жоқ. Бұрынғы Наурыз мерекесін от жағып қарсы алушылық дәстүрімізден әлдеқашан шығарып тасталған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде «Амалдар ниетке байланысты…» деп атылады. Демек, біздің ниетіміз отқа табыну емес, салт-дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында, оны сақтай отырып, келешек ұрпаққа жеткізу. Сол үшін де ұлтты ұйыстыратын халықтық мерекелерімізге, ділімізге, тарихымызға, әдет-ғұрпымызға қарсы тұрмауымыз керек. Дәстүрдің дұрыстығы дініміздің тірегіне айналарын да бір сәт жадымыздан шығармағанымыз абзал».