БАТЫР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰРПАҚТАРЫ
Тамаша сахналық қойылыммен ашылған шарада бейбіт тірліктегі ел халқы – жастары мен жасамысы көшеде қыдырыстап жүреді. Кенет көшедегі радио торабынан елдің тынышын алған қара хабар беріледі. Мұны естіген жұрттың дегбірі кетіп, әбден абдырайды. Бұдан әрі сахнаға әскери киім киген қыздар көтеріліп, сол кездегі «Темная ночь» әнін нақышына келтіре орындады.
Алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Құрметті журналисі Любовь Монастырская сөз алды. Ол сұм соғыстың оты шарпымаған отбасы кемде-кем шығар дей келіп, өзінің әкесінің де соғыстан балдақпен оралғаны жайында естелік айтты. Ал, соғыс ардагері Орынғали Қарасаев 1942 жылы әскер қатарына алынғанын, соғыста талай қиындық болғанын, елге оралғаннан кейін бейбіт өмірдегі еңбек жолы жайында баяндап берді. «Ерен еңбек пен ерлік бағаланбай қалмайды. Сондықтан Отан үшін адал еңбек етіңдер, ел үшін ерлік іс тындырыңдар, қарақтарым!» — деді жас ұрпақ өкілдеріне қарата соғыс және еңбек ардагері.
Осынау кездесу кешіне арнайы шақырылған батырдың жиені Тамара Иконникова балғын балалық шақтан есте қалғандарын айтты. Ол өзінің Кеңес Одағының Батыры Александр Афанасьевтің кіші қарындасының қызы екенін, кішкентай Сашаның жас шағында өте сезімтал, бауырмал бала болғанын әңгімелеп берді. Мұнан әрі сөз алған «Мирас» іздестіру отрядының жетекшісі, белгілі өлкетанушы В.Афанасьев өзінің батыр ұрпақтарын қалай іздестіргені, олармен қай кезде кездескені жайында тың деректер айтса, запастағы әскер М.Тоқмамбетов өзі қатысқан ауған соғысы, біздің әскерлердің ерлігі хақында жастарға үлгі аларлық оқиғаларды әсерлі әңгімелеп берді.
Мектеп-лицейдің өнерлі шәкірттері – әнші қыздар «Әлия», Л.Плузиан «Катюша» әндерін тамаша орындаса, «Камелия» би тобы әскери қыздар биін биледі. Ал, мектеп-лицей басшысы Д.Балтабекова кездесу кешіне келген қонақтарға шәкірттер атынан көптен-көп алғыс айтты.
Лиза СЕЙТІМОВА.