Жарнама
Қоғам

БАТЫР АТАҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН

— Иә, майдан даласында мерт болған Жәміл мен Рахым ағаларымның қанды шайқастардан басқа көрер жарығы қалмаған ғой. Сол боздақтардың көзіндей болып қазір мен ғана отырмын, — деп күрсінді Шәміл қарт. Оның өзі 1930 жылы Новобогат (қазіргі Хамит Ерғалиев ауылы) селосында туған. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Зейнет жасына шыққан соң да, біраз жыл білім беру саласында абыройлы қызмет қылған. Бүгінде Атырау қаласында кенже ұлы Жайлыбек және Бауыржан, Төлеухан атты немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп отыр. Сонымен, негізгі әңгімемізге көшелік: 

Ағайынды қос  батыр

…Шәміл ақсақалдың үлкен ағасы Рахым Жұмашев та 1909 жылы Қамысқала селосында дүниеге келген. Ол есепшілікті меңгеріп, 1932 жылдан бастап Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы бірлестігінде қызмет етіпті. Осы жылы Нәсима Отарқызымен бас қосып, отбасын құрады. Кейін колхоздарда бас есепші болып та жасайды. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған екен. Содан «хабар-ошарсыз кеттіге» саналған оның дерегін Шәміл бауыры жетпіс жылдан астам уақыттан бері іздестірумен келеді. Кейін Беларусь Республикасы Витебск облысындағы Паново ауылында болған шайқаста 1944 жылы ерлікпен қаза тапқандығы белгілі болды. Сөйтіп, сол елдегі бауырластар зиратынан мәңгілік мекені де табылды.

Алайда, Шәміл Кәкішұлы іздестірулерін жалғастыра берді. Соның нәтижесінде Рахымның соғыстағы ерліктерін растайтын награда құжаттары жуырда сол Беларусь еліндегі мұрағаттан табылды.

— Іздестіре берсе, табылмайтын дерек, аршылмайтын ақтаңдақ жоқ екен. Одан кейінгі ағам, елу жауынгерден құралған взвод командирі болған, аға сержант Жәміл Жұмашев та – сұм соғыстың құрбаны, — деп жанары жасаурай еске алды Шәміл қария. – Ол да 1919 жылы Новобогат ауданының орталығында дүниеге келген. Соғысқа дейін Жәміл де есепшілік қызмет атқарды. Оның «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған құжат қағаздары жақында ғана табылып, ерен ерлік үлгісі бүгінде толығымен расталып отыр. Бұл сүйінішті хабар бүкіл әулетіміздің мерейін өсірді. 

Жәміл жауынгердің жаңа  дерегі

— Жәміл ағамызды Жалғансайдан шығарып салғанымыз күні бүгінгідей көз алдымда. Ауылдан аттанған сарбаздардың бәрі де пойызға мініп, Сталинград қаласына тұрақтағандарынан хабардар болдық. Ағамыздың екі рет ауыр жараланғаны жөнінде хат келгенде, «бәлкім, ауылға оралып қалар» деген үмітпен үздіге күттік. Хабар болмады. Кейін анықтағанымызда, Қазақстан Республикасының Германиядағы елшілігі оның 1945 жылы 27 сәуірде Темпельхоф ауданында ерлікпен қаза тауып, сондағы бауырластар зиратында жерленгенін хабарлады. Сол жылы оны бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапаттау жөнінде бұйрық шыққан екен. Әттең, ол күнді көру ағамыздың пешенесіне жазылмапты, — деп еске алады Шәміл ата.

Жауынгер Жәміл Украинаның оң және сол жағалауын азат етіп, Барвенково-Лозовская, Изюм-Барвенково, Люблин-Брест, Висло-Одерск, Варшава-Познанск, Зеловск-Берлин операцияларына, Берлинді қоршауға алуға қатысыпты. Автоматшылардың орталық батальоны мен 65-ші танк бригадасында ерлігімен көзге түсіп, жауынгерлерін жеңіске жігерлендіріп отырған. «Взвод командирі Ж.Жұмашев 1944 жылдың 14 шілдесінде Любомль қаласына алғаш басып кіріп, бір өзі қолындағы автоматымен он тоғыз солдаттың көзін жойды, үшеуін тұтқынға алды…» делінген ол туралы мұрағат құжаттарында.

Шәміл атамыздың қаламыздағы Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектепте оқитын Төлеухан атты немересі бар. Сегізінші сынып оқушысы ғаламтор желісі арқылы Мәскеу облысының Подольск қаласындағы ресейлік қарулы күштер мұрағатына шығып, аталары жөнінде деректер іздестірген. Нәтижесінде, осыған дейін белгісіз болып келген құнды мәліметтер анықталып, тың дәйектермен танысуға мүмкіндік туды.

Құжаттар не  дейді?

… Мұрағаттан табылған құжаттарға жүгінсек, 1945 жылдың 7 мамырында, Жеңіс күніне екі күн қалғанда жоғары мемлекеттік награда – «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайықты деп көрсетіліп, 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы гвардиясының командирі, полковник Марченконың қолы қойылған шешімі шығады. Мұны 28-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі, генерал-лейтенант Рыжов та растап, мөр басқан. Құжаттың артына әскери қолбасшы, генерал-полковник В.Чуйков, әскери кеңес мүшесі, генерал-майор А.Прониннің де келісімдері тіркеліпті.

— Жәміл ағамыз тұтқында да, оккупацияда да болмаған. Керісінше, Берлин қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде гитлершіл солдаттардың жасырынған ошағын табады. Гранаталарды қарша боратып, екі неміс пулеметін және қолдағы автоматымен жиырма неміс солдатының көзін жояды. Өкінішке орай, бұл Жәміл ағамыздың ақырғы шайқасы болды. Сөйтіп, атақты 39-шы Барвенков гвардияшы атқыштар дивизиясының 117-ші полк командирі Русаков оны «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады.

Ол Днестр өзенінің оң жақ жағалауында да жау бөлігіне қарсы тұрып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Осындай батылдығы үшін жауынгер үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен де марапатталғаны белгілі болды. Тағдырдың жазуымен марапат қағаздары тек жетпіс жылдан соң ғана табылып отыр. Кезінде соғыс үстінде шұғыл жерленген жауынгерлердің мәйіті кейін қазып алынып, жаңа жерге көшірілді. Бірақ, нақты қайда екені әзірге белгісіз. «Ағамыздың мүрдесі қазір қайда жатқандығы бір Құдайға аян. Ұрыс даласынан қайтпаған, әрі батыр атағына ұсынылған ағамыздың аты өшпесін деген ниетпен оның есімімен шөберемді атадым» дейді Шәміл ақсақал.

Айта кету керек, бұған дейін ескерусіз қалған, бірақ күллі Кеңес Одағы мойындаған ерлік даңқы – бір әулетке ғана емес, қаймана қазақ жұртына ортақ мұра, ұрпақтар ұлықтар ұлағат. Бұған ешкімнің де таласы жоқ. Тек боздақтарымыз мәңгілікке тыныс тапқан жер ұшығын тауып алу мұң болып отыр. Әйтсе де, көңілі алаң қарияның Алладан алақан жайып тілегені әлі-ақ түгенденіп қалар деген біздегі үміт оты да сөнбек емес.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button