Жарнама
Қоғам

Бата беру: оның мәнін қалай түсініп жүрміз?

Қазақ – өнегелі өсиеттері қалған айтулы абыздар мен әділ билігімен есімдері елінің есінде сақталған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сынды тарихи тұлғалардың баға жетпес баталарымен сусындап өскен халық. Сондықтан, ұлтымызды батасыз дей алмаймыз. Батаны жұртымыз қасиетті қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Десек те, бүгінде батаның «бағын» байлап, сылдыр сөзбен қайыратындар бар. Қасиетті сөздің қадірін кетіріп, тілек пен батаны шатастырып жүргендер де жоқ дей алмаймыз.  Жалпы, біз бұл дәстүрді қаншалықты дәріптей алып жүрміз? Талайдың жолын, бағын ашқан батаны бүгінгі ұрпақ қалай бағалайды?

BATA-620x330

Тәрбиенің бастау бұлағы

Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, үлгі-өнегесі мол ұлтымыз батаға да бай. Ұлттың мәдени байлығы, рухани қазынасы саналатын бата сөздерінің мән-мағынасы, қадір-қасиеті ерекше. Ата-бабалардың қасиетті өсиеті ғасырлар бойы жинақталып, ой елегінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. «Халықтың тілек-батасы жас ұрпақты әдепті, сабырлы, арлы болып өсуге баулиды. Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға талпынтады» дейді үлкендеріміз.

Иә,  өйткені, ақыл, нақыл сөздер тәрбиенің бастау бұлағы. «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас», «Батамен – ел, жаңбырмен жер көгереді» деген мақалдан, қазақтың батаның бағасын қалай бағамдағанын білуге болады. Ата-ананың ақ батасын алмаған ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр болатынын айтып, жастарды үлкенді құрметтеуге, жақсылық жасауға баулыған. Батаны киелі, қасиетті санап қана қоймай, селкеусіз сене де білген. Кісілікке, имандылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытатындықтан батагөйлеріміз жастарға батаны барынша шын көңілмен, мазмұнды беруге тырысқан.

Батаның түрі өте көп. Ұл-қыздың өркендеп өсуі, шілдехана, тұсаукесер, тіпті атбайлар ұлға, от жағар қызға беретін бата да сан түрлі. Сол сияқты ас қайырғанда, дастархан иесіне риза болғанда, той-жиында, Наурызда, жарапазан айтқан жастарға беретін бата түрлері да аз емес. Алайда, «осынша рухани байлығымыз уысымыздан шығып, жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей ме?» деген қорқыныш бар. Оның себебі де жоқ емес. Қазір бата берер бірен-саран үлкендерді ғана білеміз, ал, басым көпшілігі ас қайырудың өзінде абдырап, не болмаса бір-екі жаттанды сөздермен ғана шектеліп жатады. Әсіресе, мұндай келеңсіздіктерге қыз ұзату, үйлену тойларында куә болып жүрміз.

Баласына той жасаған ата-ана ең алдымен үлкендердің батасын алсын деген ниетпен дастархан жаяды. Бірақ, баталы сөз ести алмай «әттеген-ай» дейтін сәттер  аз болмайды. Көпшілігі «бақытты болыңдар, басқа не айтайын» деген бір-екі ауыз сөзбен ғана қысқа қайырып, тосылып қалады. Ал, олардан үлгі алып жатқан ұрпақ та сөзге шорқақ болып барады. Өйткені, «бақытты болыңдар, бақыттың ішінде бәрі бар» деген жаттанды сөзді де жастардың аузынан жиі еститін болдық. Сондықтан, бата беру дәстүрін дәріптей түсу қажет-ақ.

Батагөйлер байқауы

Бата беру дәстүрін насихаттау мақсатында Атырауда жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. «Батамен ел көгерер» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Биыл бұл үрдіс аймақтық батагөйлер байқауы ретінде жалғасын тауып, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында іріктеу сайыстарынан өткен 21 қария бақ сынаған болатын. Сайыста аузы дуалы, шешен тілді Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Ертай Сердалин байқаудың бас жүлдесін, ал, атыраулық Уахит Әділов бірінші орынды иеленді. Мақала жазу барысында атыраулық жүлдегер батагөймен тілдесіп көрген едік.

«Батаның өзі елді ынтымақ, бірлікке үндейді. Үлкен мен кішінің жолын ашып, алдағы өмірге деген мақсат-мұратын айқындайды. Батаның адам өміріндегі құдіретті күш екенін қазақ халқы о бастан-ақ білген. Алға қадам басып, қандай бір іске кіріспес үшін, Алладан ризашылық тілесе, үлкеннен бата сұраған. Сондықтан, ақ батаны халқымыздың арқасүйер теңдесі жоқ асыл қазынасы мен қасиетті тұмары деп білеміз. Батаны жасалып жатқан істің, тойдың бағытына байланысты лайықтап айтсаң, сөзің де мәнді шығады» деген ол «Бата – алтын қазына», «Таңдаулы бата жинақтары» атты кітаптардан оқитынын, кейбір кездерде сөз орамдарын өз ойынан қосатынын айтты. Жасы біршамаға келсе де жастарға бата беріп білмейтін қариялардың барын жоққа шығармаған ақсақал ондайларға «Пайғамбар жасына жеттіңіздер, дастархан басында үлкені сіз боласыз, бата беріп үйреніңіз» деп айта жүретінін сөз етті. «Мен Қазақстанның   батыстағы төрт облысында жұмыс жасадым. Ақтөбеліктер дәстүрінде үй иесі келген қонақтың біреуіне ас қайырыңыз десе, енді біреуінен міндетті түрде бата сұрайды. Ас қайыру аса қиын емес, бірақ, бата беруде көп тосылып қаласың. Сондықтан, ыңғайсыз жағдайда қалмас үшін сол өңірде жүргенде бата беруді үйрене бастадым. Қазір ауыл-аймақтың азаматтары «балама бата беріңізші» деп жатады» деген қария бата дәстүрін насихаттай түсу қажеттігін алға тартты.

Қайыржан МАХМУТОВҚР Мәдениет қайраткері:

Ұлтты рухани құндылық сақтайды    

– Өкінішке орай, әлі күнге дейін бата бере білмейтін үлкен кісілер бар. Халық Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі идеясына орай, бата беруге көңіл бөліп, ұрпағына саналы сөз айта білсе, онымен сусындап өскен ұрпақ та байтақ даланың бағын аша түсер еді. Сондықтан, насихат жұмыстарын күшейту керек деп ойлаймын. Батаның түрі көп. Өзім соның жиырма шақтысын жатқа білемін. Көпшілігін ескі латын қаріптерімен жазылған оқулықтардан үйрендім. Шамам келгенше, жастардың үйлену және қоныс тойларында, өмірге сәби келген сәттерде, адамдардың кішпейілдік танытып, қолғабыс еткен кезінде, жақын-жуығым алыс жолға сапарлаған уақытта батамды беремін. Арнайы бата сұрап келгендердің де қолын қақпаймын. Бата – киелі. Әсіресе, адам есейген шақта оның мәнін ұғынып,  үйренуге жұмыстануы қажет. Себебі, алма-кезек өмірде бұрын оған біреу бата берсе, оның да өзгеге бата берер уақыты келеді. Осылайша біз, бұл құндылығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырамыз.

Шілдеханада: «Азамат болсын көрікті, Ғұмыры ұзын берікті, Қолқанаты көп болып, Артынан ерте берсін серікті» десе, тұсаукесер рәсімінде: «Елін қорғайтын батыр болсын, Шындықты айтар ақын болсын. Халқым деген жүрегі болсын, Жұртының қамқор тірегі болсын!» деп бата берген.

Халқымыз ұрпағына мейірін төккенде: «Бәйтеректей бүрлі бол, Атқан таңдай нұрлы бол! Толған айдай ажарлы бол, Қызығы мол базарлы бол! Ағайынға аялы бол, Айналаңа саялы бол! Ата-анаңа мейірлі бол, Ел-жұртыңа пейілді бол! Ақ отауың басқа толсын, Қара қазаның асқа толсын» деген.

P.S. «Шырағым, ер жетерсің, Ер жетсең, сірә, нетерсің. Алысқа шырқап кетерсің, Шындасаң, шыңға жетерсің». «Абай жолы» романында Дулат ақынның жас Абайға берген осынау батасының ұлы ақынға жол ашар болғаны айтылады. Бабалар батасының бағын ашар кез келді. Өйткені, әлемдік өркениеттің жақсысын ғана ала отырып, өзіміздің еш асылға теңгермейтін құндылығымыздың құнын білу –  парыз.

Мәлике Қуанышева

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button