«Басты мотивациям — балаларым» дейді алтын құрсақты ана Амангүл Мурханова
Atr. kz / 16 – ақпан. Бақыт дегенді әркім әрқалай ұғынады. Бірақ, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Амангүл үшін бақыт дегеніңіз отбасының амандығы.
Жұбайы Абатпен он сегіз жыл отасқан Амангүл осы уақыт аралығында Серікқалиевтар әулетіне бес бала сыйлады. «Абат екеуміз танысқан кезде маған оның қарапайымдылығы қатты ұнаған еді. Мінезі жайлы, қарапайым жігіттің отбасы алдындағы жауапкершілігі де жоғары болады деп ойладым. Қателеспеппін. Техникумда оқып, кейін қарапайым механик ретінде еңбек жолын бастаған Абат ұзақ жылдар жұмысшы болып жүрді. Екеуміз шаңырақ құрғаннан кейін мен тоғыз жыл үй шаруасында отырып қалдым. Себебі, үйдегі анамыздың қалауы осы болды. «Шырағым, келін болып келдің. Ендігі міндетің өмірге ұрпақ әкеліп, тәрбиелеу» деген еді сол кезде анамыз. Абаттың маған деген көңілінен, енемнің ақ жаулығынан аттап кете алмадым.
Өмірге екі ұлым мен қызымды әкелдім. Мамандығым бойынша еңбек жолымды тоғыз жылдық декреттік демалыстан кейін жалғадым. Қазір ешнәрсеге өкінбеймін. Үлкен ұлым Айсан колледжде оқып жатыр. Айболат Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 сыныбында оқиды. Әйгерім №19 Сәтбаев атындағы мектеп гимназиясының 6 сыныбында. Дінмұхаммед дайындық тобына барып жүр. Кенжеміз Азат бір жаста. Жолдасым мұнай саласында. Десе де, өзімізді мұғалімдердің әулеті ретінде санаймын. Себебі, енем де, мен де мұғалімбіз.
Қазақта «қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз текке айтылмаған. Біздің шаңырақтың берекесі — төрімізде отырған ақжаулықты анамыз. Сіңлілерімді, жас келіндерді үлкендерді сыйлауға шақырар едім. Үйде гармония болса, басқа дүниенің барлығы өздігінен реттеліп жатады. Алла берсе, бала санын шектегіміз келмейді. Себебі, «балалы үй базар» деп тегін айтылмаған. Көп балалы болу ең үлкен бақыт. Осындай мықты мотивациясы бар ата-ана қандай қиындықты да жеңіп шыға алады» деп аяқтады бізбен әңгімесін бес баланың анасы Амангүл Мурханова.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.